«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіпсіздікті сақтау қай кезеңде де маңызды

Қауіпсіздікті сақтау қай кезеңде де маңызды
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен кезекті баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков балық аулау кезеңіндегі қауіпсіздік және пиротехникалық бұйымдарды сатуға, пайдалануға қойылатын талаптар тақырыбы төңірегінде хабарлама жасады.

Баяндамашының айтуынша, балық аулау кеңінен дамыған біздің өңірде 112 тоған мен 100-ден астам өзен бар. Балықшылардың ең көп шоғырлануы Шу, Талас, Аққөл, Билікөл, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ және Ынталы су қоймаларында байқалады. Балықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 800-ден астам рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Профилактикалық іс-шаралар аясында 8 мыңнан астам ақпараттық материал таратылып, қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттандыру акциялары жүргізілген.

– Қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, брифингтер өткізіліп, әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялануда. Балықшыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және заң талаптарына бағыну қажеттігі ескертілуде. Бұл ережелерді сақтамаған балықшылар жауапкершілікке тартылып, бір құқық бұзушыға 12 922 теңге айыппұл салынды. Осындай профилактикалық шараларға қарамастан, 2024 жылдың қысқы кезеңінде балық аулау кезінде екі адам қаза болды. Осыған байланысты қысқы кезеңде қайғылы оқиғалардың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Балықшыларға құтқару күртешесін киіп, ұзын арқан алып жүру, алкогольдік ішімдіктер ішіп балық аулаудан аулақ болу ұсынылуда. Ал, ата-аналарға балаларды мұзда қараусыз қалдырмау керектігі ескертілуде, – деді Руслан Нұрланұлы.

Департамент басшысының орынбасары 1-31 желтоқсан аралығында облыста өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатқанына тоқталды. Оның шеңберінде профилактикалық шаралар мен тексерулер саны артқан. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 4,3 пайызға азайған. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтардың үйлерінде көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктерін орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

– Мереке қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасын анықтау бойынша рейдтер жоспарлануда. Халықтың қауіпсіздігі үшін пиротехниканы қолдану кезінде бірнеше қарапайым ережелерді сақтау маңызды. Өнімді сатып аларда оның қаптамасын, жарамдылық мерзімі мен сертификатын тексеру қажет. Пиротехникалық бұйымдар тек ашық ауада және нұсқаулыққа сәйкес қолданылуы тиіс, қолданылған бұйымға екі минуттан бұрын жақындамау керек. Сонымен бірге, су айдындарында және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Облыстағы профилактикалық шаралардың жалғасы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және қауіптерді азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Р.Орынбеков.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар