Әсіресе биыл сексенге келіп отырған үш жазушының кітаптары кеңінен насихатталса деген тілектемін. Жай ғана оқылып қоймай, тереңінен талданса нұр үстіне нұр болар еді. Біз осы жасымызға дейін не жаздық? Өзіміздің заманымыздың сөз сарайын сала алдық па? Қандай жаңа бейне бердік? Қандай адамдардың мінез-құлқын көрсете алдық? Оның ішінде жаңа адамдар бар ма? Міне, осы сауалдарға жауап тапқанымыз жөн.
Біздің жастық шағымызда түрлі қызу талқылаулар болатын. Қазір де әдебиет туралы талқылаулар кеңінен өтсе екен деген ұсынысым бар. Пікірталас аясында біздің де шығармаларымыз қызу талданса тамаша болар еді. Осылайша оқырмандарымызды қайтарар едік деп ойлаймын.
Екінші айтарым: қазақ әдебиеті, әрине, әлемдік деңгейдегі әдебиет. Бірақ оның да кемшілігі мол. Ол кемшіліктер әртүрлі жағдайлардан болады. Міне, сол авторлардың жағдайы енді түзеліп келе жатыр. Мен әріптестерімнен үлкен дүниелер күтемін. Біз жазбасақ, ешкім жазбайды. Қоғамда болып жатқан өтпелі кезеңнің бір мыңжылдықтан екінші мыңжылдыққа өтуін, қоғамның деңгейін біз суреттеп кетуіміз керек. Міне, біздің ақын-жазушыларымыз осыған жауапкершілікпен қараса екен.
Тағы бір мәселе, біздің тарихымызда да жазылмай жатқан дүние көп. Мәселен, бір ғана Тараздың тарихына үңілейікші. Екі мың жылдық тарихтың кезеңдерін қай жазушы талдап жазып жатыр? Ешкім жазып жатқан жоқ. Бұл бізге сын емес пе? Тараздықпын дейміз, зиялымыз дейміз, ал тарихымызды білмейміз. «Шах Махмут» деген пьесаны тәмамдауға таядым. Бұл туынды Тараз қаласының орта ғасырдағы нағыз гүлденген дәуірі туралы. Сол кезеңде өмір сүрген Шах Махмут – қазіргі біздің Әулие ата. Әулие ата кім екенін ешкім білмейді. Қарахан дейміз де қоямыз. Міне, сол кісінің өмірі туралы қалам тарттым. Өйткені, тарихымыздың да біраз құпия қатпарларына тереңінен еніп, оқырманға тың дүние қалдыру біздің міндетіміз. Жалпы Қарахан дәуірі еш уақытта көркем әдебиетте жазылмаған. Ғылыми еңбектер бар, бірақ көркем әдебиетте жоқ. Бұл тұрғыда шамам келгенше тер төгіп жатырмын.
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы, драматург,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді