«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайырымдылық қорлары кімнің меншігінде?

Қайырымдылық қорлары кімнің меншігінде?
Ашық дереккөз
Ежелден-ақ халқымыздың бойында жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, шын мұқтаждарға қол ұшын созу секілді асыл қасиеттер бар екені анық. Өйткені, адам баласы ғұмыр кешкен жерде тұрмыстық түйткілдердің туындамауы мүмкін емес. Осы себепті, ата-бабамыз қысқа жіп күрмеуге келмейтін небір қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдық пен ынтымақты ту етіп көтере білді. Әсіресе, біздің ел көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қоятыны бесенеден белгілі. Адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған жанашыр жұртымыз «қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» дейтұғын мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша халықпен бірге қиналуды жөн санайды.

Алайда, қашанда көмектесуге әзір тұратын, сұрағанның қолын қайтармайтын халықтың осынау ақ адал пейілін жеке басының қамы үшін пайдаланғысы келетіндер көбейіп кетті. Қарақан басын ойлайтындар «көмекке мұқтажбын» деп алдап соғып, жылуға жиналған қыруар қаражаттың есебінен шалқып өмір сүруге арланбайды. Жалпы, интернетте жарнамасы жер жарып, қайыр сұрағандардың басым бөлігі көпбалалы немесе ауыр дертке шалдыққандар. Әдеттегідей мұндай хабарламалардың соңы есепшот нөмірімен аяқталады. Әрине, жағдайың жақсы болса, мұқтаж жанға көмектескенге не жетсін?! Бірақ, қол- аяғы сап-сау, еңбекке қабілетті кейбір жастардың қайыр сұрауының себебі неде? Қайыр сұрау масылдықтың бір түрі ме? Шын мәнінде, бізде қарапайым халықтың күнкөріс деңгейі төмен бе әлде әлеуметтік желіде жалған жарлы көп пе?

Шын мұқтаждар қайыр сұрауған қымсынады

Психолог Әсем Әлиханның айтуынша, интернеттегі қаптаған тіленшілер қайыр сұрауды кәсіпке айналдырып алған. Ал, шын мұқтаж жандар жағдайын айтып, қайыр сұрауға ұялады екен. Маман өз сөзінде қайыр сұраушыларды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлетінін жеткізді.

– Интернет болмаған кезде де қайыр сұрайтындар болды. Алайда, әлеуметтік желі дамыған сайын мұндай тіленшілердің қатары көбейіп кетті. Әрине, олардың арасында шын мұқтаждар да бар. Бірақ, қайыр сұрауды кәсіпке айналдырып алғандар да көп. Бұл ретте ақиқатты тап басып айту қиын. Қысқасы, қайыр сұрайтындар адамның ішкі сезімдерімен ойнайды. Олар азаматтардың аяушылық сезімін оятып, көмек сұрайды. Бір сөзбен айтқанда, қайыр сұрау кәсіпке айналып барады. Олардың ішінде әуесқойы да, кәсіпқойы да кездеседі, – дейді Әсем Маратқызы.

Ал, әлеуметтанушы Ерлан Асанның пікірінше, әлеуметтік желілерде қайыр сұрайтын азаматтар санының артуы – жаһандану процесінің әсері. Яғни, қайыршылық «кәсібі» заманға сай цифрлана түсті.

– Қазіргі таңда қарапайым халық үшін ақ пен қараны ажырату қиындық тудыруда. Тіпті, құқық қорғау қызметкерлеріне де желідегі жалған жарлыларды анықтау оңайға түспейді. Осы себепті, көмекке зәру әрбір жан қайырымдылық жасайтын арнайы ұйым арқылы қол ұшын созуды сұрағаны жөн. Бұл – белгіленген норманың талабы. Деректерге сүйенсек, темір тордың арғы жағында отырып, алаяқтық жолмен қайыр сұрауды кәсіпке айналдыратындар да болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде мұқтаж жандардың атын жамылып, парақша ашатындар да бар. Жасыратыны жоқ, желі қолданушыларының онлайн тіленшілерден әбден мазасы кетті. Ең өкініштісі, онлайн қайыршылардың қаптауы шын мұқтаждардың жолына бөгет болуда. Демек, көпшілік қауым үшін көмек сұраған азаматтың жеке басын анықтап алу артықтық етпейді. Сонда ғана жыл өткен сайын арта түскен масылдық дертінің алдын алуға болады, – дейді ол.

Қайырымдылық қорлары кімдерден құралған?

Бүгінде елімізде игі істермен айналысып, жылағанға жұбаныш, құлағанға демеу болатын қайырымдылық қорлары көп. Бұл қорлардың бірі ресми тіркеліп жұмыс істесе, өзгесі ерікті түрде қызмет атқарады. Ал, енді бірі қорға жиналған қаражатты өз қажетіне жаратып жүр. Мәселен, көктемде қаржы мониторингі алаяқтардың «емделуге» және «аз қамтылғандарға көмек көрсетуге» деген желеумен 660 мың қазақстандықты сан соқтырғаны туралы ақпарат таратқан болатын. «Крауфандинг арқылы қазақстандықтардан 6 миллиард теңге жиналды, бірақ оның 2 миллиарды алаяқтық белгілеріне ие», – делінген мәліметте.

Атап өту керек, бұл қаражат мүлік сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелде қымбат пәтерлер жалдауға жұмсалған. Мамыр айында «Жібек жолы» қауымдастығына қарасты қайырымдылық ұйымдарына қатысты жанжал туды. Салдарынан балалармен жұмыс істейтін 26 мекеме бірден жабылды. Ұйымдастырушыларға балалар құқықтарын бұзу және діни экстремизм сияқты айыптар тағылды. Ал, күзде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қайырымдылыққа қатысты өзгерістер әзірлеп жатқаны белгілі болды. Жаңа түзетулер бойынша жеке тұлғалардың банк картасына қаражат жинауға тыйым салу ұсынылды. Алайда, бұл бастама қоғам белсенділерінің наразылығына ұшырады.

Адам аласы ішінде...

Түзетулерге қатысты талқылаулар жүріп жатқан дәл осы тұста «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі – Перизат Қайратқа байланысты дау-дамай отқа май құйғандай әсер қалдырды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық жобаларға емес, оның жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталды. Нәтижесінде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген Перизат екі айға қамауға алынды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол қайырымдылықтың негізгі бөлігін қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланған. Перизат биыл көктемде елордадағы автосалонда 88 миллион теңгеге «Mersedes bens», 80 миллионға «Lexus LX600» және 39 миллион теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алған.

Бұдан бөлек, ол осы кезеңде жалпы құны 600 миллион теңге болатын Астанадағы премиум санаттағы коттедж қалашықтарынан жылжымайтын мүлік нысандарын иемденген. Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражаты есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон мен Стамбулдағы бес жұлдызды қонақүйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier», «Louis Viotton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарын сатып алып, мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән тудырды. Ең сорақысы, халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан- таражға салған. Ал, бұл хабарламадан екі күн өткеннен кейін оның заңсыз әрекеттері бойынша тағы бір дерек анықталды.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинаған. Алайда, ол өткен жылдың желтоқсанында жиналған қаржының басым бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Палестиналықтар үшін жиналған ақшаға «Mersedes bens» маркалы қымбат көлік, Біріккен Араб Әмірлігінде «Rolex» пен «Prada» бутиктердің зергерлік бұйымдарын, сағаттары мен киімдерін сатып алған. Бұл эпизод бойынша Перизат Қайрат 200 миллион жымқырды деген күдікке ілінді. Айта кетейік, қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Осы жағдайға байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.

– Волонтерлер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету механизмдерін жетілдірудің қажеттілігін тағы да еске салып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылық белсенді түрде дамып келеді. Алайда, бұл сонымен қатар алаяқтық пен пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан, барлық қазақстандықтарды қайырымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын, – деді министр.

Қайырымдылық қорлары кімге есеп беруі тиіс?

Еске сала кетейік, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры ресми түрде тіркелмеген. Ал, тіркелген қорларды «е-gov» сайтынан көруге болады және осында көрсетілген қорлардың қандай бағытта жұмыстар атқаратынын анықтай аласыз. Сонымен, кез келген қайырымдылық қорлары мен ұйымдарының жұмысын кім қадағалайды? Қайырымдылық қорлары кімнің алдында есеп беруге міндетті?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, қайырымдылық ұйымдары жылына кемінде бір рет орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында немесе қайырымдылық ұйымының интернет-ресурстарында жариялауы тиіс. Аталған есепте қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыру аясында кірістер мен шығыстар, қол жеткізілген мақсаттар туралы қысқаша ақпараттар қамтылуы қажет. Сондай-ақ, қайырымдылық ұйымдары жыл сайын 31 наурызға дейін өз қызметі туралы есепті үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасына ұсынады. Осы ретте «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының сайтына кіріп, қаржының қайда жұмсалғанын көруге әрекет жасадық. Алайда, мұнда қордың тарихы мен қай жерде гуманитарлық көмек көрсетілгені жөнінде ақпараттан басқа ештеңе жоқ болып шықты.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Жалпы, біздің мақсат – біреуді қаралап, өзгесін мақтау емес. Айтпағымыз, қайырымдылық қорлары халыққа жақсылық жасаса, ел-жұрттың ө з і жинаған қаражаттың есебінен көмек көрсетіп жатқанын естен шығармағаны жөн. Қысқасы, халық хал-қадірінше өз жыртығын өзі жамап отыр. Ал, енді қарапайым халықтың ақшасын есепсіз, ессіз өз қажеттеріне пайдалану – нағыз қылмыс. Бастысы, мұндай әрекеттер қайырымдылыққа деп ақша аударып жүрген адал ағайынның сеніміне селкеу түсірмесе болғаны...

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар