«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерлігі елге рух берген тұлға

Ерлігі елге рух берген тұлға
Ашық дереккөз
Тәуелсіздігіміздің таңы жарқырап атқанына да 33 жыл толды. Бұл мереке халқымыз үшін ерекше маңызы бар, басты мереке. Ел егемендігі ерен жұмыстармен қатар, бойында рухы мол жастардың жалынды жігерімен келді. Сондай ерлігі ерен тұлғалардың бірі – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков. Ол атым шықсын деп ерлік жасаған жоқ. Сол кездегі өктем жүйеге ел жастарының атынан өзінің қарсылығын білдіріп, азаматтық үнін жеткізгісі келді. Бірақ, оның сол кіршіксіз тап-таза көңілін түсінген кім бар, ол кезде? Біз бүгін бар болғаны 22-ге толмаған жасында жарық жұлдыздай ағып өткен Қайрат Ноғайбайұлы туралы, туған ауылының батыр ұлына деген құрметі жайлы айтпақпыз.

Әр халықтың рухын көтеріп тұратын ноқтаға басы сыймайтын батыр ұлдары болады. Сондай ерлік рухымен сусындаған Қайрат Рысқұлбеков Алматының орталық алаңында мыңдаған қыз-жігіттермен бірге бас көтергенде бар болғаны жиырма жаста екен.

Әрине, Алматыдағы ызғарлы күндерден бергі 38 жыл ішінде талай дүние жазылып, том-том кітаптар да шықты. Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке де ерекше құрмет көрсетілді. Өзі туып-өскен Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылындағы орта мектепке, ауылдың бір көшесіне есімі берілді. Батырдың өзі келте ғұмыр кешкенімен, ерлікке толы есімі жұрт жадында жаңғырып, жақсы істері бүгінгі ізбасар буындардың көңілінен орын алды. Аталған ауылда Халық қаһарманына арналған екі бірдей ескерткіш бар екендігі де батырға құрмет көрсетуден жерлестерінің аянып қалмағанын көрсетеді.

Қазіргі таңда да Халық қаһарманына құрмет көрсетілуде. Оның көлемін аз деп те, көп деп те айта алмаспыз. Бірақ, батырға ең жақын адамдардың көңілінде қалған жара, сызат бар. Орны толмайтын өкініш бар.

Сол ызғарлы жылдары Қайрат батырдың басына іс түскен кезде оның туған ауылының, ата-анасының, бауырларының қандай күйде болғанын білесіз бе? Оны көпшілігіміз білмейміз, тек шамалаймыз. Бірақ, сол ауыр жылдардың куәгерлері, жағдайды жүрегінен өткізген азаматтар баршылық. Мәселен, батыр туралы сыныптасы Амангелді Төлендиев: «Қайрат біздің сыныпқа 5 әлде 6-сыныпта Шу жақтан ауысып келді. Бес жылдай бір сыныпта оқыдық. Үнемі бірге ойнадық, бірге жүрдік. Сабағын өте жақсы оқитын еді. Біртоға жүретін. Көп сөйлей қоймайтын. Бірақ, басқа біреуге көмектескісі, қол ұшын бергісі келіп тұратын. Біз білетін, бала күннен біз таныған азаматтың бейнесі осы. Ол енді бойындағы батырлығы мен асқақ рухын Алматыда көрсетті. Бірақ, Қайрат біреуге қиянат жасайтын, жамандық ойлайтын азамат емес еді.

Ал, Алматыдағы жағдайдан соң, біздің ауылда да өте ауыр оқиғалар болды. Қайраттың тұрған үйі күзетте болды. Ол жаққа аяғымызды аттап басқызбады. Барғымыз келсе де, бара алмаймыз. Тіпті, кейбір ауылдастар да әртүрлі әңгіме таратып айтты. Оның баршасына шыдау, төзімділік таныту Рысқұлбековтер әулетіне оңайға соққан жоқ. Өте ауыр күндер өтті», – деп еске алады.

Бар болғаны 21 жастағы арыстай ұлынан айырылу қай ата-анаға оңай соқсын. Әркімге бауыр еті баласы қандай қымбат, қандай құнды десеңізші! Батырдың әкесі Ноғайбай, анасы Дәметкен де өмірінің соңғы жылдарын балаларын іздеумен, сағынумен, жүрекке жара болып қатқан өкінішпен өткізді. Балаларын бір сәт ойлап кетсе, көздерінің жастары көл болғаны анық. Ол кездегі қасіретті ешкімнің басына бермесін. Қандай күрделі жағдайлар өткенін қазір еске алудың өзі ауыр. Әрине, Қ.Рысқұлбековтің ерлігі мың жылдық болғанымен, ата-ана үшін әр баланың көз алдында аман-есен жүргенінен артық бақыт жоқ еді.

Батыр Қайраттың:

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,

Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.

Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,

Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім, – деп немесе:

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген, қош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін, – деген өкінішті өлең жолдарын оқу үшін ата- анасына, бауырларына қаншалықты төзім, сабыр керек болғанын шамалай беріңіз. Бұл өлеңдерді батыр Қайрат 1987 жылы бар болғаны 21 жасында жазды емес пе? Ал, Қайрат жазған мынау өлең намысшыл жастардың мақсатын айқын көрсетеді:

Қаймана қазақ қамы үшін,

Қарусыз шықтық алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін,

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,

Екі жүзің ұрылып,

Екі жүзің сотталып.

Жоқтаусыз кетіп барасың.

Қатарым жусап қалғанда,

Қыршынымнан қиылып,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң сәлем айт,

Сырттағы құрбы, досыма! – деген өлең жолдарын көз жасыңа ерік бермей оқу мүмкін бе?

Шамамен, 2008 жылдары болуы керек, сол кездегі облыс әкімі батырдың анасы Дәметкен апайды қабылдап, құрметін көрсетті, айтар уәжін тыңдады. Сол кезде БАҚ өкілдерінің арасында жүріп, батырдың анасын көрдік. Ардақты ананың бойында да жылылық пен мейірім, сонымен қатар қайсарлық мол еді.

Қазіргі таңда Халық қаһарманының ата-анасы бақиға озып кеткенімен, олардың өмірін жалғаған бауырлары бар. Қайраттың үлкен әпкесі Гүлнар Ноғайбайқызы: «Бауырымды ату жазасынан 20 жыл қатаң режимде жазасын өтеу жағдайына ауыстырған кезде де қуандық. Ату жазасынан гөрі аман жүреді, бәлкім тағы да кешірім болып қалар дедік. Бірақ, қуанышымыз төрт күнге ғана созылды. Арада төрт күн өткенде бауырым Қайрат белгісіз жағдайда өмірден өтіп кетті. Бұл қасіретті есту ата-анамызға да, бауырларына да өте ауыр еді. Сондай ауыр сынақты да бастан кештік. Қайраттың өлімінің неден болғаны әлі күнге анықталған жоқ», – деп еске алса, батырдың інісі Рашид: «Ол кезде біз жас болдық. Дегенмен, ата-анамыздың, бірге туған үлкен бауырларымыздың күйзелісіне қарап, жағдайдың ауыр екенін сезінуші едік. Ауыр күндер өтті. Ол кезде ата-анамның қалай қиналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ешкімнің басына бермесін. Мен батыр бауырым Қайрат ағамен мақтанамын», – деді. Бірлік ауылында тұратын Қайраттың қарындасы Меруерт Ноғайбайқызы: «Ол кезде біз мектептің 5-сыныбында оқушы едік. Көп нәрсенің байыбына бармадық. Дегенмен, жүрегіміз тыныштық таппайтын. Анамызбен, әкемізбен қосылып, біздің де жанымыз ауыратын. Себебі, Қайрат ағамызға қатысты қиын жағдайлар орын алғанын сездік. Ата-анамыз, бауырларымыз үнемі уайым шегіп, ауыр күйге түсті. Сол жағдайларды еске алудың өзі қиын», – дейді.

Әрине, жоғарыда айтылғандай, тас түскен жеріне ауыр. Барша халық болып күйзеліп, азапқа түскенімізбен, Рысқұлбековтер әулетіне, Ноғайбай шаңырағына түскен зор азапты, қасіретті біз сезіне алмаспыз. Сондықтан, бауырларының сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес.

Біз ауылдағы атқамінер азаматтарға да хабарластық. Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Оспанов: «Біздің ауыл тұрғындары Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің жерлесі екендерін мақтан тұтады. Ауылдың бір көшесі батырдың есімімен аталады. Ауылдық клубқа «Желтоқсан» атауының берілуі де батырға деген құрметіміз. Сол клубтың және Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің алдында Халық қаһарманына арнап ескерткіш орнатылған. Біз жылына үш-төрт рет батыр ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухына Құран бағыштаймыз. Ауылдық клубта бауырларының және ауыл тұрғындарының қатысуымен еске алу іс-шарасын өткіземіз. Астана, Алматы қаласынан, еліміздің әр аймағынан Қайраттың ауылы деп арнайы келіп, рухына тағзым ететіндер де бар. Алыс аймақтан келген ондай кісілерге біз де құрметімізді жасап қарсы аламыз. Бұл ауылда Халық қаһарманының дүниеге келгені жастарымызға және мектеп оқушыларына да рух береді», – дейді.

Қай ауылда да білім мен тәрбиенің ордасы – мектеп. Бірлік ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп күнделікті сабақ беру үрдісінен бөлек, тәрбие ісіне, Халық қаһарманын лайықты құрметтеуге ерекше мән беріп келеді. Бұл ретте аталған мектеп директоры Абзал Сәлібеков: «Халық қаһарманының атындағы мектеп болу бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Оны мектептің жүзге жуық мұғалімдері мен 600 оқушысы жақсы сезінеді. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру бағытында, Халық қаһарманы, жерлесіміз Қайрат Ноғайбайұлының өмір жолы, батырлығы, өлеңдері үнемі назарымызда. Қайрат Рысқұлбековке арналған апталықтар, ашық тәрбие сағаттары жиі өтіп тұрады. Қайраттың өлеңдері және батырға өзге ақындардың арнаған өлеңдері оқылады. Мектеп оқушыларының тоқсан пайызы Қайрат Рысқұлбековтің өлеңдерін жатқа біледі десем, артық айта қоймаспын. Алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасады. Мектепте батырға арналға н музей бар. Әуелі ол жерде Қайрат Ноғайбайұлына қатысты көптеген құнды заттары болған. Өзінің абақтыда киген киімдері, басқа да құндылықтары сақталып келді. Қазір ол жәдігерлердің көпшілігі облыстық тарихи-өлкетану музейіне берілген. Дегенмен, біраз құжаттарының көшірмелері, кітаптары, төсбелгілері, суреттері, өмірбаяны біздің мектеп музейінде де тұр. Бұл музейді басқа қалалар мен ауылдардан арнайы келіп көретіндер де бар. Бастысы, мектеп оқушылары Халық қаһарманының өмірі мен ерлігінен хабардар болса дейміз. Отаншылдықтың, елге құрметтің не екенін жасөспірімдердің сезінгенін қалаймыз», – дейді.

Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте музей бөлмесі жасақталғанын айттық. Сол музейдегі жұмыстарды үйлестіру Альбина Шойбекова есімді жас маманға тапсырылған екен. Батыр ағасының алдындағы жауапкершілікті сезінген ол: «Бұл музейдің жауапкершілігін көтеру – маған үлкен аманат. Себебі, даңқы алысқа кеткен жерлесіміздің ерлігін жас ұрпақ санасына сіңіретін біздерміз. Қайрат батырды алыстан білу бөлек те, ал оның атындағы орта мектептің оқушысы болу үлкен жауапкершілікті арттырады. Сондықтан, іс-шаралар өткізген кезде жіті ойланамыз. Биыл «Желтоқсан» клубының алдындағы батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды ұйымдастырып, сол іс-шара барысында мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғани Шөкеева арнайы төсбелгімен марапатталды. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, «Менің Қазақстаным!» тақырыбында 3 және 4 сыныптар арасында сурет топтамасын өткіздік. Ол кезде де қатысушылар жұмыстарын Халық қаһарманымен байланыстырды. Жоғары сыныптар арасында да патриоттық іс-шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларына батырлық пен ерліктің үлгісін таныту. Олардың Халық қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы атындағы мектепте оқып жатқанын сезіндіру. Музейде қаһарманның суреттері, құжаттары, бұйымдары және анасының киімдері де сақталған. Оның баршасы келген кісілерге ерекше әсер етеді. Біз ол жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтаймыз», – дейді.

Жас ұрпақ – ел ертеңі. Біз Бірлік ауылында Қайраттай батырдың ерлігімен рухтанған кейінгі толқын арасынан елін, жерін сүйетін, қай кезде де Отанына қызмет етуге әзір ұл- қыздар өсіп келе жатқанына сенеміз. Сондай жеткіншектің бірі, 9-сынып оқушысы Әсел Бөрібай: «Біз ерлігі елге рух берген Қайрат Рысқұлбеков ағаның жерлесі екенімізді мақтан тұтамыз. Жауапкершілікті сезінеміз. Сондықтан, менің сыныптастарымның көпшілігі сабақтарын жақсы оқиды. Өзім де көркемсөз оқу байқауларына қатысып жүлде алып жүрмін. Болашақта елімнің лайықты маманы, елдің үмітін ақтаған озат перзенті болғым келеді», – деді.

ТҮЙІН:

Батырлық – бір күннің ісі емес. Ерлік қай кезде де ескірмейді. Ерлікті ешкім атын шығару үшін жасамайды. Сын сағатта Отанды қорғау, рухыңды түсірмеу жолында жасалады. Уақытында сондай қадамға барған Қайраттың ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Сондықтан, Халық қаһарманына қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Қайрат 21 жасында Тәуелсіздік жолында опат болғанымен, оның есімі мәңгілік айтыла беретіні анық. Ол жас ұрпақтың жадында жаңғырып, тұлғалана береді. Алдағы уақытта да батыр Қайрат талай өлең мен әндерге, жыр- дастандарға арқау болатыны ақиқат.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар