Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні ретінде мерекелейді. Тек православ тармағындағылар ескі күнтізбе бойынша 25 желтоқсанда атап өтеді. Ал, ежелгі алтайлықтар болса, 25 желтоқсанда Шырша мерекесін тойлаған. Себебі, осы күннен бастап күн түннен оза бастайды. Өріске кеткен малдың жайылу мерзімі ұзарады. Олар мұны Күннің Түнді «жеңген» кезі деп есептеп, қысқы тоқырау түні деп атаған. Бүкіл тіршілігі төрт түлікке тәуелді көшпенді халық үшін бұл үлкен қуаныш, үлкен мереке саналған. Бұл жайында белгілі этнограф-тарихшы әрі жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Өмір-тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы адам баласының уақытты межелеуіне қатысты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін» деп жазады. Ғалым-қаламгердің бұл пікірін В.Цибульскийдің «Лунно- солнечный календарь стран Восточной Азии», М.Ысқақовтың «Халық календары», Х.Әбішевтің «Аспан сыры» атты кітаптарындағы деректер де жоққа шығармайды. Бұл аз десек, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» кітабындағы деректерге назар аударайық. Автор еңбегінде жаңа жыл түніндегі «үлде мен бүлдеге» бөленген шырша мерекесінің І Петр патшадан көп әріде болғаны, түркілердің де өз дәуірінде бұл мейрамды тойлағаны баяндалады. Кітаптың «Шыршалар мерекесі» тарауында зерттеуші бұл ойын нақты мысалдармен айқындайды: «Ежелгі түркілердің танымы бойынша, шырша құдайлардың жерасты әлемін адамдар әлемімен жалғастырушы ретінде қадірленген. Шырша тойын 25 желтоқсанда тойлаған түркілер түнді күннің жеңуімен байланыстырып отырғанға ұқсайды. Шырша орнатып, бұтақтарына қызылды, жасылды шүберек таспаларын ілiп, жанына сыйлықтар қойған. Сосын адамдар қол ұстасып, би билеген. «Корачун, корачун – қысқарсын», деп ән салған. Яғни, түн қысқарсын, күн ұзарсын дегендері. Бұл күні елдің бәрі жамандықты ұмытып, тек жақсылық жасауға тиіс болған. Еуропаға шырша тойын, Жаңа жылды тойлауды біздің ержүрек ата- бабаларымыз – ғұн-қыпшақтар апарған деп есептеуге болады. Тек он ғасырдан астам уақыттан кейін ғана І Петр Жаңа жыл тойын тойлауды Ресейге қайта әкелген. Содан кейін ғана, тек 1955 жылдардан бері біз Жаңа жылды орыс мейрамы ретінде тойлауымыздың сыры осы», – деп пікір қалдырады.
Ғалымның бұл пікірін елемей өте алмаймыз. Себебі, халқымыздың тұрмыс салтында әрбір тоқсанның келу мезгілі күн мен түннің ара қатынасына сәйкес өзгеріп, көктемгі күн-түн теңесімінде – Наурыз, күзгі теңесімде – Сабантой (Мизам шуақ), жазғы түн тоқырауында – Сабатой мерекелері атап өтілетін болған. Ежелгі түркі танымында күн – мәңгі және ол жыл сайын өліп, қайта тіріледі. Оның өлетін күні жыл ішіндегі ең қысқа күндіз тәулігіне яғни, 22 желтоқсанға сәйкес келсе, қасиетті үш күннен соң күн сәулесі қайта туып, бұл күн, 25 желтоқсанға сәйкес келген. Бұны түркілер Нартуған деп атаған. Бүгінде чуваш, татар, башқұрт секілді түркі халықтары арасында тойланып, мажарлар тұрмысында «Карачун», поляктарда «Қызыл жұмыртқа» атымен байырғы қалпын бұзбай сақталған салт әуелгі болжамымызды айқындай түседі. Ш. Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім басшысы Асылжан Дулатиде Жаңа жыл мерекесінің түркілерден бастау алатындығын алға тартты. Тарихшының айтуынша, мерекенің басты нышандарының бірі ретінде шыршаның таңдалуы оның емдік- символикалық қасиеттеріне байланысты болған.
– Алдымен аталған шырша мейрамы қай ғасырлардан бастау алады және оны кімдер ойлап тапты деген сұрақтар төңірегінде ой қозғайық. Мәңгілік көгеріп тұрушы шырша мен арша ағаштары туралы ең алғашқы түсінік түркі халықтарында пайда болған. Ұлы даланың қожайыны болған түркілер әрбір жорығында немесе әрбір ұзақ-сонар көшінде даладағы барлық табиғат құбылыстарының тылсым жұмбағын игере білуге тырысқан халық, тіптен игеріп те алған. Себебі, сан мыңдаған ұзақ шақырымға созылған көш барысында ауру да, сырқау да болуы мүмкін, әрбір күнделікті ас-ауқатын сақтау да керек деген сияқты өмір қағидаларына мән беріп отырған. Соған байланысты, табиғаттағы барлық шөптер мен ағаштардың емдік, пайдалық қасиеттерін терең ұғынуға тырысты. Солардың ішіндегі Шырша мен Арша ағаштары көптеген ауруларға ем болған. Біле-білсеңіз бабаларымыз тек осы екі ағаштан ғана бесік жасаған. Неге? Себебі, арша ағашы тұрған жерге ешқандай шыбын-шіркей мен құрт-құмырсқа жоламайтын болған. Яғни, осы ағаштан тұрғызылған бесіктегі балаға ешқандай зиянкестер зиянын тигізе алмайды, сонымен қатар, ас-ауқаттың қасында тұрған арша барда ешқандай тамақ бұзылмайды. Қазіргі таңдағы көптеген әулиелердің басына салынған кесенелерге қарасаңыз, барлығының ағашы аршадан қаланған. Айша бибі кесенесін көрсеңіз, артқы оң жақ колонасында арша ағашының бөлшегін арнайы көрсетіп қойған. Ол ағашқа мың жылдан астам уақыт өтсе де әлі шірімеген кейпін сақтап тұр. Міне, бұл сонау мыңдаған ғасырлардан Дала философиясын меңгерген бабаларымыздың медициналық-эпидемиологиялық сақтанудың жолдары еді. Ежелден осындай қасиеттерге ие болған осы ағаштарға түркілер ерекше көзқараспен қараған, қатты құрметтеген. Мәңгілік өлместің символына айналған ағаштар деп тәу еткен, – дейді тарихшы Асылжан Дулати.
Осыған қарап-ақ, ата-бабамыздың арғы салтында Жаңа жыл бүгінгідей кейіпте аталып өтілмесе де, Нартуған мейрамы ретінде тойланған деп топшылауымызға болады. Тарихшылардың бірқатары бұл мерекеде түркілер Көк Тәңіріне құрбандық шалып, Жаратушыға тағзым еткен дейді. Қазақ арасында таралған соғымбасы беру дәстүрі дәл осы ғұрыптың жұрнағы деп есептейді. Тек әзірше бұл тарихшылардың болжамы екендігін есте ұстаған жөн.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа жыл Қазақ еліне құт әкелсін!
- 31 желтоқсан, 2024
Елге тағылымы да, табысы да мол болсын!
- 31 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді