«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал ұрлығына қашан тыйым болады?

Мал ұрлығына қашан тыйым болады?
Ашық дереккөз
«Ауылдың – мал ырысы, бағы – малы, қашаннан бір-біріне танымалы» дегендей, алыс елді мекендерде төрт түлігімен шырақшыдай болып отырған тұрғындардың еңбектері адал. Олар барлық шаруасын қорасындағы бес-он ірі қарасы, 40-50 ұсақ малының өсіміне қарап жоспарлайды. Сол адал малдың рахаты мен пайдасы өздеріне бұйырса, қанекей. Алыс аудан, ауылдарда мал ұрлығы өршіп тұр деген хабар келді. Неге олай? Өздері ішпей-жемей өсіріп отырған малдары айдың, күннің аманында қайдағы бір суық қолды сұғанаққа бұйыратыны қалай?

Біраз жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да жұрт несиеге мал алып, қорасында қара құра көбейген. Бірақ ол несиені қайтару да оңай емес. Шаруа малдың өсімінен үмітті. Ал, белгісіз біреулер түн қараңғысында жылқыны үйірімен айдап кетіп, ізін таптырмай кетіп жатыр дейді. Жағамызды ұстадық.

Бізге негізінен Талас ауданы, Аққұм ауылынан Шерхан Далбақов деген шаруа жігіт хабарласып, мал ұрлығының өршіп тұрғанына алаңдаушылық білдірді. «Малға көз аудармай қарап, қадағалау керек дейді. Мен өзім «Шатура» деген жайылымда бірнеше үйдің жылқысын бағып отырдым. Кешкілік суарып, түнге таман жіберген жылқы. Азанда 05:30 шамасында барып түгендесем, жиырма жылқы жоқ. Сол жиырма жылқының дені Дидар Мұсабаев деген жігіттікі болатын. Мұнан бөлек, Жандос Сүгірбеков деген азаматтың 23, Алдян Қыздашев деген азаматтың 19 жылқысы қолды болды. Мұрат Әбужар мен Марат Әбу деген кісілердің түйелері жоғалды. Арасында 3-4 сиырдың жоғалуы ешкімге жаңалық болмай қалды. Оның көбісі «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несиеге алған мал басы. Оның ертең сұрауы бар емес пе? Әр шаруа малды өсіремін, пайдасын көремін деген үмітте. Оған ұрлық деген жағадан алып тұр. Жергілікті полиция өкіліне, аудандық полицияға да шағымдандық. Жергілікті учаскелік инспектор малымыз жоғалды де сек, алдымен қарамағаның үшін айыппұлын төле деп, әр малға 5 мың теңге ақша сұрайды. Кейде 10-15 мың теңге сұрайтындары да кездеседі. Полиция қанша іздесе де, тінту жүргізсе де, әзірге ешқандай малымыз табылған жоқ. Амалымыз таусылды», – дейді. Ал, ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Ділдәбек болса: «Менің де бірнеше бас жылқым мен сиырым жоғалып отыр. Біздің ауылды уақытша бақылап отырған учаскелік инспектор Айдын Қалдыбайұлына жүктеген. Ол азаматқа малымның ұрлағаны жөнінде арызды дер кезінде бердім. Бірақ жоғалған малдың табылу мүмкіндігі аз болып отыр. Керісінше учаскелік инспекторлар малы ұрланған үйден малына қарамағаны үшін айыппұл деп 5250 теңгеден қаржы сұрап әурелейді. Мен әйтеуір әзірге ондай қаржы берген жоқпын. Бірақ малым табылады дегенге де сенімім аз, дейді малынан айырылған жігіт ашынып. «Алдырған албырт» демекші, өзі малын жоғалтып, күйініп тұрған азаматтардан айыппұл сұрап қинаған жағдайды біз де адамгершілік сипатқа сыйдыра алмадық.

Содан кейін Бостандық, Аққұм ауылдық округтері бойынша учаскелік инспектор болып отырған Айдын Қалдыбайұлын сөзге тарттық. Ол: «Бұл жағдайға азан-қазан шу көтеретін ештеңесі жоқ. Аққұмда біраз азаматтың малы ұрланғаны рас. Шамамыз келгенше іздестіріп жатырмыз. Ол малдың барлығы қамалып тұрған қорадан емес, түнде қараусыз жүрген жерінен жоғалып отыр. Негізі тұрғындар малдарын қараусыз қалдырғаны үшін Қазақстан Республикасы Заңдарының №468 бабына сәйкес бір жолғы 5250 теңге айыппұл өндіру талабы күшінде бар. Сондықтан, тұрғындар бұл жағдайды дұрыс түсінбей отыр. Әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындар өздері де малды қараусыз қалдырмауға міндетті. Ал, Бостандық ауылдық округінде мал ұрлығы тіркелген жоқ. Ол ауыл тыныш», – дейді. Сонда Бостандық ауылы тып-тыныш, арасын 6 шақырым ғана бөліп тұрған Аққұм ауылына ерекше не жағдай төнді екен?

Біз Талас аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Еркен Абаевпен хабарластық. «Біздің өз ісіне адал қызметкерлеріміз мал ұрлығы бойынша да жемісті еңбек етіп жатыр. Талай мал ұрлығының беті ашылды. Жылқы ұрлағандар құрықталды. Тек сол Аққұм ауылындағы Дидар Мұсабаев деген азаматтың 20 бас жылқысының дерегі табылмай, қылмыстық іс ашылмай отыр. Құқық қорғау орындары бұл істі назарына алып отыр», – деді ол.

Бұл жерде кімге сенерімізді білмедік. Тұрғындар жылқымыз топ-тобымен ұрланып, сиырларымыз шетінен жоғалып жатыр деп налиды. Қазір мал ұрлығы тыйылмай тұрған Аққұм ауылдық округінде учаскелік инспектор жоқ екен. Көрші Бостандық ауылдық округінің учаскелік инспекторына қосымша уақытша жүктеп қойған. Ұрлықтан көздері ашылмай жатқан ауылда тұрақты полиция өкілі болмағанын да түсіне алмадық. Тұрғындардың құқығын қорғайтын полиция өкілі болмаған жерде ұрлық өршімей қайтеді?

Біз осы мал ұрлығына қатысты өзге де аудандарға хабарластық. Талас ауданымен қатарлас жатқан Сарысу ауданында жағдай басқаша. Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Айтжанов:

«Біздің ауданда биыл мал ұрлығы бойынша екі дерек тіркеліп, 100 пайыз ашылған. Соңғы үш жыл ішінде жалғыз-жарым мал ұрлығы болмаса, өрістен үйірімен айдап әкету фактісі жоқ. Себебі, біз мал ұрлығына қатысты ұйымдасқан топтарды ұстадық. Әр ауылдық округ әкімімен бірлесіп, әр малдың иесіз жүрмеуін, ірі қара малға жылқышы мен бақташы бекітілуін қадағалаймыз. Жергілікті учаскелік инспекторлар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Ол жұмыстардың да оң әсері байқалуда», десе, Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков: «Бізде мал ұрлығының тіркелуі 2023 жылға қарағанда төмен. Былтыр 3 жағдай ғана тіркелді. Екі жағдай бойынша іс сотқа жолданды. Қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құрады. Біздің ауылдық учаскелік инспекторлар ауыл тұрғындарымен үнемі байланыс жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан мал ұрлығының өршуіне жол бермедік», – дейді.

Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы болып Уәлихан Сәмбетұлы деген азамат жаңадан тағайындалыпты.

«Менің қызметке кіріскеніме 10 күн енді өтті. Жұмыс жағдайын зерделеп шықтым. Биыл мал ұрлығы бойынша 4 дерек тіркелген. 2023 жылы 3 дерек тіркелген. Бірақ, қордайлық қырағы полицейлер былтыр 3 деректі жүз пайыз ашып, одан бөлек 2022 жылғы ашылмаған істер бойынша 5 ірі қылмыстық топты құрықтаған. Соның нәтижесінде үйірімен жылқы ұрлау, 20-30 сиырдың бірден қолды болуы сап тыйылған. Алдағы уақытта да барша қылмысты азайту және болдырмау жолында, мал ұрлығының алдын алу бойынша жарқын жұмыстар жүргізе беретін боламыз десе, Мойынқұм аудандық полиция бөлімнің бастығы Алмас Көпбаев прокуротурада жиналыста жүргенін айтып, орынбасарына сілтеді. Алмас Садықұлының орынбасары Мұхит Маханбетов Мойынқұм ауданы бойынша 3 дерек тіркелген. Оның екі дерегі толық ашылды. 90 бас ірі-қараны жымқырып бара жатқан ірі қылмыстық топ құрықталды. Сонымен қатар, 9 сиыр ұрлаған бір топ ұры ұсталып, тергеліп жатыр. Ал, үшінші дерек бойынша іздестіру, анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мал ұрлығының ашылуы 80 пайызды құрайды», деді. Мұхит Маханбетов о сылай мәлімет бергенімен, Мойынқұм ауылындағы өзімізге таныс азаматтың қорасынан екі сиыр жоғалып кетіпті. Мұндай деректер бәлкім аудандық базаға тіркеле бермейтін шығар, кім білсін?! Басқа аудан, ауылдарда да мұндай біреу-жарым ашылмай жатқан мал ұрлығы аз емес шығар деп ойладық.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Юсиповке хабарласқан едік.

«Мал ұрлығы қашанда өзекті екені рас. Жыл басынан бері осы мәселеге қатысты 41 тұлға жауапқа тартылып, 10 қылмыстық топтың жолы кесілді. Қараша айының ішінде 15 бас жылқы мен 10 ірі қара ұрлаған екі қылмыстық топ құрықталды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта мал иелері шеккен шығынның 57 пайызы өтелді. Бұл жерде мал өсірушілерге де айтарымыз бар. Мал ұстаушылардың көпшілігі жылқы, ірі-қара малдарын қараусыз қалдырады. Мал ұрлығының 70 пайызы малдың қараусыз қалуынан орын алады. Сонымен қатар, ұрлық туралы полицияға кеш хабарлану жағдайы да қылмыстардың дер кезінде ашылуына кедергі келтіреді», – деді.

Сөздің түйініне келсек, әр шаруа алдымен өз малына абай болуы тиіс. Талас ауданынан хабарласқан азаматтардың себебімен біраз ауданнан ақпарат алдық. Қырағы полиция өкілдері мал ұрлығы бәсең екенін, ашылу жағдайы жоғары екенін түсіндіріп бақты. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың жанайқайы да тегін емес. Қалай дегенде де ауыл тұрғындарының бар үміті – төрт түлік малы. Осы орайда жергілікті учаскелік инспекторлар жұмыстарын ширата түскендері жөн дер едік.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар