Көріп тұрып үндемей кетуге дәтіміз жібермей, Facebook әлеуметтік желісіне жариялап, салынып жатқан үйдің жарнамасын жасаушыларға жергілікті тиісті мекемелердің көмегі керек екенін жаздық. Алайда, біз «көмектесер, сауатсыз сөзді жөнге салар» деп үміт еткен Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Facebook желісіндегі парақшасына «Баласағұн» тұрғын үй кешенінің «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысымен кездесіп, түсіндіру жұмыстары және әдістемелік көмектер көрсетілді. Бұл баннердегі мәтін ешқандай тілден аударылмаған, пунктуациялық және грамматикалық қателік жоқ.
Сатып алушылардың назарын аудару мақсатында жазылған әртүрлі мағынаны білдіретін ой» деп жауап жазды. Тілімізді дамытады деп сеніп жүрген бөлімнің мынандай жауабына сенер-сенбесімізді білмей, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына хабарласып, ондағы мамандар қалалық аталған бөлім тарапынан жазылған жауаптың жөнсіздігін түсініп, Facebook желісіндегі жауаптарын өзгерткізді. Жарымжан жарнаманы грамматикалық та, пунктуациялық та қате жоқ деген Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевадан мәнін сұрадық. Алайда, Бақыт Тілегенқызы әр күні әртүрлі себептерді айтып, сұрақтарымызды жазбаша жібергенімізден бері он жеті күн өтті, әлі де жауап берген жоқ.
Тараз қалалық тілдерді дамыту бөлімі «қате жоқ» деп тапқан әлгі жарымжан жарнаманы талдап көрелік. «Үй – төрт қабырғамен төбе емес» деген сөйлемдегі «қабырғамен» сөзінің соңындағы «-мен» түбірге қосылып жазылғанына қарағанда, көмектес септігінің жалғауы ретінде қолданылғанға ұқсайды. Олай болса, сөйлем «қабырғамен біріккен төбе» немесе «қабырғамен жалғанған төбе» деген секілді тіркеспен берілуі керек еді. Ал, «қабырға мен төбе емес» деген мағынада жеткізгісі келсе, «мен» шылау болып, бөлек жазылуы керек еді. Яғни, бұл сөйлемде грамматикалық қатенің бары анық көрініп тұр. Екінші қатардағы «үй – ол кім ішінде...» деген сөз тіркесінде не мағына жоқ, не сөйлем дейтіндей бас-аяғы жоқ. Осыған қарағанда орыс халқының жиі қолданатын «Дoм – не четыре стены и крыша...» деп басталатын нақыл сөзін жалғастырып, тікелей аударғанға ұқсайды. Бұл тек біздің ойымыз емес, әлеуметтік желіде де, өзіміз сұрастырған қазақ тілінің мұғалімдері де осындай пікір білдірді.
– Қазақ тілінде мұндай сөзді бұрын-соңды естімеппін де, көрмеппін де. Басқа тілден тікелей аударған секілді. «Үй төрт қабырғамен төбе емес» деген тіркес баспана ұғымының сыртқы құрылысымен сәйкестендірілсін делік, яғни «қабырғамен төбе» дегенді «қабырғалы төбе шығар» деп түсініп көрейікші-ақ, бірақ қабырғалы төбе деген нәрсе болмайды ғой. Келесі тіркесіндегі «үй – ол кім ішінде...» дегенін мүлдем ұға алмадық. Бұл жарнама сөзін барынша түсінуге тырысып, өзімнің әріптестеріммен бірге талқыладық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ішінен құрылған шығармашылық топта бұған қатысты көптеген пікірлер айтылды. Қанша тырыссақ та бұл жарнама сөзін Қазақ тілінің ешбір ережесіне де сыйдыра алмадық, мағынасын да ұғына алмадық. Орыс тіліндегі «Дом – это не крыша с четырьмя стенами, дом – это тот, кто внутри» тілдік қолданысын тікелей аударма жасау арқылы қазақ халқына жат жаңа қолданыс жасаған-ау деп топшыладық. Тікелей аударма жасау – үнемі сәтті шыға бермейтіні белгілі. Сөйлем мазмұндық тұрғыдан ғана емес, құрылымдық тұрғыдан да, стилистикалық тұрғыдан да дұрыс құрылмаған, әдеби тілдік нормаға сәйкес емес. Қазақ тілінде жазылғанымен танымдық тұрғыдан қазақи танымға жат, соған сәйкес қазақтілді халыққа қабылдау да қиын, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Жұмабекқызы.
Көбіміз мұны дұрыс жасалмаған аудармаға ұқсатқанымызбен, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Facebook әлеуметтік желісінде жариялағанымызға жазған жауаптарында «қатесіз әрі аударма емес» деді ғой. Тіпті, әртүрлі мағына беретін ғажайып сөзге теңеді емес пе. Бірақ, біз бұл сөздерден әртүрлі түгілі бір мағына да ұқпадық. Тілдерді дамыту бөліміндегі тіл мамандары осылай десе, құрылыс жүргізуші кәсіпкерлерге не дей аламыз?
Бөлімдегі тіл мамандарынан ақылға қонымды жауап ала алмаған соң, тағы да Қазақ тілін оқытып жүрген мұғалімдерден жөнін сұрадық.
– Тұрғын үй кешеннің атауы – «Баласағұн». Көне тарихымыздан сыр шертетін жалқы есім. Ал, жарнамасы ойға қонымсыз, мағынасыз. Адамның назарын тұрғын үй кешеннің атауына аударатын, әртүрлі мағынаны білдіретін депті. Әртүрлі мағынаны білдіретіні сонда «Үй – ол кім ішінде…» деп көп нүкте қойғаны ма? Ал кім не ойлады? Ол «кім» ішінде не істейді сонда? Қайта сөздің қадірін кетіріп, Баласағұн атауын төмендетіп тастаған секілді. Грамматикалық та, пунктуациялық та қате бар. Мағынасы да түсініксіз, – дейді Ақмарал Әбдіханқызы.
– Қай жерде болсын қазақ тіліне деген құрмет төмен. Министрлік те, басқа салаларда да кадрдың сапасына емес, басқасына қарайтын болғандықтан, осылай жалғаса береді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», деп кесіп айтқан. Ал, тілді сақтаушы да жасаушы – халықтың өзі. Ана тіліміз бізге қызмет ету үшін, біз оны көздің қарашығындай қорғай білуіміз қажет, – деді Раушан Бәкірқызы.
– Мұндағы грамматикалық қате қабырға+мен сөзіндегі «мен» қосымша болып жалғануынан «немен?» сұрағына жауап беріп, айтайын деген ойдың мағынасын толықтай өзгертіп тұр. «Төбе, төбешік» тіпті «төбе шашы тік тұрды» десеңіз де белгілі бір заттың ең үстіңгі бөлігін білдіреді. Мақұл деп, сол қалпында қабылдасақ, бұл үй емес төрт қабырғалы төбені, тіпті құлаққа жағымсыз тиетін дүниені көзге елестетеді екен. Бұл, әрине сатып алушылар үшін де жағымды бастама бола қоймас. Аударманы дұрыс жасауы керек, болмаса тіл мамандарымен келісуі керек деп ойлаймын, – деді тағы бір ұстаз Тұмар Бахтиярқызы.
Енді бұл жарнаманың заңдылық жағын қарастырып көрелік. Еліміздің жарнама туралы Заңының 7-бабында «Жөнсiз жарнамаға тыйым салынады» делінген. Сол бапта жөнсіз жарнамаға былайша түсініктеме беріледі. «Жеке тұлғалардың нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, кәсiбiне, әлеуметтiк жағдайына, жасына, жынысына, дiни және саяси нанымына қатысты қорлайтын сөздердi, теңеулердi, бейнелердi пайдалану арқылы жалпыға бірдей қабылдаған iзгілік пен мораль нормаларын бұзатын мәтiндiк, көрiнiстi, дыбыстық ақпаратты қамтитын...» деп жазылған. Біз сөз етіп отырған жарнама Ана тіліміздің ешбір ережесіне сай келмейтіндігімен және мағынасыздығымен жөнсіз жарнама деп санаймыз. Ал, бұл жарнаманың Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залының дәл қасында ілініп тұрғанына бір айдай уақыт болды. Сонда Заң талаптарын бұзған жарнаманы жариялағандарға ешқандай шара қолданылмайды ма? Көкейдегі сан сауалдың жауабын іздеп, «Баласағұн» тұрғын үй кешенін салушы компанияның жарнама бөліміне бардық. Алдымен жарнамаға жазылған сөз тіркестерін талдап беруін сұрадық. Бірақ, тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияның «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысы Медет Маратұлы өзінің тіл маманы еместігін айтып, талдай алмады.
– Бұл жарнаманы ешқандай тілден аударған жоқпын, өзім ойлап таптым. Халыққа жылы сөзбен ой жеткізгіміз келді. Мұнда айтпағымыз – мәселе үйде емес, яғни қандай ауданда, қандай үйде тұратыныңыз маңызды емес, ішіндегі адамдар кім, қандай отбасы? Ал қазір қысқа да нұсқа сөзбен мағынаны жеткізу тренд болып кетті. Сондықтан негізгі ойымызды креативті сөзбен жеткіземіз деп ойладық. Маркетинг саласында жүргеніме біраз жыл болды, бұған дейін мұндай жағдайға кездескен емеспін. Тек грамматикалық жағынан қате болғанда ғана жарнама сөзіміздің дұрыс еместігін айтып келгендер болды, біз оны дереу дұрыстайтынбыз. Ал, бұл жолы сіздер ескертіп отырған жарнамамызда «мағынасы дұрыс емес» деді тіл бөлімінен келгендер. Мен олардан «Бұл жерде грамматикалық қате бар ма? Мүмкін бір жерінен қате жібердік па?» деп сұрадым, олар «біз тексеріп көрдік, ешқандай қате жоқ» деді. Ал, біздің осы сөзімізге қатысты пікір білдіріп бірер кісі келді, олар «ойларыңыз ерекше екен, ойланатын адам үшін мұнда үлкен мағына жатыр» деді. Біздің баннеріміздегі сөз өзге тілде емес, қазақша тұр. Осыған дейінгі тәжірибемде сөздің мағынасына үңілетін адамдар барын бірінші рет кездестіріп тұрмын. Таразда 400 мыңнан аса халық тұрады, сол адамдар бұл сөзді өз деңгейінде, әрқалай түсінеді. Қазақ халқының нақыл сөздерінде түрлі сөздер бар, соларды әркім әрқалай түсінеді ғой, біз оларды «Бұл жерде мағынасы олай емес, былай болу керек» деп айта алмаймыз ғой, – деген Медет Маратұлы өз жарнамаларындағы болмашы сөздерін халықтың нақыл сөздерімен салыстырды.
Тіпті, онымен де қоймай ойлана білетін адам үшін үлкен мағына беретінін айтқанына не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Егер креативті ой деп санайтын осындай бас- аяғы жоқ жарымжан сөз тіркестерін «ерекше» деп бағалайтын болсақ, кешегі бабалардан асыл мұра болып қалған қоры бай көркем сөздерімізді, тілдің құдіреті мен құнын кейінгі ұрпақ білмей кете ме деген қорқыныш ұялады жүрегімізге.
Бұл жарнаманың ілінгеніне екі аптадай уақыт болғанын «Сату және маркетинг» бөлімінің басшысы айтты. Оны айтқан күннен бері тағы екі апта өтті. «Енді қашан түзетесіздер?» дегенімізге «Әлі қарастырамыз, ол бірер күнде бітетін іс емес» деді. Яғни, тағы бірнеше күн тұруы әбден мүмкін. Сонда жарымжан жарнамасымен Ана тілімізді қорлап, Заң талабын бұзған бұл іске тоқтам жоқ па? Ешқандай шара қолданылмай ма? Ұлттық құндылығымыз саналатын тілге келгенде, біз неге шарасызбыз?
Бәлкім, бұл жарнаманы «пунктуациялық та, грамматикалық та қатесі жоқ, ешқандай аударма емес» деп таныған Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева біраз күн бұрын жіберген сауалымызға назар аударып, жауабын жіберер деп күтеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді