«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кең әлемді танытатын – кітап

Кең әлемді танытатын – кітап
Ашық дереккөз
Жалпы, қоршаған ортаны тану, адамдармен қарым-қатынас, өмірдегі түрлі түсінік-танымдар маңызды. Осы құндылықтар адам өмірінде қандай бағалы болса, кітап та сондай құнды. Адамзатты тәрбиелеуде кітаптың құны бұрынғы кезде де жоғары болған, қазір де еңселі. Келешекте де биік тұғырынан түспейді деп ойлаймын.

Кітап дегенде баланың бәрі «Әліппе» оқулығынан бастайтын шығар. Содан кейін ептеп ертегілер әлеміне еніп, балалар жазушыларына бас қояды. Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев бастаған үлкен көш-керуенде талай-талай салмақты жазушы, ақындар бар.

Ал, есейген шақта, әдебиетті тани бастаған кезде Мұхтар Әуезов барлық оқырманның құндылығы болуы тиіс. Әуезовтың «Абай жолы» романы ешқашан ескірмейтін, тозбайтын байлық. Осы күні кейбіреулер «Жүз жылдан соң «Абай жолы» оқылмайды» деп сәуегейлік танытып жүр. Оны қайдан зерттеп, кіммен ақылдасып айтып жүргендерін білмеймін. Бірақ, «Абай жолы» жер бетінде бір қазақ қалғанша оқылатын асыл қазына. Ол романда қазақтың бүкіл болмысы, дәстүрі, балалардың тынысы мен тіршілігі, біздің бүкіл өміріміз қамтылған. Әуезовтың тілі қандай көркем, ойы қандай терең. Сол кездегі «сүзгіні» ойлап, сәл батып бара алмаған тұстары бар шығар. Мәселен, Құнанбай бейнесіне қатысты дегендей. Бірақ, негізінен ол романда қазаққа қажетті құндылық, болмыстардың бәрі жатыр.

Кітаппен адам өседі, кітаптан адам тәрбие алады. Оқыған адамның дүние танымы бөлек болады. Өмірі де нұрлы, сәулелі болып, өзі де төңірегіне алтын шапағатын шашып тұрады.

Бала күнімізден кітаппен дос болдық. Ол заманда ауыл тұрғындарының көпшілігінің қолынан кітап түспейтін. Қойшылардың, диқандардың етігінің қонышы кітап, журналға толы болатын. Қырманда, егіс даласында, демалысқа шыққанда жұрттың алып шығатын асылы – кітап. Туған күн, қуаныштарда кітаптан артық сыйлық жоқ болатын. Өзіміз де кешкілік жүзімге қарауыл болушы едік. Сол кезде қолымызда кітап жүретін. Сол бала күннен кітап оқығанның пайдасын есейгенде көп көрдім. Өміріме қажетті байлықты алдым. Қазір де мектеп, колледж, ауыл, аудан кітапханалары кездесуге шақыра қалса, әңгімені кітаптың құндылығынан бастаймын. Жастар мен жасөспірімдерді де осы байлықтан алыс кетпеуге шақырамын. Себебі, кітап беретін білімнен артық байлық жоқ. Кең әлемді кітаппен танимыз.

Келесі жылдың кітап оқу жылы болып жарияланып жатқанына қуанамын. Бұл – нәтижесін мол беретін ізгі бастама.

 

Қасқырбай НАРБАТЫР,

ақын,

Мәдениет саласының үздігі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар