«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Алғашқы күнпарақтың беттерімен, Орын ал, тарихымның қақ төрінен»

«Алғашқы күнпарақтың беттерімен, Орын ал, тарихымның қақ төрінен»
Ашық дереккөз
Жыр-шашу

Жаңа жыл түні

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,

ақын,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ақ жұлдыздар тойлап,
Ақ аспанда ойнап.
Асығады жерге,
Жаралғандай ардан,
Ақ көбелек арман.

 

Қырдан қырға зулап,
Сәбилер жүр шулап,
Жарысып пәк желмен.
Пейілге нұр сеуіп,
Шаңғыларын теуіп.

 

Шаттыққа ән қосып,
Алақанын тосып,
Шыршалар тұр әне,
Мейірім сыйлап миға,
Көктен қонған сыйға.

 

Сыймайтұғын сөзге,
Көрінбейтін көзге.
Тек Аллаға аян,
Ақ әлемде жарық,
Бақыт бары анық.

 

... Жаңа жылдың күні,
Жаңа үміттің тіні.
Сол бір бақыт кірсін,
Бүгін әрбір үйге –
Жырылмаған күйде.

Сенен жаңа бақ күтемін

Үміт БИТЕНОВА,

ақын,
Мәдениет және Білім саласының үздігі

 

Қуана тура кеп тұр жар салуға,
Жаңа жыл, сені әлем қарсы алуда.
Қаланы бетке ап біздің жаққа жеттің,
Нұр шашып қар жамылған қанша ауылға.

 

Жаңа жыл!
Жылда тойлар мейрамымсың,
Сағынып жылда тосар мейманымсың,
Кетсін де ескі-құсқы ескі жылмен,
Жаңа жыл – сәби көзін бейғам ілсін.

 

Жаңа жыл!
Сенен жаңа бақ күтемін,
Бақ тілеп ақ тілекпен ақты терім.
Айналып ай – жүзікке мұң – моншақтар
Сыңарлас қанша жүрек тапты теңін.

 

Жаңа жыл!
Жаңа бақыт, жаңа жырсың,
Жерімді жатыр тербеп дала – жыршым,
Түтіні түзу шыққан әрбір үйдің
Былдырлап бақшасында бала жүрсін.
Алғашқы күнпарақтың беттерімен,
Ашылған қандай тәтті сәттерің ең,

 

Жаңа жыл!
Ырыс-құтты мол әкеліп,
Орын ал тарихымның қақ төрінен.
Кіршіксіз кірбің-ғалам, ғадауаттан,
Таң қандай өзіңменен ғажап атқан.
Жақсылық беріп бүкіл жамағатқа,
Жарылқа Жаңа жылда, уа Жаратқан!

Жыл шашуы


Баймаханбет АХМЕТ,

ақын

Жәмиғаттың жиғызбай күлкі езуін,
Толқын-толқын тоғысты мың сезімің.
Бөлмеге әкеп орнатқан шыршамыздан,
Жыл келгендей жаңалық тұр сезіліп!

 

Жаңа жыл, ол – хош иіс, шырша демі,
Жаңа жыл, ол – орманның жыр-сәлемі.
Жарқырата ашады уағында,
Адамдардың бар қырын – тұмса әлемін!

 

Ботадайын бұйдасын үзген жаңа,
Жыл болғай деп келетін жүзден дара.
Тілек еттік. Жылнама бұйыртып тұр
Бізге жылан жақұтын іздеуді одан!

 

Танытатын барға – ынсап, жоққа – шыдам,
Дарытар құт қайырлы отбасына.
Жаңа жыл, ол – әзірше артылар тас,
Таразының салмағы жоқ басына!

 

Жаңғыртып жатқан түзді қар жамылып,
Арқырай шауып жетер арда күлік...
Жаңа жыл, ол – жаңадан бүрін жарып,
Кеудемізде көктейтін арман, үміт!

 

Шартарапқа шалқиды бұл шақта ұғым,
Ішімізден жараспас тынсақ бүгін.
Көрінбейтін көзге бір құдірет боп,
Төңіректеп бізді, әне, жүр шаттығың!

Ұқсас жаңалықтар