«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талабы таудай токарь

Талабы таудай токарь
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Президент бұл ретте техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін баса айтты.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді», – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, еңбек адамы жайында әңгіме айтыла қалса, аға буын өкілдері сөз төркінін келмеске кеткен кеңес тұсындағы кезеңмен, сол кездегі идеологиямен сабақтап жатады. Рас, сол жылдардағы мерзімді басылымдарды парақтасаңыз, егін шаруашылығын шалқытып отырған ауылдардың астықты артығымен алғаны, төрт түліктің басы былтырға қарағанда едәуір көбейгені туралы мақалалар жиі көзге түседі. Осы себепті, кеңес өкіметін көргендер сол бір заманда еңбек адамдарының мәртебесі биік болғанын айтады. Оның үстіне, дәл қазір біздің елде мемлекеттік наградалар бірінші зиялы қауымға, сосын барып еңбек адамдарына беріледі. Өкінішке қарай, бұл – бір жағынан қиындыққа қайыспай адал еңбек ететін мамандарды құрметтеуге қоғам дайын еместігін көрсетсе, екіншіден қарапайым жұмысшыларды ынталандыруға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айғақтайды. Ал, Президенттің келер жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау осы олқылықтың орнын толтырудың таптырмас мүмкіндігі.

Шын мәнінде, кез келген адамды қанша жерде жұмыс істегені емес, қалай еңбек еткені абыройға бөлейді емес пе? Кейіпкеріміз Мұхтар Сейтаев жас күнінен-ақ тындырымды тірлігімен көзге түсіп, ел сенімін ақтай білді. Бақалы ауылында дүние есігін ашқан ол сонда мектеп бітірді, еңбекке араласты. Ал, қазір Қосбөлтек ауылындағы шағын шеберханада тер төгуде. Мұхтар Төренұлы әуелгіде ағаш ұстасы болуға ден қояды. Оның бұл мамандықты таңдауына асқар тау әкесі себепкер болған көрінеді. Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм әкесі Төреннің де ұсталықпен атағы шыққан екен. Төрен ақсақал көзі тірісінде ағаш ұстасы атанып, ел-жұртқа тұрмыста пайдаланатын қажетті құрал-саймандарды жасап берумен айналысыпты. Ес білгелі әкесінің жанында жүрген Мұхтар бала күнінен бұл кәсіптің қыр-сырына қанығып өседі.

– Әлі күнге дейін есімде, әкем үйге түрлі құрал-саймандарды сатып әкелетін еді. Оның жанында жүріп, барлығын пайдаланып көруге қызығатынмын. Кейде балалықпен сапалы әрі керекті тақтайларды кесіп бүлдіріп қоятынмын. Мұндай сәттерде әкем дауыс көтеріп, ұрыспайтын. Сөйтсем, ол кісі менің бойымдағы қызығушылығымды байқап, үйренсін деп бетімнен қақпайды екен ғой. Мектеп бітірген соң, ағаш ұстасы мамандығы бойынша екі училищеде білім алдым. Ең алғашқы еңбек жолымды Ақтөбе қаласында жиһаз фабрикасында станокта балғашы болып бастадым. Айта кету керек, ағашпен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Ал, темірден түйін түю қиынның қиыны, – дейді Мұхтар.

Сананы тұрмыс билейтіні рас. Әсіресе, тоқырау жылдары ауылдықтар үшін екі қолға бір күрек табу оңайға соқпады. Жер шарының төрттен бірін жайлаған алып Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін халықтың тұрмысы ауырлап, күн көру қиындап кетті. Сол кездегі экономикалық-әлеуметтік ауыртпалық қоғамдағы түрлі саланы қамтып, зауыт-фабрикалар жабыла бастады. Кейбір зіңгіттей жігіттер ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамына кіріп, елді тәртіпсіздік жайлады. Ал, жұмысынан босап қалған ер азаматтардың көпшілігі шарасыздықтан ащы суға құмартып, мыңдаған шаңырақтың берекесі қашты. Осындай қиын-қыстау күндерде қолынан іс келетін жігіттер тұралап қалған колхоздың жұмысын жандандырып, тығырықтан шығудың жолын іздеді. Олар жастайынан іскер қылуға баулыған ата-анасының үмітін ақтап, отбасын асырау арқылы ел экономикасын дағдарыстан аман сақтап қалды. Сол кезді есіне алған Мұхтар Төренұлы ұяда үйренген өнері ұшқанда қанат болғанын айтады.

– 2000-шы жылдары колхозға токарь керек болды. Содан Әбілхан деген ағамыз маған токарьлықты үйретті. Ол кісінің жанында үш күн жүрдім. Уақыт өте өзім де істей бастадым. Ең алғаш тракторға бұрандалы болт жасап бергенім есімде. Алғашқы затым тапсырыс берушінің көңілінен шығып, қанаттанып қалдым. Негізінен, токарьдың қызметіне қарапайым шаруалар көп жүгінеді. Ерте көктемнен қара күзге дейін дамыл таппайтын шаруалар бізге ауыл шаруашылығы техникалары үшін дүкенде табыла бермейтін бөлшектерге тапсырыс береді. Мұндайда уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Ол күндері таңғы сағат алтыдан түннің жарымына дейін жұмыс жалғасады. Себебі, науқан кезінде шаруалар үшін әрбір күн қымбат. Таңертең тапсырысты аяқтап беру керек болса, түні бойы жұмыс істеп аяқтауға тырысамын. Жалпы, темірмен жұмыс істеуде дәлдік пен төзімділік аса қажет. Шеберханамда токарь станогы, тесу, қайрау, кесіп, кигізу станоктары бар. Сонымен қатар, мұнда көпшілікке дәнекерлеу қызметін ұсынамын. Дәнекерлеуді Ақбастау ауылындағы колледжде оқып жүргенде меңгердім. Шын мәнінде, жасқа да, жасамысқа да білім алу ешқашан артық болмайды. Керісінше, көп оқып, біліп, үйренген сайын табысың да арта түседі, – дейді ол.

Бүгінгі таңда Мұхтар өмірлік жұбайы Фарида екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыш перзенті электрик болса, екінші ұлы – құрылысшы болып еңбек етеді. Ал, сүт кенжесі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Жуырда ғана екінші ұлы Оразбек Қарулы Күштер қатарында азаматтық борышын абыроймен өтеп, отбасына оралды. Осы ретте Мұхтар Төренұлы токарь болуға ынтасы бар жастарға білгенін үйретуге дайын екенін баса айтты. «Токарь – өміршең мамандық», – деген жігіт ағасы «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші яғни, кәсіпкерлік бойынша 2,5 пайызбен несие алуға құжат тапсырғанын да жеткізді. Ол сәті түсіп, қаржыға қолы жетсе, ғимаратты жөндеп, станоктарды жаңартып, жанына көмекші алуды да жоспарлап отыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар