«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талабы таудай Дәурен

Талабы таудай Дәурен
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент бұл ретте техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін баса айтты.

Жалпы, еңбек адамы жайында әңгіме айтыла қалса, аға буын өкілдері сөз төркінін келмеске кеткен кеңес тұсындағы кезеңмен, сол кездегі идеологиямен сабақтап жатады. Рас, сол жылдардағы мерзімді басылымдарды парақтасаңыз, егін шаруашылығын шалқытып отырған ауылдардың астықты артығымен алғаны, төрт түліктің басы былтырға қарағанда едәуір көбейгені туралы мақалалар жиі көзге түседі. Осы себепті, кеңес өкіметін көргендер сол бір заманда еңбек адамдарының мәртебесі биік болғанын айтады. Оның үстіне, дәл қазір біздің елде мемлекеттік наградалар бірінші зиялы қауымға, сосын барып еңбек адамдарына беріледі. Өкінішке қарай, бұл – бір жағынан қиындыққа қайыспай адал еңбек ететін мамандарды құрметтеуге қоғам дайын еместігін көрсетсе, екіншіден қарапайым жұмысшыларды ынталандыруға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айғақтайды. Ал, Президенттің келер жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау осы олқылықтың орнын толтырудың таптырмас мүмкіндігі. 

Шын мәнінде, кез келген адамды қанша жерде жұмыс істегені емес, қалай еңбек еткені абыройға бөлейді емес пе? Кейіпкеріміз Дәурен Даубаев жас күнінен-ақ тындырымды тірлігімен көзге түсіп, ел сенімін ақтай білді. Шымкент қаласында дүние есігін ашқан ол сонда мектеп бітірді, еңбекке араласты. Ал, қазір «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жамбыл облыстық филиалында тер төгуде. Дәурен Абдрахманұлы алғашында политехникалық колледжде «Бағдарламашы» мамандығында оқыса, кейінірек үшінші мегаполистегі М.Әуезов атындағы жоғары оқу орнының студенті атанады.

Сананы тұрмыс билейтіні рас. Әсіресе, оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас жігіт үшін екі қолға бір күрек табу оңайға соқпайтыны белгілі. Алайда, Дәуренге білім алған ұясында үйренген өнері ұшқанда қанат болды. Жас маман өзінің еңбек жолын «Нұр-Әбдірахман» серіктестігінде бастап, мұнда табаны күректей 5 жыл қызмет етеді. 2019 жылдың қыркүйеу айында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» біздің өңірдегі филиалына лаборант болып орналасады. Қазіргі таңда Дәурен мемлекеттік есеп бөлімінің инженері лауазымында.

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар