«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талпыныстар табысқа жетелесін

Талпыныстар табысқа жетелесін
Ашық дереккөз
Әр келген жылдан жақсылық күтетініміз рас. Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қарапайым еңбек адамына назар аударғаны қуантып отыр. Еңбекпен көзін ашқан ауылдың перзенті ретінде Мемлекет басшысының бұл шешімін қолдаймын. Себебі, қарапайым еңбек адамдарының атқарып отырған жұмысы ерен.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қарапайым еңбек адамдары құрмет пен марапатқа көбірек ие болар деген үміттемін. «Ауыл» партиясының мүшесі ретінде ауылға шынайы бетбұрыс болады деген сенімдемін. Елді мекендерге әлі де көптеген қолдаулар болғанын қалаймын. Ауылдықтарға арнап, агробанк ашылып, еңбеккерлер керекті қаражаттарына еркін қол жеткізсе деймін. Ауылда төрт түлік көбейіп, одан табиғи өнімдер дайындалып жатса, үлкен игілік сол. Қазір қаладағы тұтынып жүрген тағамдарымыздың түрлі қоспасы көбейіп кетті.

Кәсіпкерлік саласы да өркендеуі қажет. Биылғы жыл іскер азаматтардың да жылы болса деген тілегім бар. Ауылда түрлі кәсіп ашатын азаматтар көбейіп, сол кәсібі өздеріне нәсіп болса деймін. Ол тоқыма цехы бола ма, қолөнер шеберханасы бола ма, наубайхана, кірпіш, макарон цехы бола ма? Жұмыртқадан, құс етінен өнім шығаратын кәсіпорын бола ма? Оның баршасы – кәсіпкерлік. Ауыл жастары істің көзін, байлықтың өзін тапса. Мемлекеттің де талап етіп отырғаны осы. Үкіметтен көмек болады деп қол қусырып отыратын күндер келмеске кеткен. Ол жағын жақсы түсінуіміз керек. Кәсіпкерлік, өнеркәсіп, өндіріс дамуы керек. Осындай дамулар болған сайын ел өркендейді. Әр азамат жеке дамуы керек. Әр жастың арманы асқақтап тұрғаны жөн. Сонда биік шыңдарға қолы жетеді. Армандар орындалған жыл болсын деген тілектемін. Есігімізді қағып кірген жылан жылы жақсылықтар мен берекеге, молшылыққа толы болсын. Жыланның түсі суық болғанымен, ниеті жақсы дейді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Мемлекетіміз өрге басып, айналамызға ырыс толғай!

 

Сәуле РЫСБАЕВА,

«Құрмет» орденінің иегері,

Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар