Еркіндік тек шектеулерден арылу емес, ол адамның өз жауапкершілігін түсінуі мен оны жүзеге асыруға мүмкіндік алуы. Бұл ұғым философияда, әдебиетте, саясатта және мәдениетте әртүрлі қырынан түсіндіріледі, бірақ оның негізі – адамның өзін-өзі тануға, өзін-өзі дамытуға және қоғамға үлес қосуға мүмкіндік алуы.
Жан Жан Руссо «адам еркін болып туады, бірақ барлық жерде шынжырда жүр» дейді. Ол еркіндікті адамның табиғи құқығы ретінде қарастырып, қоғамдағы шектеулерді сынға алған. Ал, Кант болса еркіндікті адамның моральдық міндеттерін орындауға қабілеттілігімен байланыстырып, бұл ұғымды жауапкершілікпен теңестірді. Сартр болса «адам еркіндікке мәжбүр» деген пікірді ұстанады. Сартр еркіндікті адамның экзистенциалдық болмысының негізі деп есептеді. Оның айтуынша, адам әрқашан таңдау жасап, өз өміріне жауапты бола алады. Ал, Ницше еркіндікті адамның күш-қуатын, мүмкіндіктерін толық ашатын жағдай деп түсіндірген.
Ендігі ретте әл-қадіріміз жеткенше еркіндік және махаббат ұғымдарының астарына үңіліп көрелік. «Еркіндік жоқ жерде махаббат жоқ» деген түсінік бар. Адамның сезімдері мен қарым-қатынастарындағы еркіндік таңдау еркіндігінің маңызын көрсетеді. Бұл ой махаббаттың тек шынайы, саналы және еркін жағдайда ғана мүмкін екенін білдіреді. Егер еркіндік болмаса, махаббат мәжбүрлікке, тәуелділікке немесе шартты байланысқа айналады, ал шынайы махаббаттың мәні жоғалады.
Эрих Фроммның пікірінше, махаббат – бұл біреудің еркіндігін сыйлау және оның жеке болмысын дамытуына мүмкіндік беру. Ол «Егер махаббат шын мәнінде махаббат болса, ол еркін болуы керек» деп есептеген. Фроммның түсінігінде шынайы махаббат тәуелділікке емес, өзара қолдау мен құрметке негізделеді. Жан-Поль Сартрдың философиясында еркіндік адамның басты қасиеті ретінде қарастырылады. Сартр махаббатты екі еркін тұлғаның арасындағы қарым-қатынас ретінде бейнелеген.
Антикалық әдебиет еркіндік туралы ұғымды адамның тағдыр мен құдайларға тәуелділігі аясында қарастырды. Бұл кезеңде еркіндік философиялық-этикалық мағынада бейнеленді. Софокл («Эдип патша») еркіндік адамның өз тағдырын түсінудегі қайшылықтарын ашады. Адам тағдыры алдын ала белгіленсе де, оның шешім қабылдауға құқығы бар. Платонның әдеби диалогтарында еркіндік адамның ақыл-ойы мен рухани жетілуінің басты шарты ретінде қарастырылды. Ал, Аристотель – еркіндік пен моральдық жауапкершілікті тығыз байланыстырған. Орта ғасырлар әдебиетінде еркіндік діни сеніммен және адамның Құдайға адалдығымен тығыз байланыста болды. Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясында» еркіндік адамның күнәлардан арылып, Құдайға жақындауы арқылы түсіндіріледі. Данте үшін еркіндік рухани және моральдық таңдаудан басталады. Августин Аврелий өз еңбектерінде еркіндікті Құдайдың еркімен келісімде қарастырды. Адам еркіндігі күнәдан арылу жолында көрініс табады. Қайта өрлеу дәуірінде еркіндік адамның шығармашылық қабілеті мен жеке даралығын түсінуге бағытталды. Уильям Шекспирдің шығармаларында еркіндік адамның ішкі жан дүниесінің күрделілігімен және моральдық таңдауларымен байланысты болды. «Гамлет», «Отелло» және басқа да туындыларында адамның шешім қабылдау еркіндігі мен оның салдары терең зерттеледі. Франсуа Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэль» шығармасында еркіндік адамның білім алуға, ойлауға және өз болмысын жүзеге асыруға деген құқығы ретінде бейнеленеді. Ағарту дәуірі еркіндік идеяларын әлеуметтік және саяси тұрғыда белсенді көтерді. Бұл кезеңде жазушылар мен философтар еркіндікті теңдік пен әділеттілікпен байланыстырды. Вольтер шығармаларында еркіндік адамның ойлау құқығы мен әлеуметтік әділеттілікке ұмтылысын білдіреді. Жан-Жак Руссо еркіндік туралы трактаттарында адамның табиғи бостандығын сақтау және оны қоғамның қысымынан қорғау қажеттігін көтерді. Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосында» еркіндік адамның өз бетінше өмір сүру қабілеті арқылы көрініс табады. Романтизм әдебиетінде еркіндік адамның ішкі сезімдері мен табиғатпен үйлесімін зерттеу арқылы ашылды. Мәселен, Байрон еркіндік тақырыбын көтеріліс пен жеке адамның қоғамға қарсы тұруы арқылы бейнелейді. Гетенің «Фаустында» еркіндік білімге, сезімге және рухани кемелденуге деген ұмтылыстан көрініс табады. Пушкин өз өлеңдерінде еркіндік тақырыбын жеке даралық пен шығармашылық бостандық арқылы бейнелеген. Реализм әдебиетінде еркіндік адамның әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік жағдайындағы күресі арқылы көрсетілді. Лев Толстой шығармаларында еркіндік адамның моральдық жауапкершілігімен және рухани ізденістерімен байланысты. Чарльз Диккенс – әлеуметтік еркіндік тақырыбын кедейлік пен теңсіздікті жою арқылы зерттеген («Екі қаланың тарихы», «Үлкен үміттер»). Марк Твен туындыларында («Гекльберри Финнің шытырман оқиғалары») еркіндік адамның қоғамдағы ережелер мен шектеулерге қарсы тұруы арқылы сипатталады. XX ғасырда еркіндік экзистенциалдық, саяси және әлеуметтік тұрғыда кеңінен зерттелді. Альбер Камюде еркіндік абсурдты өмір шындығына қарсы тұруда көрініс табады («Бөгде», «Сизиф туралы аңыз»). Джордж Оруэлл үшін («1984») еркіндік тоталитаризмге қарсы күрестің символына айналды. Ал, қазіргі әдебиет еркіндікті жеке тұлғаның құқықтары, гендерлік теңдік, экологиялық мәселелер және жаһандану тұрғысынан қарастырады. Маргарет Этвудтің шығармаларында («Күтушінің ертегісі») еркіндік адамның жыныстық және әлеуметтік қысымға қарсы тұруы арқылы бейнеленеді. Ал, Харуки Муракамиде еркіндік адамның ішкі әлемін түсіну мен қоғамнан оқшаулануындағы ізденіс ретінде зерттеледі. Әр жазушы еркіндік ұғымын өз дәуірінің талаптарына сай, әртүрлі контексте бейнелеген, бірақ барлығы еркіндікті адамның негізгі құндылығы ретінде қарастырғанын аңғару қиын емес.
Ал, қазақ қоғамындағы еркіндік мәселесі күрделі әрі көпқырлы, себебі ол тарихи, әлеуметтік, саяси және мәдени факторларға тәуелді. Қазақ халқының тарихы еркіндікке ұмтылу мен оны қорғау жолындағы күреске толы. Бұл ұмтылыс түрлі дәуірлердегі әдебиетте, тарихи оқиғаларда, ұлттық философияда және қазіргі қоғамда көрініс тапқан.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, қазақ хандығы дәуірінде қоғамда белгілі бір деңгейде еркіндік болды. Халық билер мен хандарды таңдау құқығына ие болып, өз ойын еркін білдіре алды. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресінде Ресей империясының отаршыл саясаты қазақ халқының еркіндігін шектеді. Жерден, тілден, салт-дәстүрден айырылу тәуелсіздікке деген ұмтылысты күшейтті. Ал, кеңестік кезеңде қазақ қоғамы белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктерге ие болғанымен, еркіндік шектеулі болды. Ұлттық рух, дін, тіл мәселелері бақылауға алынды.
Қазақ әдебиетінде еркіндік мәселесі әртүрлі кезеңдерде маңызды тақырып болған. Мұндай шығармаларда ұлт-азаттық күресі, жеке адамның еркіндігі, әлеуметтік теңдік мәселелері көрініс табады. Мәселен, Махамбеттің жырлары хандық жүйенің әділетсіздігіне қарсы халықтың азаттыққа ұмтылысын көрсетеді. Оның өлеңдерінде еркіндікке деген құштарлық, отаршылдыққа қарсылық айқын көрінеді:
«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!»
Сонымен қатар, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде қазақ қоғамының дәстүрлі демократиялық институттары мен ұлттық еркіндік туралы ойлары жазылған. Шоқан ел еркіндігі мен білім арқылы дамуды насихаттаған. Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі баяндалады. Оралхан Бөкей шығармаларында жеке тұлғаның ішкі еркіндігі, рухани ізденістері көрініс тапқан. Оның кейіпкерлері табиғатпен үндесіп, еркіндікке ұмтылады. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресін, ел бірлігі мен ұлттық еркіндікті сақтау жолындағы тарихи оқиғаларды суреттейді.
Ұлттық рух, мәдени мұра мен әдебиетте еркіндік мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді. Қазақ әдебиеті мен философиясы еркіндікті ұлттық сананың негізгі құндылығы ретінде сипаттай отырып, оның дамуына, сақталуына және ұрпаққа жеткізілуіне ықпал етеді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді