«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта мыңнан аса көлік қар құрсауында қалған

Аймақта мыңнан аса көлік қар құрсауында қалған
Ашық дереккөз
Жылдың алғашқы күндерінде «Қазгидромет» синоптиктері еліміздің 16 облысында дауылды ескерту жариялағаны белгілі. Мәліметке сүйенсек, бұл күндері Әулиеата өңірінің солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аймақтарында тұман түседі делінген. Бұдан бөлек, солтүстік-шығыстан жел соғып, оңтүстік-батысқа ауысатыны айтылды. Ал, аймағымыздың таулы аймақтарында және оңтүстік-батыс пен солтүстік шығыста желдің екпіні секундына 15-20 метрге жететіні ескертілді. Айта кетейік, дәл осы күндері ел бойынша 200-ге жуық адам қар құрсауында қалды. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігіне қарасты Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомед Ахриев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңде төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында министрдің бұйрығымен 37 мыңнан астам жеке құрам мен 13 мыңнан астам техника топтамасы бекітілген. Сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін арнайы міндеттер айқындалған.

– 2025 жылдың алғашқы бес күнінде 199 адамды есепке алып, эвакуацияладық, оның 27-сі бала. Сондай-ақ, қар құрсауынан 22 техника, оның ішінде бір автобус шығарылды. Республикалық деңгейде басқару орталығының базасында осы төтенше жағдайларға байланысты іс-қимылдарды үйлестіретін республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Мұндай штабтар облыстық деңгейде де бар. Сондай-ақ, республика аумағында бір жарым мыңнан астам эвакуациялау және жылыту пункті құрылды, – деді М.Ахриев.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қазақстандықтарға үндеу жасап, жол қозғалысына қатысушыларды ауа-райының күрт нашарлауы жағдайында барынша сақ болуға шақырды. Ол жолға шыққан жағдайда келесі ережелерді қатаң сақтауды ұсынып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты шектеулер мен талаптарды бұзғандардың заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертті. «Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Ауа- райының нашарлауы жағдайында әр қадамыңыз маңызды рөл атқарады. Мұзтайғақ, күшті жел, боран немесе тұман күнделікті сапарыңызды қауіпті сынаққа айналдыруы мүмкін. Сондықтан алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Кейде күткен дұрыс, себебі өз өміріңізді және өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тігуге болмайы. Жолдарда тәулік бойы полиция қызметкерлері мен құтқару бөлімшелері кезекшілік атқарып жатыр. Олардың басты мақсаты – сізге көмек көрсету. Төтенше жағдайда бірден тиісті органдарға жүгініңіз», – деді ол.

Ал, облыстық полиция департаменті ауа-райының нашарлап, желдің күшеюі және қар аралас жауын- шашынның түсуі салдарынан жолдың көрінуінің шектелуіне байланысты 4 қаңтар сағат 23:30-дан бастап барлық көлік құралдары үшін Тараздан Алматы қаласы бағытына қарай Қордай асуындағы жол жабылғанын хабарлады. Атап айтқанда, «Алматы- Ташкент-Термез» тасжолының 159-шақырымынан 238-шақырымға дейін жол қатынасы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, 7 қаңтар сағат 17:00-ден бастап «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының 534-шақырымы Айша бибі ауылынан 593-шақырым Шақпақ ата ауылы Түркістан облысының шекарасына дейінгі жол жүргізушілердің жолды көруі шектелуі салдарынан жабылды. Бұл күні қозғалыс шектелген күре жолдардың бойында 580 жүк көлігі және 465 жеңіл автокөлік қаңтарылып қалып, полиция қызметкерлері жолаушылардың қауіпсіздігі әрі төтенше жағдайлардың болуының алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізді. Аталған жұмыстарға 100-ден астам полиция қызметкері мен 45 автоэкипаж жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары Жуалы ауданының Шахан асуында қалған 14 тұрғынды Көлтоған ауылына жеткізіп, оларды туыстарының үйлеріне орналастырды. Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлері қар құрсауында қалған 10-нан аса көлікті алып шықты. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының аумағындағы барлық жолдар ашық. Патрульдік экипаждар Айша бибі ауылынан Түркістан облысына қарай 15-20 минут сайын 20 көліктен аттандыруда. Ал, Алматы қаласына қарай жол жүру ескі Қордай асуы арқылы жүзеге асырылуда.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар