Қазақ-қырғызды қамтыған оқиға туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Қазақтардың ендігі жауы Түркістанды, Созақты, Сайрамды, Шу мен Ташкенттің арасындағы және басқа да қалаларды қазақ сұлтандарынан тартып алып қойған қырғыздар еді... 1770 жылы Абылай қырғыздарға аттанды... Бұл жайында «Жайыл қырғыны» атты аңыз күні бүгінге дейін бар», – дейді.
Тарихи тізбекке үңілсек, бұл уақыт жоңғар-қазақ, қазақ-қытай арасындағы шайқастардан кейін Абылай ханның Ресей, Цин империясымен қарым-қатынастарын реттей бастаған кезеңі еді. Бұған дейін Жоңғар хандығынан қалған жерлерді иемденуге күш салып, ойдағысын сәтті жүзеге асырған Абылай хан оңтүстік көршілермен де бірлі-жарым қақтығыстарды бастан өткереді. Дегенмен, Жетісу аймағындағы қалмақ басқыншыларынан бос қалған қазақ жерлеріне қырғыз ағайындардың шындап таласа бастауы қазақ тарапы үшін ойламаған жағдай еді. Қырғыздың Садыр, Жайыл манаптары бастаған қарулы қол елдің тыныштығын алады. Жайылдың ұлы Теке өзіне қарасты елі мен қырғыздың бұғы тайпасынан әскер жасақтап, қазақтарға қарсы тонаушылық соғыс жүргізеді. Алғашқы кезде көптеген қазақ ауылдарын шауып, жеңіске жеткен Теке Қаратаудың үстімен Түркістан мен Созаққа аттанады. Қалмақтармен соғысып тосын келген жауға тойтарыс бере алмай қалжыраған ел әбігерге түседі. Екі ел арасындағы дау-дамайдың үлкен қарулы қақтығысқа соқтырмай қоймайтынын сезген ел ағалары сол сәтте жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан Жауғашты Арқадағы Абылай ханға дұғай сәлем айтып, көмек шақыруға жібереді. Бұл оқиға Шоқан Уәлихановтың «Абылай туралы жырында» да кеңінен айтылады. Жырды Шоқан 1855 жылы ел аузынан өз қолымен алғаш хатқа түсірген. Араб жазуымен жазылған жырдың түпнұсқасы Мәскеуде сақталып, оны академик Әлкей Марғұлан 1984 жылы Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағына араб жазуымен кіргізіп, соңына орысша аудармасын қоса береді. Бір өкініштісі, осы жыр қазақ жазуында тұңғыш рет 1993 жылы ғана жарияланып, 1995 жылы екінші рет жарыққа шыққан. Бұл екі басылым Әлкей Марғұлан жариялаған араб жазуымен берілген нұсқадан аударылып, 2010 жылы шыққан «Бабалар сөзі» сериясының 57-томдығына енгенімен, әлі де қателіктердің бар екендігі анықталған.
Жырда он бес жасар Жауғаш батырдың Абылайдан көмек сұрай келуі былай суреттеледі:
– Анау бір Садыр аттанды,
Аттанды да баптанды.
Қазақ бір ойға түскенде,
Тыныш ұйықтап жатпады…
«Төрт кісіні басшы алып, бес кісіні қосшы алып», Арқадағы хан ордасына келген Жауғаш батырға Абылай қырғыз хабарын тыңдап болып, былай деп жауап береді:
– Ай, Жауғашым, Жауғашым,
Сен бара тұр, бара тұр!
Сүмбіле тусын жылтиып,
Ат семірсін құнтиып.
Мен Садырға қылайын,
Баяғыдай болайын.
Пана бергей Құдайым…
Ақыры хан әскеріне атқа қонуға бұйрық береді. 1770 жылдың көктемінде Абылай ханның сарбаздары ат басын Ташкентке тірейді. Меркіге дейінгі жол бойы қырғыздарды тықсырып, Қорағаты өзенінің жағасына келіп шатырын тігеді. Бұл кезде Құлан да, Меркі де қырғыздардың қол астында болатын. Бұл туралы қырғыз тарихшысы Белек Солтанаевтың «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабының екінші томында: «Көктемде Абылай Тәшкеннен келіп, Меркінің батыс жағында Қорағаты өзенінде Түйіскен деген жерде қолымен жетіп, тоқтаған соң «қырғыздың жауабын алып кел!» деп Жауғашты жөнелтеді. Ханнан бұйрық алған Жауғаш солты руының қырғыздары Жайыл мен Момақанмен сөйлесіп, олармен келісе алмай, көңілі бұзылып қайтқан», – дейді.
Ақыры істің оңай шешілмесін түсінген Тұрсынбай батыр шешуші сәтте ханды шабуылға шығуға үндейді:
– Шабындының ішінде,
Қос айдарлы ұл кетті,
Қос тұлымды қыз кетті.
Кел шабалық, хан! – дейді …
Қырғыз қолының басшысы Садырдан мардымды жауап болмаған соң Абылай Меркінің жанындағы Мөңкенің Ақшиіне туын тігіп, солты руына шабуыл жасайды. Ұрыс кезінде Жайыл батыр, Теке және сарыбағыш руынан шыққан қырғыз батыры Әтеке-Жырық Абылай хан әскерін тар шатқалда ор қазып, ордан соң ірі қара малды байлап, өздері мінген аттарын қалқан етіп, мылтықпен қарсы алады. Хан сарбаздары ағаш кесіп, соны қалқан етіп шабуылға шығады. Қырғыз оғын дарытпай орға жетіп, қолдарындағы ағаш қалқандарды орға тастап өтіп, қалың малдың жібін қиып, қырғызға қарай айдайды. Қырғыздар өздеріне ыққан малды қайтара алмай қалады. Мал соңынан жеткен қазақ сарбаздары қылышпен, пышақпен қоян-қолтық ұрыс салып жеңіп шығады. Әтеке-Жырық осы шайқаста қаза табады да, басшыларынан айырылғанын көрген қырғыз жасағы шепті тастап қашады. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл жеңіске Олжабай, Байғозы, Жарылғап, Жәнібек бастаған Арқа батырларымен бірге Бердіқожа, Өтеген, Сәмен, Рысбек, Мәмбет секілді түстік батырлары ерекше ерліктерімен үлес қосқаны айтылады.
Қырғыздар санжырасында (шежіре) Абылай хан Жайылды жекпе-жекке шығып өлтірді деп көрсетіледі. Алайда, атақ-даңқы дүркіреп тұрған, сол кездің өзінде алпысты алқымдаған хан манаппен жекпе-жекке шықпайтыны анық. Оның үстіне бұл дала заңына да жат ұғым. Осы шайқаста Қоралас Жауғаш батыр өлімге кесілген Жайыл манаптың Момоқон деген інісін кепілге, ал 13 жастағы Итеке деген баласын араша түсіп, «жан сауға» деп аман алып қалады. Қазақ ханы қырғыздан салығын, «ақ үйлі» аманат және 1000 түтін қырғызды алып, Арқаға қайтқан. Оның үстіне жорыққа қатысқан әр батыр әр қос басына бір үйлі қырғыз алған. Шайқас соңында Абылай хан жас батыр Жауғашқа өз байрағын сыйға тартқан деседі.
«Жайыл қырғыны» кезінде де Абылайдың қаһарынан қаймықпай Жайыл батырдың ұрпағын, қазақ пен қырғыздың достығын сақтап қалуға Жауғаш батыр үлкен үлес қосады. Осы дәстүр Кенесары кезінде де Сыпатай батыр арқылы жалғасын табады. Осылайша, қазақ пен қырғыздың ынтымағын, достастығын нығайтуда Меркі өңірі де, оның азаматтары да шешуші рөл атқарған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді