Кешегі ат үстінен түспей Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жерімізді ұрпағы үшін қорғаған ата-бабаларымыздың асыл арманы – ел Тәуелсіздігімен бірге қасиетті жамбылдықтардың тарихындағы жаңа кезеңі, жасампаз істердің шежіресі бастау алып, тың серпінге ие болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен екі мың жылдан аса тарихы бар Әулиеата өңірі – кітап оқитын өңір болып жарияланды. Бұл өте қажетті шешім. Біз кітапханашылар осындай жобаның жүзеге асып жатқанына қуанамыз.
Жамбыл облысы мемлекеттік кітапханалар саны бүгінгі таңда 275 кітапхананы құрайды. Атап айтқанда, аудандар бойынша – 263 (233 ауылдық кітапханалар), қалалық – 8, облыстық 3 кітапхана бар. Кітап қорлары 3 миллион 800 мың данадан астам, оның 2 миллион 100 мыңға жуығы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Кітапханаларға жылына шамамен 350 мыңға жуық оқырман тіркеледі, оның 65 пайызын жастар құрайды. Облыс кітапханаларында 15 мыңнан аса түрлі форматта ақпараттық, көпшілік-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Кітапхана қызметкерлері 30-дан аса кітапханалық жоба мен 80-ге жуық мақсатты кітапханалық бағдарламалар аясында жұмыс істейді.
Жобалар екі бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – электронды немесе цифрлық коллекциялар жасау жұмыстары, яғни деректі мұралардың сақталуының тиімділігін арттыру, басылымдарға қол жеткізуді ұлғайту бағыты бойынша Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», жергілікті ақын-жазушылар шығармаларын цифрландыру, «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер. Жамбылская область: люди, события, факты», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары жүзеге асырылуда.
Соның ішінде, «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында сирек басылымдардың 362 данасы цифрландырылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық электронды кітапхананың кітап қорын толықтыруға жіберіліп, сақталуы қамтамасыз етілді. Ағартушы, демократ, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі Шоқан Уәлихановтың мұрасын жан-жақты жинақтау, зерттеу, қордағы бар мәлімет-деректерді кітапхана оқырмандары арасында кеңінен насихаттау мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Шоқан асулары» жобасы аясында кітап қорындағы 43 басылым цифрландырылды.
Жергілікті 79 ақын-жазушының 183 шығармасы цифрландырылып, электронды коллекциясы жинақталуда. Аталмыш электронды нұсқалар кітапхана сайтында орналасқан және Қазақстан ҰЭК коллекциясын толықтыруда.
Екінші бағыт – кітапханадағы сақталған бай мұраны өлке тұрғындарының игілігіне айналдыру, халқымыздың мәдени мұрасын сақтауға және оған өңір тұрғындарын, әсіресе жастарды баулу, қоғам мүшелерінің ақпараттық мәдениеті мен сауаттылығын көтеру, кітап оқуды ілгерілету, қазақстандық және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту. Жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығы мен олардың туындыларын жастар мен қалың жұртшылық арасында насихаттау мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «Жазушымен бір күн», «Ел болып оқимыз», «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге...», «Ақтарылған архив, тасқа басылған тарих», «Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі», «Журналистика – төртінші билік», «Отбасы – бақыт мекені», «Әлемді кітап арқылы танимын» және тағы басқа жобалар бар.
Кітаптың қасиеті мәңгілік. Облыс кітапханаларының әлемдік ақпараттық инфрақұрылымына қосылуы, елдің мәдени мұрасын арттыруға, сақтауға, тұрғындардың ақпараттандыру деңгейін көтеру және өз пайдаланушыларын әлемдік мәдени потенциалға қатыстыру – кітапхана қызметінің басым бағыттары.
Осы орайда облыстық мемлекеттік кітапханаларының қызметкерлері «Әулиеата – оқитын өңір» жобасы жарияланған күннен бастап бар ынта-жігерлерімен насихаттау жұмыстарына кірісіп кетті. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылып келе жатқан облыстық «Ел болып оқимыз» және «Жазушымен бір күн» жобалары аясындағы жүйелі жұмыстар жалғасады.
Бұл жобаларға тоқтала кетсек, облыс тұрғындары, әсіресе жастар арасында жергілікті әдебиет туындыларын оқу және насихаттау, өлке тарихын, табиғатын, әдебиетін насихаттау және мәдени мұрасын өркендету, жас ұрпақтың бойында өңірдің әдеби мұрасын зерттеуге деген қызығушылығын дамыту, өңір әлеуетінің оқуға деген ықыласын көтеру, оқырман мәдениетін қалыптастыру, сонымен қатар жасөспірімдердің зияткерлік-рухани дамуына ықпал жасау мақсатында жыл басынан бері «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы іске асырылуда.
Алдағы әр айда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында оқуға таңдалған авторлардың шығармашылығына арналған түрлі форматтағы мәдени іс-шарамен автордың еңбектерін зерделеу айының ресми ашылуы өтеді.
Ал, биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Кеңес Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай жоба аясында жазушының шығармашылығын насихаттау, зерделеу, жас ұрпаққа паш ету мақсатында түрлі форматта көптеген іс-шаралар циклы жоспарланып, олардың өтуіне өңірдегі барлық деңгейдегі кітапханалар атсалысатын болады. Осы орайда 14-21 және 22-35 жас ерекшелігіндегі оқырмандар арасында «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан» облыстық байқауы өткізіліп келеді.
Биыл «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу Сәрсенбаевтің 120 жылдық, қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдық, балалар жазушысы Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдық, абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының 95 жас, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 90 жыл, қоғам қайраткері Әлмұхан Исақ пен сатирик жазушы Кәрібай Ахметбекұлының 85 жылдық, ақындар – Шырын Мамасерікова мен Қайырбек Асановтың, жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның 80 жас, ақын Бауыржан Үсеновтің 65 жылдық мерейтойлары аясында белсенді жұмыстар жүргізілетін болады.
Былтыр Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – ұлттық құндылық» республикалық кітап фестивалі, Абай күніне орай өткен «Көк тұман алдындағы келер заман» тақырыбында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық байқауы көпшілік тарапынан оң бағалануда. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 85 жылдығына орай «Инновациялық даму жолындағы заманауи кітапхана» атты республикалық конференция өткізу жоспарланған.
Тағы бір үлкен жаңалығымыз – өңір қаламгерлерінің еңбектерін, прозалық шығармалары мен жыр жинақтарын облыс жұртшылығына таныстыру, жастарды кітап оқуға баулу, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Абай» баспасынан жарық көрген осы жергілікті автор кітаптарының электронды нұсқаларын «Aulieata library» («Әулиеата кітапханасы») атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде мобильді қосымшаға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы қосымшаны биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Әулиеата тұрғындарының кітап оқыған, рухани кемелдікке ұмтылғанын алдымен кітапханашылар қалайды. Осы орайда биыл біздің мойнымызға жүктелген жауапкершілік артып отыр. Дегенмен, тұрғындардың алаңсыз және сапалы кітаптарды оқуын қамту мақсатында бар күш-жігерімізді жұмсап, жұмысты жандандыра беретін боламыз.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді