«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Даңғазалық па, мақтангершілік пе?

Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
Ашық дереккөз
Таяуда облыстық «Aq jol» газетінде (28 қараша 2024 ж.) дәрігер-хирург Сағындық Ордабековтің «Қазіргі той: қадірі қашқан қарт, атасы өлген сөз, құндылығын таптаған ұрпақ...» деген мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар, жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық телеарнада журналистермен кездесуінде де той мәселесіне ерекше тоқталып, оған реформа керектігін баса айтты. Сол хабарға куә болған және С.Ордабековтің жазған мақаласында көтерілген мәселені көпшілік бүгіндері қызу талқылауда. Шынында, қазіргі қоғамда той туралы әртүрлі пікір бар. Көпшілікті толғандыратыны – бүгінде үздіксіз өтіп жатқан орынды-орынсыз тойлардың сапасы және оларды жүргізу мәдениеті, асабалардың сауаттылығы мен өнердегі қабілеті.

Бүгінде алдын ала дайындалсақ та, дайындалмасақ та «жұрттан қалмай» той жасауға үйреніп алдық. Кредитке қаржы алып үйленгендердің көбі бірнеше жыл қарыз төлеуге мәжбүр. Отбасын құрғандардың баспана ала алмай, тапқанын жеткізе алмай жүруіне бұл да бір себеп емес пе? Тіпті, сол туындаған себептерден жастардың ажырасып кету фактілері де орын алып жатқан жоқ па?

Жаз бен күз бойы сіз де үйлену, қыз ұзату тойларынан бөлек, бесік той, 1 жас, тұсаукесер, сүндет той, тілашарға, қызметке тұрған тойға, қоныстойға, 20, 30, 40, 50, 55, 60 жасқа толу тойларына қатысқан боларсыз. Әсіресе, базарда жаңадан дүние есігін ашқан жиеніне бесік іздеген аналарды көп байқадық. Бесік іздеп көрші Шымкент, Бішкек, Алматы қалаларына бел асып, барып-келіп жатқандары да бар. Бұрын бесікті баланың әкесі арнайы шеберлерге жасатып, саудаласпай алатын болған. «Ұрпағым көп болсын» деген әкенің ізгі ниеті бар болатын мұнда. Осы әулеттің балалары бір-біріне бауырмал болсын деп аға-інінің сәбиін де сол бесікке жатқызған деседі көнекөз апаларымыз. Ал, қазір неге бесікті нағашылар әкелетін салт пайда болды? Бұл салт-дәстүр қайдан шыққан? Бесікпен қоса киім-кешек, кілем, төсек, қоларба, велосипед, тоқпен жүретін ойыншық автомашина және т.б. Жұмсалған қаржыны есептеп жіберсеңіз, ең кем дегенде бір миллион теңгеге жуықтайды. Бір танысым: «Бесік тойға 3 миллион теңгенің дүниесін алып бардық», деп мақтанғаны есімде. Бұл не тыраштану? Бәсекелестік пе, даңғазалық па, мақтангершілік пе? Ата-бабаларымызда болмаған салт-дәстүрді ойлап тауып, оны жаңалық етіп енгізгеніміз дұрыс па? Аталған тойлар жөн-жосықсыз өткізіліп жатқан жоқ па? Шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, тілашар, сүндет тойы отбасында өткізетін қуаныш емес пе? Неге оларды үлкен, даңғаза тойға айналдырып, оған 300-500 адам жиып, елдің мазасын аламыз? Бұл – есепсіз ысырапқа, тәрбиелік мәні жоқ, ұлттық мәдениеттен аулақ, ата-баба салтымызға көп көңіл бөлінбейтін шараға айналып бара жатқан сияқты.

Мойындағанымыз жөн, қазіргі ең басты кемшілігіміз, әлі күнге тойға кешігіп бару «дертінен» айыға алмай келеміз. Мысалы, ауылдық жерде тойдың белгіленген уақыттан бір, бір жарым, кейде, тіпті, екі сағат кешігіп басталатынын жұрттың бәрі біледі. Білсе де, үндемейді. Тіпті, кейбіреулер той тарқап жатқанда табалдырықтан аттайтынына не дерсің?! Міне, осы бір келеңсіз көрініс, жағымсыз қылық бүгінде қалалық жерде де белең алып бара жатқаны өкінішті-ақ. Бұл енді тіпті обал, біреудің қызығын аяқасты ету, мәдениетсіздіктің ең сорақысы сияқты көрінеді бізге. Неге десеңіз, той иесі қаншама мың теңге ақшасын төлеп, шығынданып той жасайтын орынды жалға алады. Жайбасарлығымыздың кесірінен ақысын төлеген қанша алтын уақыт далаға кетеді. Жайылған дастарқан, ондағы тамақ жайы өз алдына. Оның рәсуа болғаны, тамақтың ысырап болғаны, қоқысқа төгілуі обал емес пе?

Тағы бір жаман әдет – басында той меймандары жиналмай бір әуре қылса, соңында тарқамай той иесін тағы қинайды. Сағат түнгі 2-3-ке дейін созылатын тойлар бар. Әлгі тойдан шаршап шыққан адам ертеңіне қызметіне барып не іс тындырады? Алыстан келген қонақтар түнгі жолға шығып, абайсызда жол апатына ұшырап жатқандарын көріп жүрміз. Түнде кеш аяқталған той біреудің отбасының қасіретіне айналуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан, тойды кешкі 18:00-19:00-ден бастап, түнгі 23:00-де аяқтауды үйрену керек, тіпті оны солай бекіткен жөн болар.

Арамызда тойға келіп тілек айтқан адамдардың көбі бірінің сөзін бірі қайталап немесе 15-20 минут бойы естелік-хикаяларын айтып көпті мезі етіп жібереді. Сондықтан, қонақтарды 30-40-тан топ-топ етпей, сол жиналғандардың бірнешеуі ғана тілектерін жеткізсе несі артық? Мұндайда асаба ортаға шыққан адамдардың жасы үлкен біреуіне ғана тілек беріп, қалған адамдардан өз өнерлерін ортаға салуды талап етсе, тойдың сәні кіріп, ажарлана түсер ме еді?! Кейбір тойларда жетпістен асып, сексенге жақындаған ақсақалдарымыздың өзі жөнді бата бере алмай, ойы мен сөздері шашырап, терлеп-тепшіп, үзіп-созып, берекені алады.

Тойдың тартымды, қызықты өтуі оны жүргізетін асабаға көп байланысты екені күмән келтірмейді. Асаба халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жетік білуі керек. Өкінішке қарай, кейде асабаның талғамсыздығы, жеңілтектілігі, көп сөзді мылжыңдығы, ұшқалақтығы, ойының таяздығы көптің көңілін қалдырады. Ел-жұртты қызықтырам, күлдірем деп ыңғайсыз сұрақ қойып, ерсі ойын ойнататындар көп қазір. Қапелімде қойылған оқыс сұраққа не дерін білмей, абайламай сөйлеп қалатын жас келіндер бар. Мүмкін тойда оның ата-енесі, тіпті жасы үлкен қариялар отырған болар… Сондықтан, әзіл-қалжың да, ойын-күлкі де жарасымды болса жөнді болар еді. Асабалардың көбі бір айтқанын мың айтып, жұртты мезі етіп болғаны анық. Нағыз білгір, мәдениетті асаба тойды өткізу тәсілін түрлендіріп отыруы керек. Бір тойдың бір тойға ұқсамағаны абзал. Асаба болған әрбір азамат пайда табамын деп, тоғышарлыққа салынбай, «Пайдаңды да ойла, арыңды да ойла» деген даналарымыздың ақыл сөздерін есте ұстағандары жөн.

Расын айтқан жөн, қазіргі тойларда демалудың орнына шаршап қайтасың. Даңғыраған музыка құлағыңды жеп, жүйкеңді жұқартып, есіңді тандырып, басыңды шарадай етеді. Қасыңда отырған адаммен сөйлесу, ой бөлісу тіпті мүмкін емес.

Тойымыздың сәні бөлек, әні бөлек болсын десек, ойланайық, ағайын! Тойды бей-берекет бетімен жібермей, ретке келтіретін уақыт келді!

 

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар