Ұлтымыздың бүгінге дейінгі бастан кешкен тағдырында жоңғармен болған шайқас ең қасіретті оқиға екенін тарихтан білеміз. Сол тарих беттерін парақтасақ, Әбілқайыр хан бастаған қазақ жауынгерлері жоңғарларды тықсыра қуып, жеңіске жеткен аймақ Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жазығы деп аталыпты. Бұл туралы археолог, этнограф Сауран Қалиев нақты деректерге сүйене отырып, әңгімелеп берді.
– Әбілқайыр даласындағы «Сұмқайтты» деп аталатын жазықты алқап Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. 1728-1730 жылдары тарихымызда біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі шайқастардың бірі болған «Сұмқайтты» даласын алғаш 1926 жылы жол құрылысының инженері және тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев Шу – Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған. 1997 жылы бұл жерді халық жазушысы Әбіш Кекілбаев мұқият зерделеп, нәтижесінде «Үркер» романын жазып, Әбілқайырдың жаңаша тарихи образын ашса, тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеген. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер-тұрман саймандары көптеп табылған. 1720 жылдың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғыста қазақ жасақтарын басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап тұрақтаған. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қан төгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер ел аузында «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастады, – дейді облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев.
Бұл тарихи дерек тек археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлермен, терең зерттеулермен ғана расталып қоймай, сол замандағы оқиғалар көлемді көркем шығармаға да арқау болып, бүгінгі ұрпаққа жетті. Біз бұны да этнографтың сөзінен аңғардық.
– Сұмқайтты жазығындағы шайқастың нәтижесінде жеңіске жеткен қазақ жасақтарының ерлігі туралы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романының «Жанталас» деген бөлімінде былай жазады: «Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан, жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты» болып өзгерген ат қойды» – деп сипаттаған. Яғни, әр аймақ атауының астарында үлкен мән, терең мағына жатыр, – дейді Сауран Қалиұлы.
Кей деректерге сүйенсек, Сұмқайтты жазығында біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастап-ақ жұрт қоныстанған көрінеді. Оған негіз болғаны – сол маңайдан табылған ежелгі қорымдар мен обалардың көптеп кездескені. Ал, тарихшылардың зерттеуіне қарасақ, мұнда VI-IX ғасыр аралығында өмір сүрген түркілердің ғибадаттары мен балбал тастар да аз емес. Сондай-ақ, шығыстанушы, Әулиеата қаласының белгілі зерттеушісі Василий Каллаур және шығыстанушы, археолог Петр Лерхтың жазбаларынан да Сұңқайты мекенінде бертінге дейін елдімекендердің болғанын кездестіреміз. Василий Каллаурдың жазбаларына қарағанда, жоңғар шапқыншылығында шейіт болған әскерлерді Әбілқайыр осы жерде жерлеген. Қазіргі уақытта да бұл маңайда Мыңмола, Мыңшейіт деген атаулар бар. Бәлкім, Әбілқайыр жерлеген шейіттерге мәңгілік мекен болғандықтан осылай аталып қалған болар.
Қазіргі Сұңқайтының сырын ақтарсақ, күллі елге өнеге болар отаншылдық, ортақ шаңырақтың азаттығы мен болашақтың қамы, елдің бақыты үшін жүзге, руға бөлінбей, бір тудың астына бірігіп, жауға қарсы тұрған бірліктің үлгісін табамыз. Жұдырықтай жұмылумен жеткен жеңістің құнын сезінеміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді