Метапневмовирус қаншалықты қауіпті, облыстағы жағдай қандай?
- author «Ақ жол»
- 14 қаңтар, 2025
- 102
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, аймақта жіті респираторлық вирустық инфекциялар, оның ішінде метапневмовирустық жұқпа мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.
– Ағымдағы эпидемиялық маусымда 2024 жылдың қазан айынан бастап 2025 жылдың 9 қаңтарына дейін облыстың медициналық мекемелеріне жіті респираторлық вирустық инфекциялар диагнозы қойылған 115 930 науқас жүгінді. Оның 63 пайызы, яғни 73025 науқас 14 жасқа дейінгі балалар болса, 1,7 пайызы, яғни 2027 науқас 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, 0,6 пайызы жүкті әйелдер. Олардың ішінде 290 науқаста тұмаусыз вирустарға және 97 науқаста тұмау вирусына зертханалық оң нәтижелер анықталды, 60 пайыздан астамы қалалық балалар арасында анықталды. Клиникалық хаттамаға сәйкес барлық науқастарға тиісті ем тағайындалды. Бүгінгі таңда 449 науқас стационарлық жағдайда емделуде. Коронавирус немесе метапневмовирустық инфекцияға шалдыққан науқастар жоқ, өлім жағдайлары тіркелмеген. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдыққан науқастарға уақтылы көмек көрсету үшін инфекциялық стационарлар, бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) мекемелері және жедел жәрдем қызметі толық дайын. Биылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша, облыста 623 инфекциялық төсек-орын әзірленген, оның 440-ы (70,6%) бос емес. Қалған 183 орын резервте. Сонымен қатар, 60 реанимациялық төсек-орынның 9-ы (15%) бос емес, 51 орын резервте. Стационарлар қажетті жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген. 300-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты, 400 мыңнан астам қорғаныс құралдары (маска, халат), 10 мың термометр, 4 мың пульсоксиметр бар. Он мыңнан астам инфекционист-дәрігер, учаскелік дәрігер және басқа да медициналық қызметкерлер дайындықтан өтті, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.
Ерік Тілләбекұлының айтуынша, шұғыл қоңырауларды қабылдау үшін 30 қосымша телефон желісі іске қосылған. Онлайн жазылу, call-орталықтар мен 50 автокөлік қызмет көрсетуде. Қорда вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер жеткілікті. Нақты айтсақ, 40 мыңнан астам капсула «Тамифлю», «Реленза», 10 мыңнан астам «Оксолин» майы және басқа да дәрі-дәрмектер бар. Амбулаторлық деңгейде жедел респираторлық вирустық инфекция науқастарына үйге барып қызмет көрсету үшін 150-ден астам мобильді бригада жұмыс істейді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бар науқастарға арналған сүзгілер мен изоляторлар ұйымдастырылған. Стационарларда температурасы көтерілген науқастарды қабылдауға арналған диагностикалық палаталар мен бөлек қабылдау бөлімдері жұмыс істейді.
– Тұмау мен оның асқынуларын алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. 2024 жылдың қазан-қараша айларында 123 128 адамға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есептегі балаларға, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тұрғындарына тұмауға қарсы екпе жасалды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс бойынша бекітілген вакцинация схемасына сәйкес, бір жасқа дейінгі 20440 бала пневмококк инфекциясына қарсы 3 вакцинация алды. Prevenar 13 вакцинасымен пневмококк инфекциясына қарсы екпе алған балалар пневмонияның ауыр түрлерінен, ортаңғы құлақтың отиттерінен, синуситтерден және олардың асқынуларынан, яғни менингит, сепсис және тағы басқаларынан қорғалады. Облыста пневмококк инфекциясына қарсы егу жұмыстарын жүргізу 2025 жылы да жалғасуда. Жедел респираторлық вирустық инфекциялар – тұмауды, тұмау емес вирустық инфекцияларды, соның ішінде метапневмовирусты, коронавирустық инфекцияны біріктіретін, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарында және өкпеде қабыну процестерін тудыратын әлемдегі ең көп таралған аурулар тобы. Вирустар науқас адамнан сау адамға ауа тамшылары және тұрмыстық байланыс жолдарымен жұғады. Барлық жастағы адамдар, әсіресе жас балалар, қарт адамдар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар ауырады. Инфекцияның клиникалық белгілері бронхитпен, пневмониямен, менингитпен, адамның өмірлік маңызды мүшелерінің зақымдануымен, уақтылы медициналық көмекке жүгінбегеннен және емдеуді бастағанда асқынуы мүмкін. Асқыну қаупін азайту үшін аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде учаскелік дәрігерге қаралып, медициналық көмекке жүгіну керек. Дәрігерді үйге шақырып, ем-домды алу бойынша оның ұсынымдарын қатаң сақтау қажет. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдамаған жөн. Өзін-өзі емдемеу қажет. Инфекция кез келген уақытта жұғуы мүмкін, бірақ бұл әсіресе көктемде және күзде, дәрумендер мен температураның өзгеруіне байланысты иммунитет әлсіреген кезеңдерде жиі кездеседі. Асқынбаған ЖРВИ, соның ішінде метапневмовирустық инфекция медицина қызметкерінің ұсыныстары мен тағайындауларын орындаған жағдайда 7-10 күнде толығымен жойылуы мүмкін, – деген Ерік Тілләбекұлы барынша сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Ал, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 13,3 пайызға төмендеген.
– Респираторлық вирустардың айналымын анықтау мақсатында науқастардың 680-нен астамынан материал зерттелді, нәтижесінде RS вирустары (37%), А және В типті тұмау вирустары (20%), риновирус (17%), парагрипп вирустары (11%), аденовирустар (10%), метапневмовирустар (3,6%), бокавирустар (1,4%) байқалды. Тұмау және басқа жіті респираторлық вирустық инфекциялар ауырған адамдар саны бойынша бірінші орында тұр. Тұмау вирусы және метапневмовирус әсіресе балалар мен қарт адамдарға қауіпті. Себебі, бұл жастағы адамдарда тұмау өте ауыр түрде жүреді, ауру кезінде дамуы мүмкін асқынулар болады. Ауруды емдеу дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс, ол пациентті тексергеннен кейін ғана емдеу режимін тағайындап және басқа да ұсыныстар береді. Тұмаудың алғашқы күндерінде антибиотиктерді қабылдау арқылы адам үлкен қателік жібереді. Антибиотиктер вирусты жеңе алмайды, сонымен қатар, олар қалыпты микрофлораны өлтіреді және иммунитетті әлсіретеді. Антибиотиктерді дәрігер бактериялық инфекцияның қосылуынан туындаған асқынулар дамыған жағдайда ғана тағайындайды, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова.
Жаппай карантин болмағанымен әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған дұрыс. Сонда ғана жұқпалы дерттің жайылмауына ықпал ете аламыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді