«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ескі жыл – естелік, жаңа жыл – жаңалық!

Ескі жыл – естелік, жаңа жыл – жаңалық!
Ашық дереккөз
Уақыттың заңдылығымен ай соңынан ай, жыл соңынан жыл өтіп жатыр. Әрбір күннің, әрбір жылдың адамға беретін өзіндік несібесі бар. Әр уақыттың өзіндік ерекшелігі болады. Адам өткенге қарап шүкір етеді, алдағы уақыттан үміт күтеді. Сол сияқты, жылдың аяқталуы да адам баласына жауапкершілік жүктейді. Себебі, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат өткен жылда не істедім деп өз-өзіне есеп береді, өз-өзінен есеп алады. Ал, келер уақыт та адамға зор жауапкершілік жүктейді, себебі, мұнда да жоспар бар, жақсылықтан үміт бар. Өтіп кеткен кезеңнің өкініші болса, әттеген-айы болса, оны да алдағы уақытта қайталамауға талпыну саналы адамның ісі болса керек.

Ескі жыл – естелік, жаңа жыл – жаңалық! Халқымызда «Ескі жыл – есірке, жаңа жыл – жарылқа!» деген сөз бар. Ескі жылда күпірліктен гөрі шүкірлік басым болса, ол жылдың да жаман болмағаны деп білеміз. Қазақтың ежелден қалыптасқан таным-түсінігінде де өткенге шүкірлік айту жөн саналған. Ал, келер жылдың ырзық-несібесін, көрсетер жақсылығын да уақыттың еншісінде деп білген. Сондықтан да өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Әр кез адам баласы жақсылықтан үмітті.

Өткен жыл аймақ баспасөзі үшін де табысты, ерекше жыл болды. Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Aq jol» газетінің ұжымы да лайықты еңбек етті, аймақтың ақпарат саясатының дамуына үлес қосты. Аймақ айнасы саналатын басылымда елдік мәселелерден бастап, аудан, ауылдардағы түрлі өзекті мәселелер жарияланды. Аймақтың даму көрсеткіші, білім, экономика, ауыл шаруашылығы, медицина, руханият және өзге де салалардағы жетістіктер, сонымен қатар, аталған салалардағы күрделі мәселелер де оқырман қауымның назарына ұсынылды. Сондай-ақ, аймақтағы айта қаларлық оқиғалар, жағымды жаңалықтар да ақпарат ретінде дер кезінде қамтылды. Басылымды бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір десек, «Aq jol» газеті бұл үдеден шықты деп ойлаймыз. Әрқашан журналистер қауымын қолдап жүретін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Aq jol» газетінде жарық көрген кейбір өткір, сыни мақалаларға байланысты тиісті жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, назар аударып, қолдау көрсетті. Тиісті мекемелердің, оның басшылары мен мамандарының жарық көрген көкейкесті мәселелерге орай кері байланысы да жыл бойы басылым бетінде жарияланып отырды. Әрқашан қазақ баспасөзіне деген құрметі бөлек әулиеаталық оқырмандардың да белсенділігін айтып өту керек. Елімізге кеңінен танымал қайраткер азаматтардың ой саларлық жазбалары да жыл бойы жарияланды. Саналы оқырман бар кезде сапалы басылым болады. Облыстық «Aq jol» газеті қай кезде де оқырманмен бірге! Жаңа жылда баршаңызға амандық, денсаулық, бақыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар