«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарқын жобаның жемісін көргендер көп

Жарқын жобаның жемісін көргендер көп
Ашық дереккөз
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз тиімділігін танытып келеді. Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Бүгінде ауыл-аймақтағы халықтың қолайына жаққан жоба Байзақ ауданында да тиімді жүзеге асуда.

Жалпы, 5 бағыттан тұратын жоба аясында Байзақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде, 2021 жылы Үлгілі ауылдық округінде нәтижелі іске асқан. Бұл бастамаларға барлығы 1 миллиард 991,8 миллион теңге қарастырылған. Жоба аясында жалпы 12 514 бас мал мен құс, 43 ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 73,3 миллион теңгеге 12 жоба іске асқан. Игі бастаманың шапағатын көргендердің бірі – Үлгілі ауылының тұрғыны Ләйлә Бесбаева. Үй іргесіндегі жер телімін пайдалану бағыты бойынша мемлекеттен 3,3 миллион теңге несие алып, ауласынан тігін цехын ашқан тұрғын бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. Ол алған несиесіне арнайы заманауи тігін машинасын алып, көрпе түрлерін тігуді қолға алған. Бүгінде мұнда қыз жасауына қажетті көрпе түрлері мен қамыр жаймасын төсеуге арналған сыпыра бұйымы да тігіледі. Ал, оларға ою-өрнек салу, көрпешелердің тігісін жүргізу сынды біршама істі осы арнайы станок атқарады. Тек оған нақты тапсырмалар жүктелсе болғаны.

– Тігіншілік бала кезімнен айналысатын сүйікті ісім. Бүгінде осы қызығушылығымызды кәсіпке айналдырып, табысқа кенеліп отырмыз. Мұндағы көрпе-жастық түрлері тапсырыспен тігіліп, әлеуметтік желі арқылы да сатылады, базардағы сату орындарына да көтерме бағамен өткізіледі. Жүйкеге жүк болатын қол жұмысының басым көпшілігін арнайы құрылғымыз атқарады. Біз тек көрпенің құрағын құрап, құрылғыға бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бүгінде бұл ісіміз отбасылық кәсіпке айналды. Көрпені құрауда қызым, оны сатып алушыға жеткізуде ұлым қолғабыс етсе, жұбайым құрылғымен жұмыста көмектеседі. Алдағы уақытта құны 1,8 миллион теңге болатын қытайлық құрылғыға тапсырыс беріп, кәсібімізді кеңейтсек дейміз. Сол арқылы көрпе ішіне мақта тігу жұмыстары жеңілдеп, жұмысқа жұмсалған уақытты үнемдеу мүмкіндігі болар еді, – дейді кәсіпкер Ләйлә Келісбекқызы.

Ауылдық округте өз кәсібін ашқандардың тағы бірі – Мақсатбек Ақышев. Ол мемлекеттен 4,8 миллион теңге несие алып, өз ауласында жылыжай соққан. Үш соттық жерге орналастырылған жылыжайда өсімдікке қажетті жарық пен жылу жағдайы толығымен жасалған. Мұнда маусымдық кезеңге сай жаз айларында қызанақ, қияр, қарбыз түрлері егілсе, қыстың күні пияз өсіру ісі қолға алынған. Үш жыл бұрын басталған тірлік бүгінде өз нәтижесін беріп те отыр. Кәсіпкердің тиянақты тіршілігіне жолдасы Бақыткүл де көмектесуде.

– Жыл мезгіліне байланысты қазір мұнда пияз өсіріп отырмыз. Оның өзегін алып тастап, сабақтарын 6-7 данадан топтастырып, базар дүңгіршектеріне өткіземіз. Мұның бәрі үлкен ден қойылып жасалатын шаруа. Өйткені, өнімді жиғанда оның тамырын жұлмай, сабағына зақым келтірмей тазалап алу маңызды. Бұл процестерге адам тартып, жұмыспен қамтып отырамыз. Қазір жылыжайға қажетті барлық жағдай жасалған. Алғашында аумақтың жер бедері сазды топырақ болған соң қажетті жер телімі құнарлы топырақпен алмастырылып, жылыту қондырғылары орналастырылды. Қазір жылыжайдың сыртқы қабатын қалыңдату жұмыстары аяқталып отыр, – дейді кәсіпкердің жұбайы Бақыткүл Ертілесова.

Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевтің айтуынша, ауданда аталған жоба аясында мыңнан аса кәсіпкер жұмыс жүргізуде.

– Байзақ ауданы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Қостөбе және Түймекент ауылдық округтерінде, 2021 жылы Үлгілі ауылдық округінде жоба нәтижелі іске асты. 2022 жылдан бастап Жалғызтөбе ауылдық округі енді. Жоба аясында, ауылдық округ бойынша 143 азамат несие алуға ұсыныс беріп, 138 азамат жалпы 886,2 миллион теңге несие алды. Бұл алынған несиелерге 4816 бас мал, 12 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып және ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 13 миллион теңгеге екі жоба іске асты. Өткен 2023 жылы аудан бойынша жобаға Ынтымақ және Көптерек ауылдық округтері ұсынылып, жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, екі ауылдық округ бойынша жалпы 345 азамат 2 миллиард 213 миллион теңге несие алды. Алынған қаражатқа, екі ауылдық округ бойынша 13041 бас мал, 9 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып және ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 10,8 миллион теңгеге төрт жоба іске асты. Бүгінгі күнге аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына алты ауылдық округ енгізіліп, 1091 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеуде, – дейді Еркебай Жарқынбекұлы.

Жарқын бастаманың бүгінде жаңашыл тұсы да жетерлік. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бақыт Сейтімбетованың айтуынша, бүгінде жобаның мал шаруашылығы бағыты бойынша тауарлы несие тетіктері қарастырылуда. Еске сала кетсек, аталған бастама «Ауыл аманаты» жобасының мал шаруашылығы бағыты бойынша өңірде өсім байқалмауына және жобаның бесінші бағытына басымдық берілуіне байланысты қолға алынған болатын. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек атап өткен болатын.

– Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысушылар тарапынан 152 мың бас мал сатып алынған. Алайда, оның он пайызға жуық мөлшері ғана сырттан келген. Яғни, мал басы облыстың ішкі айналымында жүру салдарынан өсім байқалмай отыр. Сондықтан биыл жобаның бұл бағытын қаржыландыру тоқтатылып отыр. Оның орнына кәсіпкерлерге тауарлық несие беру тетіктерін қарастырудамыз. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіп бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлер үштік негізде жұмыс істейді. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастаушының кепілдігіне жауапкершілік танытады. Соның негізінде үлкен шаруашылық иесі кәсіп бастаушыға 50 бас қой мен 5 сиырға дейін несие береді. Өз кезегінде кәсіп бастаушы жыл сайын мал басының төлі есебінен несиесін өтеп отырады. Мал басы сақтандырылып, мемлекет тарапынан 80 пайыздық қаржы субсидияланады, – деген еді Әбілқайыр Ғалымұлы.

Десек те, аймақтың бірқатар аудандары мал шаруашылығын негізгі табыс көзіне айналдырып отырғанын ескерген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары ұсыныстың әлі де қаралатындығын жеткізді.

Жалпы өңірде «Ауыл аманаты» жобасының аясында 2023-2024 жылдары 25,5 миллиард теңгеге 38 ауылдық округте 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылған болса, шағын несиемен 1500 адам қамтамасыз етілмек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар