«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Той мәдениетін көтеру көптің ісі

Той мәдениетін көтеру көптің ісі
Ашық дереккөз
Бүгінде еліміздің саналы қоғамы той мен той өткізудің айналасында қызу әңгіме жүргізіп отыр. Иә, кешегі есті замандағы ұлы бабаларымыздың артында «Той – халық қазынасы» деген қанатты сөз қалғаны да ақиқат.

Өкінішке қарай, халықтың той өткізу дәстүрі бүгінде санаға сыйымсыз ерсі қылықтармен, орынсыз бәсекемен, шексіз ысырапқа бой алдырып, ойдан емес қолдан ойлап шығарған «дәстүрлермен» дүркіретіп өткізуге бет бұрып барады. Отбасында өткізілетін – бесікке салу, бір жасқа толу, тілашар, тұсау кесер, құда күту және басқа да болмайтын жасқа толу тойлары мейрамхана төрінен бір-ақ шықты. Ең алаңдатары бұл үрдістердің күн санап «бой бермей» бара жатқандығы. Ал, тойханаларға арнайы қымбат автокөліктермен кіру, ақша шашу, санаға қонымсыз «берері жоқ» ойындар ойнау мен «көрпесіне қарап көсілмей» тұрып аса қымбат бағаға әншілер мен асабаларды жалдауды қалай түсінуге болады?! Соңғы кезде әлеуметтік желіде «мың жылдық жаңа құдалардың» тіпті тікұшақпен келгенін және доллар шашқанын көріп жағамызды ұстадық. Бұл, әрине, қалтасы қалың азаматтарға жарасымды болар, ал әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен немесе орта ағайынның «мен басқадан кеммін бе?» деген қолдан жасалған желөкпе «намыс» жетегінде кетіп бара жатқандығы ешкімнің жанына батар емес.

Осы бір өкінішті жағдай қасиетті Әулиеата өңірінде үлкен қоғамдық талқыға ұласып, ардагерлер, ел ағалары мен қоғам белсенділері бас болып өзекті мәселеге орай өз ойларын ортаға салып отыр. Ондағы ең басты мақсат – ертеңгі ұрпаққа үлгі болар қазақтың салт-дәстүрлері мен тағылымды әдет-ғұрып құндылықтарынан қол үзбеуге шақыруға көптің назарын аудару болып отыр.

Сонымен қатар, осы талқылаулар аясында Жамбыл облысында Асабалар қауымдастығын құру туралы да өте жақсы ұсыныс көңіл көкжиегін көтеріп отыр. Ал, қазақтың салт-дәстүрлерін білмейтін, ұшқыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтар мен айшықты әңгіме айта алмайтын асабаларды осы құрылатын «Асабалар қауымдастығы» құрған комиссия тексеріп, той басқара алатындығы жөнінде сертификат берсе деген ойдамыз.

Әрине, тойды заңмен тоқтата алмасымыз ақиқат. Бірақ, ел болып, қабырғалы қоғам болып мұндай келеңсіз жағдайларға «басу айтып», тоқтамға шақырмасақ ертеңіміз не болмақ? Келер ұрпаққа қандай аманат қалдырамыз? Өзекті өртейтін келелі мәселелерді көтеру арқылы той мен той өткізу мәдениетін көтеруді басты бағытқа айналдыру мақсаты көзделуде.

Бүгінде ардагерлер мен қоғам белсенділерінің осындай ұсыныстары өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тарапынан қызу қолдауға ие болып отыр. Бұл қуанарлық жағдай. Өйткені, жергілікті атқарушы билік жүйесі алдағы уақытта бұл іске аса зор сергектікпен қарап, түрлі жолдармен түсіндіру және насихат жұмыстарына үлкен көңіл бөледі деп ойлаймын. Себебі, бүгінде той мәдениетін көтеру мен саналы той өткізу ісі көптің ортақ ісі болса деген тілек ардагерлер мен қоғам белсенділерінің жүрек төрінен түсер емес. Оған сенім зор, үміт үлкен!

 

Қонысбай ИЛЬЯСОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар