Мүмкіндігі шектеулі мыңнан аса азамат тұрақты жұмыспен қамтылды
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 03:02
- 60
Президентіміз Жолдауында денсаулық, мәдениет, білім салаларымен қатар халықты жұмыспен қамту шараларына көңіл бөлгені жақсы белгілі. Осы бағытта қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету.
– Бүгінге облыс көлемінде 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде бірінші топтағы – 4 586, екінші топтағы – 16 534, үшінші топтағы 17 629 адам бар. Ал, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6 822 адамды құрайды. Осы жылдың 10 айында 2171 адам мүгедектікке шығып отыр. Былтыр бұл уақытта 2311 адам болған болатын. Аздап азайған. Биыл мүгедектікке шыққандардың 1571-і ересек адамдар, ал 600-і балалар. Есепті кезеңде 10 мың адамға шаққандағы алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіші – 17,7 пайыз, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға кеміген. Мұның ішінде 1185 адам еңбекке қабілетті болса, 386 адам зейнет жасындағы азаматтар, – дейді басқарма басшысы.
Биыл мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына қажетті сурдо-тифло, санаторлық-курорттық емделу, протез-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар, жеке көмекшіге қосымша ақы және гигиеналық кұралдар алуға жалпы бюджеттен 4,3 миллиард теңге қаралған.
– Осы жылдың 10 айында әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 93,9 пайызды құрап отыр. Ал, порталға тіркелген 25808 өтініштің 24209-ы қанағаттандырылды. Биыл әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларын 95 пайызға орындау жоспарланып отыр. Техникалық оңалту құралдарының жекеленген түрлері бойынша облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткіштер санаторлы-курорттық емделумен (86,7 пайыз) және протез-ортопедиялық құралдармен (90,2 пайыз) қамтамасыз ету бағыттарында кездеседі. Жекеленген бағыттар бойынша облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткіштер Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында орын алған. Атап айтсақ, протез-ортопедиялық құралдардың орындалуы Тараз қаласында – 87, Т.Рысқұлов ауданында – 89, Қордай ауданында – 89,7, Жамбыл ауданында – 90 пайыз. Ал, санаторлы-курорттық емделудің орындалуы Таразда 81,2 пайызды құраса, ымдау тілі маманының қызметімен Шу ауданы 66,7 пайызға қамтылды, – дейді Еркін Келесов.
Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасының» 84-тармағына сәйкес жыл соңына дейін Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып, осы жылдың 10 айында 189 нысанға 133,3 миллион теңге бөлініп, бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған. Жоспарланған межені тек Меркі мен Шу аудандары орындаған. Бүгінгі күнге 70 нысан бейімделмеген. Жалпы Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында нысандарды бейімдеу үлесі төмен деңгейде. Дегенмен, осы жылдың 10 айы өткенін ескерсек, бейімдеу жұмыстарының аталған аудандарда орындалмау қаупі бар.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүгедектігі бар балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуда.
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да атқарып отырған жұмыстары айтарлықтай. Басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 9 әлеуметтік жоба іске асырылып, 892 мүгедектігі бар адамдарға және балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 234,5 миллион теңге бөлінген.
Сондай-ақ, Байзақ, Жуалы және Мойынқұм аудандарында 60 мүгедектігі бар балаларға, ал Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында 18 жастан асқан 30 ересек мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан күндізгі оңалту және бейімдеу орталықтары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Бұл мақсаттарға жалпы жергілікті бюджеттерден 158,6 миллион теңге қаралған.
Бүгінге үкіметтік емес ұйымдар тарапынан мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды оңалту және бейімдеу мақсатында 11 күндізгі орталықтарда 320 азаматқа және 16 үйде қызмет көрсету бөлімшелерінде 438 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.
Мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, облыс көлемінде 2300-ге жуық мүгедектігі бар азаматқа инватакси қызметтері көрсетілуде. Бұл мақсатқа облыстық, Тараз қалалық және аудандық бюджеттерден 199,9 миллион теңге бөлініп, оларға 32 арнайы жабдықталған автокөлік қызмет көрсетуде.
Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің ұйымдастыруымен 14 бөлімше және 1 бөлімшеден тыс мамандары үйде қызмет көрсету жағдайында 711 мүгедектігі бар (ересектер – 202, балалар – 509) азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Жергілікті атқарушы органдар еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіпорындардағы жұмыс орындары санының 2-4 пайызға дейінгі мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгілейді. Биыл мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 37 мекемеде 57 орынға квота аясында жұмыс орындары бекітіліп, толық орындалған.
2024 жылдың 1 қарашасына Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2150 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 679-ы тұрақты жұмыстармен қамтылды. Ал, 482 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 21 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 45 адам жастар практикасына жолданды. Алғашқы жұмыс орындарына – 18 адам, «Күміс жас» жобасына 73 адам жолданса, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына – 40, онлайн оқыту курстарына 101 адам қатысқан. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 494 адам жолданып, 197 адам қайтарымсыз грант иегері атанды.
Бұдан бөлек, 102 жәрмеңке ұйымдастырылып, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 2108 жұмыс беруші мекемеден 6429 бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде, тұрақты жұмыс орындарына мүгедектігі бар 715 азамат орналасты.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың бекітілген үлгілік қағидалары арқылы жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін атаулы мереке күндері және мұқтаж азаматтарға өтініштеріне берілетін көмектерге 2024 жылға 1,4 миллион теңге қарастырылды. Биыл Ұлы Отан соғысы ардагері мен мүгедектері бар 8 ардагерге Жеңіс күніне орай 1,5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен ҰОС теңестірілгендерге және мүгедектердің жеке санатындағы 8026 адамға 1 миллион теңгеге әлеуметтік көмектер берілді. Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша 1166 балаға 47,2 миллион теңге тағайындалып, төленді. Енді, 2025 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнаулы әлеуметтік қызметтерді трансформациялау жұмыстары жүргізіледі. Трансформациялау барысында барлық көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер цифрландырылған «Socium» платформасы арқылы жүргізілетін болады, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов.
Сонымен қатар, 2025 жылы облыстағы 42 әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне өтеді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар міндетті түрде лицензияланады. Соның ішінде, басқармаға қарасты 19 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдары бар. Лицензия алу жұмыстары 2024 жылдың 26 желтоқсанында басталады. Осы жұмыстарды іске асыру үшін қазіргі таңда министрлік тарапынан аптасына екі рет «Zoom» платформасы арқылы оқыту жүргізілуде. Қазіргі таңда лицензия алуға дайындық дәрежесі 80 пайызды құрап отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Нәзікжандылардың белсенділігі артып келеді
- Бүгін, 03:22
Несие алу «сәнге» айналмаса игі...
- Бүгін, 02:54
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді