Облыстық стоматологиялық емхана керекті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Оның құрамында терапиялық, хирургиялық және ақылы бөлімдер бар. Сондай-ақ, қаламыздың 27 мектебінде стационарлық, стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейді. Емханада облыстағы тіс, жақ жүйесі ауытқулары бар балаларға көмек көрсететін ортодонтиялық кабинет жұмыс істейді. Тіс, жақ жүйесінің туа біткен ақаулары бар балалар емхананың білікті мамандарының қарауында. Емхана базасында заманауи құрылғылармен жабдықталған тіс техникалық зертханасы бар. Туа біткен ақаулары бар нәрестелерге біздің техниктеріміз арнайы пластиналар дайындайды. Бұл балалар диспансерлік тізімге алынып, әрі қарай Алматы қаласындағы «Ақсай» клиникалық ауруханасына білікті хирург мамандардың кеңесіне жіберіледі.
Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға жалпы наркоз арқылы тіс емдеу жолға қойылуда. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін, жалпы наркозбен стоматологиялық көмек көрсету кабинеті өз жұмысын жалғастырады. Бізде ауыл тұрғындарына стоматологиялық көмек көрсету үшін жылжымалы стоматологиялық кабинет бар. Биыл жылжымалы стоматологиялық кабинетпен қамтылған «КамАЗ» Меркі ауданына, Талас ауданына барды.
Емханада ақылы қызмет көрсету де жолға қойылған. Тіс импланттарын орнату операциялары, алмалы-салмалы тіс протездерін дайындау, ортопедиялық конструкциялар дайындау, тіс емдеу, породонт ауруларын емдеу сияқты қызметтерді ақылы бөлім дәрігерлері көрсетеді.
Тағы атап айтқым келетіні – облыстық стоматология емханасы Тараз қаласы мен облыстың стоматологиялық бейіндегі ұйымдарының жұмысын үйлестіретін ұйымдастыру-әдістемелік орталық қызметін де қоса атқарады. Мекемеде пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі ұйымдастырылған. Стоматолог дәрігерлер үнемі өздерінің кәсіби деңгейлерін арттырып отырады, мастер-кластарға қатысады, науқастарды емдеуді эстетика және функционалдылық талаптарына сай, соңғы буындағы стоматологиялық материалдарды қолдана отырып, заманауи жоғары технологиялық жабдықтарда жүргізеді. Емхана ұжымы пациенттің қауіпсіздігіне, оның дәрігерлерге деген сеніміне қамқорлық көрсете отырып, өз саласында үздік болуды көздейді.
Салтанат АМАНЖОЛОВА,
«Жамбыл облыстық стоматологиялық емхана» ШЖҚ МКК директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді