«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қандауыр мен қаламды қатар ұстаған

Қандауыр мен қаламды қатар ұстаған
Ашық дереккөз
Сағындық Ордабековтің есімі елімізге қолы жеңіл хирург, қаламы жүйрік журналист ретінде кеңінен танымал. Ол туралы әңгіме қозғалса, біздің ойымызға қазақтың «Жігіттің жұмсаған күшін емес, бітірген ісін сұра» деген қанатты сөзі орала береді. Қолынан қандауыр мен қаламы түспеген, елінің игілігі жолында жарты ғасырға жуық уақыттан бері жемісті қызмет етіп келе жатқан азаматтық ізденімпаздығына, табандылығына және еңбекқорлығына тәнті боласың. Оның еңбек жолы, тындырған тірлігі – уақытты ұтымды пайдаланудың үлгісі. Оның өмір жолы, бітірген ісі – баршаға өнеге.

Адамдар денсаулығына араша болып, өңірдің және замандастарының тыныс- тіршілігін өндірте жазып жүрген оның қарапайымдылығын, терең білімін талайлар тамсана айтып жүреді. Оның осындай жақсы қасиеттеріне таяуда әңгіме барысында біз де көз жеткіздік.

Сағындық Ордабеков қазақтың қасиетті Қаратауындағы, Көсегенің Көкжонындағы Түркістан ауылдық кеңесіне қарайтын шүйкімдей ғана Үшбас ауылында қарапайым шаруа отбасында 1950 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген. Балалық шағы ел-жұрттың сұрапыл соғыстан кейін күйзеліп, әлі есін толық жия алмай жүрген ауыр жылдары өтті. Сол кезеңдегі ауыл тыныс-тіршілігін көріп, еңбекпен есейді. Бұғанасы қатпай күрек ұстап, кетпен шауып, шөп орып, мал бағып, қозы қайырып үлкендерге қолғабыс көрсетті. Өзі туып-өскен Үшбас ауылында орта мектеп болмағандықтан, бесінші сыныптан бастап совхоз орталығындағы, яғни қазіргі Әшір Бүркітбаев ауылындағы мектеп-интернатта білім алады. Ол кезде жастардың білімге деген құштарлығы, ынта-талпынысы ерекше болатын. 1969 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті үздік бітірді. Қолға аттестат тиісімен бір топ жастармен бірігіп, қолдарына чемодандарын көтеріп, білім қуып Алматыға, ондағы медицина институтына құжатын тапсырады. Жолы болып, емтиханнан сүрінбей өтіп, арман-мақсатына қол жеткізеді. Студенттік жылдары өте қызықты, бақытты, табысты жылдар болды. Студенттік жылдар бос өтпеді. Театрлар мен концерттер, көрмелер мен халқымыздың белгілі тұлғаларымен кездесулер, ой бөлісу көп болды. Көп нәрсені үйренді, бойына сіңірді, ұқты, көңіліне тоқыды, достар тапты. Саналы да білімді азамат ретінде қалыптасып, өмірге ысылды, уақытын бос өткізбей, болашақ мамандығының қыры мен сырын барынша меңгерді. Үшінші курстан бастап мейіргер болып ауруханаға орналасып, хирургиялық оталарды игере бастады. 1975 жылы дәрігер-хирург дипломымен туған өңірі Жамбыл облысына оралып, облыстық ауруханаға хирург болып орналасты. Содан бергі өмірі мен еңбегі киелі Таразда өтіп келеді.

– Мамандық таңдауда ешқашан қателесуге болмайды. Дәрігердің қызметі аса үлкен жауапкершілікті, білімділікті, ерекше қабілеттілікті, еңбекқорлықты, жайлы мінезді, бәрін қосып айтсақ, ерекше адамгершілікті талап етеді. Дәрігерлікті, оның ішінен хирургияны таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.«Ерінбеген етікші болады» деген қазақта сөз бар. Сол айтылғандай, мамандығың бойынша ерінбей еңбек етсең, ізденсең, шеберлігіңді шыңдауға, әрдайым біліміңді арттыруға ниет-ықылас етіп тұрсаң, алға қойған мақсатқа қол жеткізуге болады. Хирург болып қалыптасуыма кезінде тәжірибелі, сақа оташылар Нағым Мұқышев, Көлбай Үсенов, Евгения Константинова сынды дәрігерлердің еңбегі ерекше болды. Ғылыммен айналысуыма дәрігер-ұстазым Н.Мұқышевтің ақыл-кеңесі әсер етті. Қарап отырсам, содан бері міне 50 жылға жуық уақыт өтіпті. Оның 20 жылын облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі, зейнет жасымнан асқанша облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет етіппін. Әрине, ол жылдар бекер өткен жоқ, қолымнан келгенше өңірімізде хирургияның орынды дамуына үлес қосыппын, ауруханаларда мамандандырылған жаңа бөлімшелер ашып, сандаған оташы-мамандар, бірнеше ғалым-дәрігерлерді дайындадым. Біздің облыста тұрғындарға хирургиялық көмек әрдайым өз дәрежесінде көрсетіліп, республика көлемінде әрдайым жақсы жағынан көрініп жүрдік. Дәрігерлер арасында, әсіресе, хирургтар ортасында, сыйласу, бірін-бірі қолдау, құрметтеу, қарым-қасиет ерекше болатын, кез келген уақытта күн демей, түн демей біріне-бірі қол ұшын беруге әркез дайын тұратын, – дейді ол.

Дәрігер-ғалым Сағындық Ордабекұлы әрқашан салмақты, сөзіне нық, сенімді. Ол әлдебір пендешіліктің алақұйын әсеріне еріп, табан астынан шәт-шәлекей ашуланып, түкке тұрмайтын нәрсеге бола жүйке жұқартып жатпайды. Оның өмірлік кредосы – біреудің ала жібін аттамау, әжік-гүжік әңгімелерге араласпау, адал жүріп, ар тазалығын сақтап, адал өмір сүру, тек шындықты ғана мұрат тұту. Тағы бір ғажап ерекшелігі, таныс, бейтаныс орталарда білгішсініп, мақтанып өзін көрсетуге еш тырыспайды. Ал, орынды жерде ыңғайы келгенде өз пікірін ашық айтудан тартынбайды. Ой-пікірлері мірдің оғындай. Мына дүрбелеңге толы уақытта өз ой-пікірін қағазға түсіріп, облыстық және республикалық басылымдарға жолдап, олары жарияланып, әркез көптің ойынан шығып жатады. Әр өңірдегі әріптестерінің оны қолдауын газет- журналдардан көруге болады. Базбіреулері, тіпті, кейде телефон арқылы ой бөлісетіндері де бар. Кейде мектеп оқушылары мен студенттер Сағындықпен кездесулерде: «Медицинаның ауыр саласының бірі – хирургиямен айналысып жүріп, газет-журналдарға мақала, кітап жазуға уақытты қалай табасыз?», деп таңғалыстарын білдіріп жатады. Ондай кезде Сағындық Ордабекұлы: «Менің ойымша, әр адамның негізгі мамандығынан бөлек тағы бір қосымша кәсібі болу керек. Мен өз мамандығымды, яғни хирургияны жастайымнан сүйемін. Өйткені жасаған әр отаңнан кейін науқас дертінен айығып, «рақмет, дәрігер!» деп ризашылық сезімін білдіріп, ақ батасын беріп жатса қандай ғанибет?! Мына жарқын өмірде бекер, пайдасыз, бос жүрмегеніңді сезінуден артық дүние жоқ сияқты. Хирургиямен уақытпен санаспай қызыға тығыз айналыса жүріп, ғылыми ізденістерге де мойын бұрдым. Ғылыми журналдарға мақала жазуға төселіп, ойдан ой туып, жергілікті аймақта жиі ұшырасатын паразиттік аурулардың бірі – эхинококкоз проблемасымен біраз жыл тығыз айналыстым. Тіпті, Кеңес өкіметі ыдырамай тұрғанда Таразда эхинококкоз прблемасын зерттейтін аймақтық ғылыми орталық ашып, біраз қызметкерлермен тізе қосып, уақытпен санаспай еңбек еттік. Жиған, зерттелген, зерделенген ғылыми жұмыстарымызды журналдарда жарияладық, бірнеше қызметкеріміз оның негізінде кандидаттық диссертация қорғады. Енді өзіме келсем, негізгі жұмысымнан қол үзбей, 1987 жылы Мәскеуде кандидаттық, 1996 жылы Алматыда докторлық диссертацияларды сәтті қорғап, көп ұзамай профессор дәрежесін алдым. Хирургияның тынымсыз, беймаза қазанында әріптестеріммен бірге «қайнап» келе жатқаныма 50 жылға жуықтапты. Тәубе, азды-көпті қабілетіме сай бір азаматтай қызмет еткен сияқтымын. Оған шүкіршілік етемін. Ал, журналистика менің екінші мамандығым десем де болады. Онда еш сөкеттік жоқ болар. Қолыма қалам ұстағалы, бала кезімнен газет-журналдарға мақала жазу өмірлік қажеттілігіме айналды. Көпшілік тек дәрігер ретінде емес, қаламы төселген қаламгер ретінде де бағалайды. Онысына рақмет. Халыққа таза, шын қызмет етудің өзі, біле-білсек, үлкен бақыт! – дейді Сағындық Ордабеков.

Оның көпшілік құрмет тұтатын тағы бір қасиеті – ізденімпаздығы, білімге құштарлығы, көп оқитындығы. Күнделікті ғаламтормен шектелмей, ұзақ жылдар үзбей қалалық, облыстық, республикалық ондаған газет- журналдарға жазылып, әркез өмірдің тыныс- тіршілігін, уақыт тынысын сезіп отырады. Мамандығы төңірегінде әңгіме қозғалса, оны ол соңғы жетістіктермен, жаңа мәліметтермен толықтырып, хирургияның қыры мен сырын әріптестері арасында еш қиналмай жайып тастайды. Анда-санда өткізілетін халықаралық, республикалық дәрігерлердің ғылыми конференцияларында жасайтын өзекті, тартымды баяндамалары әрдайым қызығушылық танытады. Әріптестерімен ой бөлісуі де көптің есінде қалады. Айтқан пікірлері тың ойға жетелейді, қолдау табады. Әдебиет, тарих, өнер саласына да ол қамшы салдырмайды. Бірде белгілі қаламгер, көрнекті ақын Есенғали Раушановпен жолығып, пікір алмасқанында: «Сәке, сіздің білімпаздығыңызға тәнті болып отырмын. Өздерін зиялы қауымға қосып жүрген талай азаматтарды білемін. Солардың ішінде мына көше неге Петров, ал келесі көше Степанов аталатынын білмейтін біразы бар», депті. Иә, бұл әркімнің бойынан табыла бермейтін сирек қасиет.

«Талант туған жеріне тартып туады» дейді халық. Бұл – шындық. Ал, Сағындық кішкентай мүмкіндігі болса ата-бабасының өшпес іздері сайрап жатқан Қаратаудың қойнауындағы алақандай Үшбас ауылына тартып кеткісі келіп тұрады. Онда адам айтып түгесе алмайтын керемет құдірет бар, туған жердің саф ауасы ешбір шетелдің ауасына бергісіз!

Ел жаңалығына әрдайым құлақ түріп отырады. Ауылдың жылт еткен жаңалығына қуанып, кемшілікке тұнжырап жүреді. Қолдан келіп жатса бар мүмкіншілігін жасап, бір түйір болса да көмегін аямайды. Туған ауылы Үшбастың көркеюіне, дамуына үлес қосып, жанашыр болудан шаршаған емес. Жігіттердің басын қосып ауылға кіреберіске көрікті қақпа-дарбаза орнатып, ауыл мешітінің бой көтеруіне, жолдың асфальтталуына, жаңа медпункт ғимаратын салғызуға бір кісідей атсалысып, біраз игілікті іске мұрындық болды. Өзінің өсіп-өнген Көкжон өңірінің тарихын барынша зерттеп, жер-су аттарымен қатар, ел есінде қалған белгілі азаматтар мен ауыз әдебиетін зерделеп газет-журналдарға жариялап, бірнеше «Жалт еткен жасын ғұмыр», «Көңіл көкжиегі», «Көсегенің Көкжоны», «Ойтолғау», «Жүректегі пернелер», «Беймаза дүние», «Бақыт кілті», «Уақытпен сырласу», «Сүлгетай шежіресі» сияқты ондаған кітаптар шығарды. Облыстың денсаулық сақтау ісінің, өңірдің медицина қызметінің тарихын, ежелгі және қазіргі белгілі майталман дәрігерлер туралы зерттеу жұмыстары ерекше құнды дүниелер. Қоғамдық істердің ортасынан жиі көрінеді, әртүрлі кездесулерге тартынбай барады. Әйтеуір, бір тыным тауып жүргенін көрмейсіз. Соның барлығына уақыт табу кімді болмасын таңдандырмай қоймайды.

Санап, саралап отырсақ, ғалым-дәрігердің қаламынан 400-ден астам ғылыми-тәжірибелік мақалалар, әртүрлі газет-журналдарда 450-ден астам публицистикалық материалдар жазылып, проблемалық дүниелер жарияланыпты. Олардың біразы ТМД елдерінің, Түркия, Англия, АҚШ-тың баспаларында жарық көріпті. Еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен медколледждердің білімгерлері үшін 15 оқу құралдары мен оқулықтар, ғылыми монографиялары жарық көріпті. Публицистикалық, әдебиеттік кітаптары да 10-ға жуықтапты. Оның жетекшілігімен 4 кандидаттық, 12 магистрлік диссертация қорғалған. Ол республикалық бірнеше ғылыми журналдардың («Денсаулық», «Ординатор», «Ғылым жолы», «Карахан») редакцияларының ақылдастар алқасының мүшесі. Профессор ұстаз ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің биология кафедрасының және «Тараз-Болашақ» медициналық колледжінің студенттеріне дәріс беріп, болашақ жас мамандарды даярлауға өз үлесін қосып жүр. Ол отандық ғалымдар кадрларын даярлуға да өз үлесін қосып жүрген өрелі азамат. Біраз жыл Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы ғылыми хирургиялық орталықтың және Қазақстан ветеринарлық ғылыми зерттеу институтының докторлық және кандидаттық диссертация қорғау ғылыми кеңестерінің мүшесі болып келді. Жас ғалымдардың еңбектерін саралап, ақыл-кеңес беріп, біраздарына сарапшы-оппонент болғанын білеміз. Сөйтіп, ғылыми кеңестердің белсенді мүшесі ретінде республикамызда ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлау ісіне барынша үлес қосты. Жетекші болып дайындаған ғылым кандидаттары мен магистранттары еліміздің бірнеше университеттерінде абыроймен қызмет етуде.

Профессор Сағындық Ордабековтің қажырлы еңбегі орынды бағаланып, біраз марапаттарға ие болған. Атап айтсақ, ол «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан хирургиясын дамытуға қосқан еңбегі үшін», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері» және бірнеше республикалық мерекелік медальдармен марапатталған. С.Ордабеков өзінің туып-өскен Сарысу ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының және Нью- Йорк академиясының мүшесі. 2020 жылы республикалық байқауда «Жыл дәрігері» атанып, «Алтын адам» статуэткасына ие болды.

Білікті маман ғылым жолына түсіп, онда қолтаңбасын қалдырумен қатар ұрпақ тәрбиесінен әлі күнге дейін қол үзбей келеді. Дәрігер, ғалым, қаламгер Сағындық Ордабеков бүгіндері жетпіс беске толып отыр.

Халық арасында «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Құдайға шүкір, жары Жаңыл Ибатоллақызы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, оларға жоғары білім берді. Әке жолын қуған ұлы Ербол бұл күндері Жамбыл өңіріне белгілі хирург, денсаулық сақтау ісінің шебер ұйымдастырушысы, Тараз қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол әкесі, профессор С.Ордабековтің жақсы атын, игілікті істерін одан әрі орынды жалғастырып келеді. Қызы Айнұр – заңгер, Алматыда қызмет етеді. Желкілдеп өскен, құстың қос қанатындай Әлімжан, Әзімхан есімді немерелері Н.Назарбаев атындағы дарынды балалар мектебін озық бітіріп, екеуі де ата-әке жолын қуып, болашақтарын дәрігерлікке арнап, бүгіндері Астана медициналық университетінің студенттері, оқу озаттары.

Сағындықтың бойындағы тектілік, жоғары біліктілік, зиялылық, ізденімпаздық, оның жан жылуы әріптестерін, шәкірттерін, студенттерді әрдайым тәнті етіп, құрметке бөлейді. Зиялы адам қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер бой түзейтін тұлға.

Дәрігер-ғалым Сағындық Ордабековтің осы күнге дейін тындырған істеріне көз жүгіртсек, ой таразысынан өткізсек, санамызға салып зерделесек, атқарған ісі көл-көсір екен. Өмірінің 75 атты белесіне абыроймен жеткен абзал азаматқа «Денсаулықтың арқасында әлі де шаршап-шалдықпай, қажырлы еңбегіңіздің арқасында ел-жұртыңыздың сый-құрметіне бөленіп, бедел биігінен көрініп, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз, қолы икемді, емі шипалы, ісі шарапатты, қаламы қарымды Сағындық!», – дегіміз келеді. Бұл көптің тілегі. Лайым солай болғай!

 

Сейтхан ЖОШЫБАЕВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі.

Жүсіпбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Ұқсас жаңалықтар