«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын ауыл

Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын ауыл
Ашық дереккөз
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі, 2,5 пайыздық үстемемен берілетін жеңілдетілген шағын несие арқылы өз ісін бастаған жандар көп. Бүгінде бағдарлама жетілдірілуде және ашылған кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаруалар өндірген өнімін өткізу жолдарын нақтылау белсенді жүріп жатыр.

Бүгінде бесінші бағытқа басымдық берген жоба Талас ауданының Бостандық ауылдық округінде де жалғасын тауып келеді.

Ауылдық округ әкімі Мұратхан Рысдәулетов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.

– Былтырдан бері Amanat партиясының жобасы бойынша ауылдық округтен 135 өтінім дайындаған болатынбыз. Бүгінде соның бәрі дерлік несие алды. Ауданның басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, осы бағытқа мейлінше мән бердік. Осы ретте ауыл тұрғындары арасында мүлікті кепілге қою мәселесі туындайтыны белгілі. Бұл да әкімдіктің араласуымен оңтайлы шешімін тапты. Қазір тұрғындарға тұрғылықты мекенжайынан бөлек өзге мүлікті кепілге қою мүмкіндігі қарастырылды. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының мүлкі 70 пайыздық көрсеткішпен бағаланып, тұрғындар жобаның игілігін көрді. Ауыл бойынша 135 адам 725 миллион теңге қаражат алды. Оның ішінде экочикен, мал басын бордақылау, мүйізді ірі қара бағыттары бар. Қазір өздеріңізге белгілі, жобаның бесінші бағытына басымдық берілуде. Сол бойынша наубайхана, шағын маркет, сүт қабылдаушы танкер ашылады деп күтілуде, – дейді Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов.

Аталған ауылдық округте барлық инфрақұрылымдық игіліктер қарастырылып, кәсіп ашушыларға қажетті жағдай жасалған. Оған елді мекендегі шаруа қожалықтардың санының көптігі дәлел бола алады. 2100 халқы бар округте 75 шаруа қожалығы болса, соның 55-і мал, өзгесі егін шаруашылық бағытында. Жобаның жемісін көріп, өз кәсібін бастағандардың бірі – Бүркітбек Құлекеев. Ол «Ауыл аманаты» аясында 7 миллион 600 мың теңге қаражат алып, экочикен өндіруді қолға алған.

– Өткен жылы мемлекеттен қаржы алып тауық өсіруге ниеттендік. Алғашында арнайы қоражайда 5000-ға жуық тауық ұстадық. Қазір қыс мезгілі болғандықтан тауық басын кемітіп отырмыз. Кәсібімізге әкімдік тарапынан толықтай қолдау көрсетілуде. Сойыс мезгілінде қоғамдық жұмысшылар көмектесіп те тұрады. Тауықтар 60 күнде дайын болып, сойылады да, базарға жөнелтіледі. Қазір әр тауықты 3000 теңгеден өткізіп отырмыз, – дейді кәсіп иесі.

Бұдан бөлек, ауданның шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығы болғандықтан, мұнда мал бордақылаумен айналысушылардың да қатары артқан. Солардың бірі – кәсіпкер Жансая Оңғарова. Ол бүгінде жұбайының көмегімен 132 бас қойды бордақылаумен айналысып отыр.

– Жоба аясында 8 миллион 600 мың теңге қаражат алып, қойды бордақылауды қолға алдық. Бұл ретте маған жолдасым көмектесіп отыр. Жобаның жақсылығын көріп отырмыз. Жыл басынан алған мал басының біразын сатып, орнын жаңа мал юасымен толықтырып та үлгердік. Соның арқасында алғашқы төлемімізді жасауға қамданып отырмыз. Өнімдеріміз ауыл арасында-ақ сатылып кетеді, арнайы жәрмеңкелерге де барып тұрамыз. Алдағы уақытта кәсібімізді дамытып, ет өнімдерін сататын орын ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Жансая Оңғарова.

Елді мекенде тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші де жоғары деңгейде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 11 жас несие алып, 42 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 5 жас қоғамдық жұмысқа қабылданып, 3 жас алғашқы жұмыс орыны бойынша жұмысқа орналасқан. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мұнда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тіркелмеген.

Ауыл әлеуетін арттыруға арналған жобаның қазіргі таңда алты ауылдық округте іске асырылып отырғандығын алға тартқан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан алдағы уақытта ауданның барлық 13 елді мекенін қамту жоспарда бар екендігін атап өтті.

– Өңірімізде 2019 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы былтыр Ойық ауылдық округінде іске асырылып, барлық бес бағыт бойынша 113 жобаға 643,09 миллион теңге қаражат алынды. Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша бүгінгі күнге барлығы 112 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы соммасы 554 миллион 140 мың теңге қаржы беріліп, 4 685 бас мал сатып алынды. Оның ішінде 2592 мал ауылы аралас, қойы қоралас көршілес Алматы, Түркістан облыстарынан сатып алынғандықтан, жерсініп кетеріне сенім мол. Осылайша, аталған округте мал басы 114 пайызға өскен, – деді ол.

Айта кетейік, бүгінде Талас ауданында аталған жоба Бостандық, Берікқара, Аққұм, Ақкөл және С.Шәкіров ауылдық округтерінде іске асырылуда. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтарды, құрылыс, кондитерлік және тігін цехтарын ашуға бағытталған жобаларды қаржыландыру көзделген. Осы бағытта келер жылы шағын несиемен 1500 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар