«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билер кеңесі – бітімгершілік кепілі

Билер кеңесі – бітімгершілік кепілі
Ашық дереккөз
Билер кеңесінің қалыптасуы мен даму тарихы сонау ықылым заманнан тамыр тартады. Қай дәуірде болмасын, билерге артылған міндет жетіп-артылған. Ел арасында туындаған кез келген мәселені дуалы ауыз адамдар ақылымен, сабырымен, турашылдығымен әділ шешіп отырған. Қазір де солай. Бағзы дәстүр күміс жіппен жалғанып, заманына қарай қоғамда орын алған дау-дамайлар мен келіспеушіліктер сотқа жетпей шешілуде.

Ауданымызда осыдан алты жыл бұрын аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің ықпалымен бірқатар тірлік тиянағын тауып келеді. Билер кеңесі арнайы бекітілген ережеге сәйкес «Медиация туралы» Заңның және ұлттық дәстүрлі құқықтық негіздер аясында қызмет атқаруда. Аудандық билер кеңесі және ауылдық билер кеңестерінің аудандық сотпен бірлескен «Дәнекер» пилоттық жобасы бойынша көптеген мәселе қаралды. Тарқатып айтсам, «Азаматтық» құқықтық істер бойынша 110 мәселе қаралып, шағым иелерінің барлығы татуласса, «Еңбек» құқықтық істер бойынша 26 істің 20-сы бітімге келді. «Отбасылық» құқықтық істер бойынша қаралған 137 істің 133-і татуласумен аяқталды. Ардагерлерден түскен 12 арыз-шағым қаралып, оның 8-і оң шешімін тапты.

Бүгінгі таңда өзім төрағалық етіп отырған билер кеңесінің құрамында Рахымбек Жапаров, Абдухалил Маюфи, Орынбай Рысбаев, Ошақбай Ибраимов, Сабри Асанов, Сембек Пірімқұлов сынды көрген-түйгені мол, халық арасында абыройлы, әрдайым әділдікке пейіл берген ардагерлер бар. Ауылдық округтерде де кеңестер құрылып, қызметтерін жүйелі атқаруда. Олардың барлығы дауларды сотқа дейін реттеп, бітімгершілік және татуласу рәсімдерін дамытуға үлес қосып жүр. Кеңес мүшелері сондай-ақ өңірдің қоғамдық өміріне етене араласып, аумақта өтіп жатқан тарихи-танымдық, мәдени-көпшілік, спорттық-патриоттық шаралардың барлығына дерлік қатысуда. Бұған қоса, аудандық билер кеңесі қалың жұртшылыққа тәлім-тәрбие беретін түрлі байқаулар, семинарлар мен кездесулер ұйымдастыруға ден қойған. Биыл осындай 82 іс-шара өткізілді. Солардың бірқатарына тоқталып өтсем деймін.

Қазақ халқында дін мен дәстүр бір ұғым екені бесенеден белгілі. «Ырыс алды – ынтымақ» десек, еліміздегі еркіндік алған дәстүрлі діннің діттегені – бірлік пен береке, достық пен татулық. Осыған орай ауданда «Дін – халық дәстүрлерінің шырақшысы» атты ауқымды конференция өтті. Алқалы жиынға облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Қанат Жұмағұл, Жамбыл облысы «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыпов, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті құрамындағы «Дінтану» орталығының бас маманы Бахтияр Алпысбаев қатысып, халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының түп тамыры, тәлім-тәрбие маңыздылығы жайында әсерлі әңгіме өрбітті.

«Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» демекші, бұл басқосуда дін мен дәстүрдің мәні, жас ұрпақты мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеу, отбасы құндылықтарының маңызы, кісілік пен кішілік, әділдік пен адалдық, салт-сана мен діни таным, атадан қалған мұра мен мирастың қасиеті және басқа асыл дүниелер хақында тамырлы ой қозғалды.

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – татуласу келісімінің тиімділігі сөз болған кезекті бір жиында Жамбыл аудандық сотының төрағасы Айгүл Шымырова, аудан прокурорының орынбасары Ұлан Қилыбаев, аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және билер кеңесінің мүшелері дауды бітіммен аяқтауға қатысты мәселелерді талқылады. Ең бастысы, азаматтар медиация институты, билер институты, сотқа дейінгі хаттама – осының барлығы татуластырудың бағыттары болып табылатынын, сот процесімен салыстырғанда уақыт және қаржы үнемдеу тұрғысынан тиімді жол осы екенін ұғынып келеді. Кейбір істерді медиаторлардың және билер кеңесінің қарауына беріп, соттардың жүгін едәуір жеңілдетуге қол жеткізіліп отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркеповтың қатысуымен Өрнек ауылында өткен жиында ұлт тәрбиесі, ысырапшылдық пен астамшылыққа, дарақылыққа жол бермеу, той өткізу, қайтқан адамды соңғы сапарға шығарып салу рәсімдері жайында сөз айтылып, халықтық қалпымызды сақтауға мән берілді. Бұл ретте егемен еліміздің тұрақты дамуына және бірлік-берекесіне, ақылман ақсақалдардың өмірлік өнегесіне, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға байланысты тағылымды істердің атқарылып жатқаны кеңінен аталып өтті.

Ал, жуырда аудандық билер кеңесі жыл қорытындысын шығарды. Жыл үздіктерін саралау нәтижесінде Полатқосшы ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Рахымберді Саламатов «2024 жылдың үздік биі» деп танылды. «Ең белсенді би» атағын Өрнек ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Қаржау Қосаров, «Ең сыйлы ақсақал» атағын Бесағаш ауылдық округі ардагерлер кеңесінің, аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Жетібай Бөрібеков иеленді. Өмір оқулығындай, тәрбие мектебіндей болған бұл ақсақалдар ел арасында ынтымақ пен берекенің сақталуына, халқымыздың рухани-тарихи тамырына қан жүгіртуге, салт-дәстүріміздің жаңғыруына ықпал етті.

Әлбетте, еліміз бен жерімізде береке болсын десек, ең алдымен ұлт тәрбиесіне мән бергеніміз абзал. Осындай мақсат жолын адал да әділ, иманды да ақылман, намысқой да ұлтжанды ақсақалдар бастай беретініне сенімдімін.

 

Батырбек САРШАЕВ,

аудандық билер кеңесінің төрағасы.

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар