«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасады

Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасады
Ашық дереккөз
Қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі көбінесе иелерінің жауапсыздығынан орын алуда, көшеге бос қоя жіберіп, бақылаусыз қалдырып, салдарынан елді мекендердегі босқын иттердің санын көбейтуде. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында жануарлар иелерінің міндеттері белгіленген, ол міндеттер иттерін тіркеу иелері тарапынан жүргізілуі тиіс.

Тұрғындардың басым көпшілігі сол міндеттерін орындамайды. Иттерін бос қойып жіберген иелеріне шара қолдану қала мен ауданның елді мекендерінде құзырлы мекемелер тарапынан жүргізіледі.

Заңның 11-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу сәйкестендіру бұйымдарын пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу ережеге сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Үй жануарларын тіркеу рәсімін жекеменшік клиникалардың немесе мемлекеттік ұйымдардың ветеринариялық дәрігерлері жүзеге асырады, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын, оның ішінде иттер мен мысықтарды тіркеу міндетті болып табылады.

Сондықтан үй жануарларының иелері өз жануарларын тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуі тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «Kezekte.kz» порталы арқылы «Таңба» немесе «ITcor» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі.

Жануарларға жауапсыз қарап немесе қатыгездік көрсетілген жағдайларда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің» 407-1 бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталанса, екі есеге ұлғайтылады.

Қаңғыбас иттерді аулау – адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатердің алдын алу, жануарлар аурулары мен олардың салдарларының алдын алу және жою, халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

Қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып, жүргізіледі.

Қолданыстағы заңнамалық актілердің талаптарына сәйкес, көшеде жүрген қаңғыбас жануарлар адам мен жануарлардың өміріне нақтылай қауіп төндірсе немесе ауру белгілері анықталса және де үш иттен аса топталып, үйірленіп жүріп, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіпті деп танылса, кідірмей жойылады. Адам мен жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, қаңғыбас иттерді аулау кәмелетке толмағандардың көзінше жүргізілмейді.

Қоғамға қауіп төндірмейтін деп саналған қаңғыбас жануарлар ауланып, уақытша ұстау орнына орналастырылады. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жануарларды уақытша ұстау, иелерін іздестіру бойынша хабарламалар беру панажайлардың жауапты мамандарына жүктелген.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қаңғыбас иттердің саны облыс аумағында азаймай отыр, азаматтар тарапынан «Жамбыл-109» диспетчерлік қызметіне қаңғыбас иттердің топтасқан жерлері жайлы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және шұғыл аулау жұмыстарын жүргізуді талап еткен көптеген сұраныстар келіп түсуде. Сол сұраныстар негізінде қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары жүргізілуде.

 

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар