Ер Елдостың ерлігі
Сөз басын алтын асықтай оғлан ұл Елдос Сметовтің салған соқпағы жөнінде бастасақ. Шыны керек, осы күнге дейін қазақ балуандары күрес түрлерінен 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында топ жарған Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің даңқты жеңісін жалғай алмай келген еді. Сол олқылықтың орнын Париж татамиінде ер Елдос толтырып, 60 килограмм салмақта жер жаһанның теңдессіз балуаны атанды. Францияның бас шаһарында өткен дүбірлі дүрмекте жеребе оңай болған жоқ. Алайда, тәжірибесі толысқан саңлақ әр белдесуде қарсыластарының босаңсыған сəтін күтті. Сол мезетте ғана арыстанша атылып, астыртын жоспарын жүзеге асырды.
Париж татамиіндегі бастапқы бəсекелерде жастар арасындағы Еуропа чемпионы, бельгиялық Торнике Цакадеуо мен құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері, украиналық Дильшод Холматовты қапы қалдырды. Ширек финалда Ян Юн Вэймен күш сынасты. Негізінде Тайпейдің өкілі де азулы еді. Оның Токио Олимпиадасының финалисі, əлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар. Сонымен қатар, Ян қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұр. Өте сауатты тактика құрған Сметов дəл сол дүлдүлді бəсекенің аяқталуына тура бір минут қалғанда «вазариге» түсірді. Ал, жартылай финалда Ғалымжан Жылкелдиевтің шəкіртін Франсиско Гарригос күтіп алды. Испания дзюдошысы да шын мықтының бірі. Ол – 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылғы Әлем чемпионы, Еуропа біріншілігінде үш алтын жəне үш қола медальды мойнында жарқыратқан сақа спортшы. Соның алдында ғана Гарригос Жапонияның жұлдызы Рюдзю Нагаяманы қылқындырып тастап, есінен тандырғаны тағы бар. Бірақ, Пиреней түбегінен келген тарлан Елдостың алдында дəрменсіздік танытты. Қазақтың қайсар ұлы оның да тас-талқанын шығарды. Осылайша, оған екінші мәрте бас жүлде үшін таласу мүмкіндігі бұйырды.
Сан сүрлеуден сүрінбей өткен саңлақ ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында арман-мақсатына қол жеткізді. Жерлесіміз төртжылдықтың басты додасында жарыс иесі Лука Мхеидзені өз көрермендерінің алдында тізе бүктірді. Рас, Францияның мақтанышына айналған қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес еді. Мхеидзе Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Алайда, исі қазақтың өр мінезді өрені байрақты бәсекенің басты жүлдесіне таласу мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Сөйтіп, ер Елдос 32 жасында мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді. Бұл – Қазақстан дзюдо тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы алтын медалі!
Елге оралған оғланды Алматы әуежайынан балуанның ата-анасы мен жүздеген спорт жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алғанын ұмыта қоймаған боларсыз. Сол күні кешке туған жеріне ат басын бұрған асықтай ұлдың жарқын жеңісінің құрметіне Тараз қаласындағы орталық стадионда салтанатты іс- шара ұйымдастырылды. Осынау жиында ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшылар легін даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті. «Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы дегім келеді. Сондай-ақ, қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген балуандардың Астанасы десек қателеспейміз. Қазақ спортының, Жамбыл жерінің даңқы артып, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін. Спортшыларымыздың келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін», – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жалпы, Парижде қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып, Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовті қалай құрметтесек те артықтық етпейді. Ел үмітін арқалап Еуропа төріне аттанған жерлесіміз туған халқын жерге қаратқан жоқ. Есейген Елдос араға 44 жыл салып, Алаш жұртының асқақ арманын орындады. Өзі айтқандай, осы жеңісі арқылы қазақстандық қыз-жігіттерге жігер сыйлады. Бастысы, ол биіктен көрінгенде де қарапайымдылығынан айнымады. Айталық, жанкүйерлерімен өткен кездесуде есімі көпшілікке беймәлім бірінші бапкері Ахмет Жұмағұлдың еңбегін ұмытпай, ел алдында оған алғысын жеткізді. Сондай-ақ, жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке де шынайы ризашылығын білдірді. Ал, әкесі Бахтыбайға деген шексіз құрметі көпшілікті сүйсінтті.
Ақмаралдың асуы
Жамбылдық жампоздар Париж жазғы Паралимпиадасында да жасындай жарқылдай білді. Бұл сында ел қоржынына 9 медаль түссе, соның бесеуін парадзюдошыларымыз олжалады. Жалпы, Паралимпиада ойындарына өңірімізден 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды. Ал, Ақмарал Науатбек 48 килограмм салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын ұтып, жеңіске жетті. Финалда жерлесіміз паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, франциялық Аурериес Мартинет Сандриннан басым түсті. Осылайша, тараздық сұлу пара дзюдодан әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына тарихымыздағы әйелдер арасындағы алғашқы алтын медальді салды. Естеріңізде болса, тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет парадзюдодан Әлем чемпионатында алтын медальды 2018 жылы 60 килограмм салмақта шымкенттік Олжас Оразалыұлы еншілеген болатын. Ал, жуалылық қыздың татамиден алыстау туралы шешімі парадзюдоға ауысуы қуантады. Бұған дейін оның Бакуде өткен Әлем чемпионатының алтынын алғаны тағы бар.
– Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жетістікке жетер жолда жарақат мазалап, сенімсіздік күшейген кез болды. 2021 жылдың қаңтар айында дзюдодан гран-при жарысына дайындық кезінде көзім жарақаттанды. Жарты жыл үзіліс алып, үлкен спортқа қайта оралудың бар амалын қарастырдым. Дәрігерлер мансабымды жалғастыруға рұқсат бермей, «осымен тоқтат» деп кесіп айтты. Бірақ, бұл шешіммен келіскім келмеді. Сол тұста отбасымның, жолдасымның, бапкерім Айдын Жұматұлының қолдауының арқасында бар қиындыққа төзіп, парадзюдоға ауыстым. Осы адамдардың маған сенім артқаны үмітімді үзбей, алға ұмтылуға күш берді. Көзіме ота жасаған соң дзюдоға қайта оралудың қамын жасадым. Оралғым келді, татамиді, ондағы атмосфераны сағындым. Бірде бапкерім Айдын Жұматұлы парадзюдоға ауыса алатынымды, J1 және J2 категориясы барын айтты. Халықаралық класс ификация бойынша J2 санатын алдым. Осылайша, алғаш рет парадзюдодан елордадағы гран-при жарысына қатыстым. Парадзюдошылар – шетінен жігерлі, күрескер. Қатардағы қыздар да осал емес. Иә, көрермен үшін парадзюдо мен дзюдоның айырмасы белдесу басталған тұста қарсыластардың бір-бірінің жағасынан ұстауымен білінеді. Ал, өзім үшін айырмасы көп болды. Мысалы, маған қарсыласқа мұндай басымдық берген ыңғайсыз. Көбінесе, дзюдода өзім шабуылға шығып, маған қарсы әдіс жасатпауға тырысатынмын. Сол жағы маған қиынға соқты. Біразға дейін бой үйрете алмадым. Жаттықтырушылар барынша демеп, уақыт өте келе белдесу басталған мезетте әдіске түсіп қалмай, күшпен ұстап тұруды меңгердім, – деген еді бір сұхбатында Ақмарал.
Айта кетейік, парадзюдо тарихы елімізде 2015 жылдан бастау алады. Содан бері әр жыл сайын спортшыларға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлініп келеді. Өз кезегінде бұл өзін қоғамнан бөлек ұстайтын, бірақ спортқа жақын жандарға демеу.
Бақтиярдың жолын кім жалғайды?
2004 жыл. Ежелгі Элла елінде Олимпия ойындары өтті. Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған Бақтияр Артаевтың айы оңынан туды. Жерлесіміз ақтық кездесуде кубалық Лоренцо Арагонға бас көтертпеді. Бостандық аралының ұланы, керемет боксшы Теофилио Стивенсонның ізбарасы қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, біздің жігіт мықтылығын дәлелдеді. Артаевтың асығы алшысынан түсті. Нағыз жеңімпаз. Алтын тұғырға көтерілген Бақтияр сынды Алаштың айбынды ұлына өзге жұрт қол соқты. Алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Оған қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы да бізге бұйырды.
Ал, Париж төрінде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында бапкерлер құрамы 2023 жылы Азия және Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Асланбек Шымбергеновке үміт артып, ағасы Бақтиярдың жолын жалғайды деп күткені белгілі. Алайда, ұлттық құрама капитаны күтпеген жерден жарыс жолынан шығып қалды. Дәл осы сынның жартылай финалында жамбылдық боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) доминикандық Кристиан Хавьер Пиналесті жеңген еді. Сөйтіп, ол ақтық сында әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Олександр Хижняктан (Украина) айласын асыра алмай күміспен күптелді.
Былтырғы жылы Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында Әлем чемпионатында күрзі жұдырықты жігіттеріміз 6 алтын, 1 күміс, 10 қола еншілеп, жалпы есепте көш бастады. Осылайша, жерлесіміз Бексұлтан Боранбек (51 кг) өз мықтылығын мойындатып, әулиеаталық жастар арасында тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Ал, Көшербай Асылхан күміс, Әнел Абдрасилова қола жүлдеге қол жеткізді. Қайрат Сәтжанов баптайтын бокстан ерлер құрамасы Таиландта өткен Азия чемпионатында 13 салмақта додаға түсіп, 10 медальді (5 алтын, 4 күміс, 1 қола) қанжығалады. Бұл сайыста жамбылдың тумасы астаналық оғлан Айбек Оралбай (+92 кг) Азия чемпионы атағына лайық деп танылды. Бұдан бөлек, Дулат Бекбауов пен Диас Молжігітов күміс медаль иеленсе, Айгерім Сәттібаева қола медальға қол жеткізді. Өткен жылы кәсіпқой бокста Ангелина Лукас WIBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атанды.
Балуандардың бағы жанды
Былтыр балуандар да жаһандық жарыстардан жүлдесіз қайтқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, балуандар өткен жылды табысты тәмамдады. Әңгіме ат тұяғын тай басар жас буынның жетістігі туралы. Естеріңізде болса, Албания астанасы Тирананың төріне төселген бозкілем үстінде Олимпиада бағдарламасына енбейтін салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионаты өткен еді. Нақ осы сында грек- рим күресінен Ержет Жарылқасын (63 кг) финалда сүрініп, әлемдік аламанның күміс медалін еншіледі. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесі. Сондай-ақ, былтыр дзюдодан Нұрқанат Серікбаев және Мейіржан Аширов Әскерилер арасында Әлем чемпиондары атанды. Ал, грек-рим күресінен Юсуф Ашрапов жастар арасындағы Әлем чемпионатының күмісін олжалады.
Елорда төріндегі дода
Былтыр қоңыр күзде елордамыз Астана төрінде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтті. Еліміздің спортшылары 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ бастады. Осынау сайыста қазақ күресінен де балуандарымыз 16 салмақ дәрежесінде (ерлер мен әйелдер) 12 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп, жалпы есепте алға шықты. Бұл сынға Жамбыл жерінен 17 спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс және 4 қола медальға ие болды. 2014 жылдан бастау алатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындары биыл тұңғыш рет далалық өркениеттен қалалық мәдениетке ойысты. Ашылу салтанаты құшағына 30 мың көрерменді еркін сыйдыратын «Астана Арена» стадионында өтті. Алты құрлықтағы елдерден келген спортшылардың салтанатты шеруімен басталған ашылу салтанаты мерекелік шараға ұласты. Дүбірлі аламанның ашылуын еліміздің телеарналарынан сырт 20- ға тарта шетелдік арна да таспалап таратты. Бұған дейін көшпелілер ойындары 4 мәрте өткенімен, телеарна өрісінде насихаттау бұлай қарқын алған емес. Елорда төрін дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет «Powerful Nomad» – Алыптар сайысы қосылды. Сондай-ақ, түріктің мангала және африкалықтардың зияткерлік ойыны саналатын овариде көшпелілер ойындарының бағдарламасына енді.
Он бір жылдан бері екі жыл сайын айналып соғатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын қырғыздар бұған дейін үш мәрте ұйымдастырды. Басқа спорт түрлері бойынша бәсекеге баса мән бермейтін көршілер ат спорты, оның ішінде бәйге мен көкпарға келгенде алдына жан салмайтыны әмбеге аян. Олар қашанда қазандыққа салым тастайтын көкбөрі ойынынан, шеңберге тартатын көкпардан күшті көрінуге ұмтылады. Бәйге түрлерінен де арғымақтары алды болып келсе деп тілейді, соған жанталасып ұмтылады. Астана төрінде де көкбөрі мен көкпар ойынынан топ жарамыз деген еді. Көкпардан қырғыздарға күміс медаль бұйырды.
Қорыта айтқанда, жамбылдық жампоздар алдағы уақытта да әлемдік ареналарда атой салары анық. Осы бағытта аймақтағы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 54 спорт мекемесі жүйелі жұмыс істеуде. Аталған спорт мекемелерінде бір мыңнан астам жаттықтырушы 30 мыңға жуық спортшыға білгенін үйретуде. Қазіргі таңда облыста спорттың 85 түрі қамтылған. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар үлесі 41,2 пайызға жетті. Спортшыларымыз бүгінгі күнге дейін республикалық және халықаралық түрлі жарыстарда 1 797 (658 алтын, 570 күміс, 569 қола) медальға ие болып үлгерді. Былтыр аймағымызда 7 спорт кешенінің құрылысы аяқталса, биыл тағы 8 спорт нысаны ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Жуалыда жаңа спорт кешені ашылды
- 30 желтоқсан, 2024
Шавкат Хабибті қашан басып озады?
- 30 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді