«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Келесі жылы зейнетақы мен жәрдемақылар қалай өзгереді?

Келесі жылы зейнетақы мен жәрдемақылар қалай өзгереді?
Ашық дереккөз
Санаулы күндерден соң жаңа жыл есік қаққалы тұр. Мұндай сәтте әркімнің де көкейінде «Жаңа жылда не өзгереді?» деген сұрақтың туары анық. Әсіресе, әлеуметтің әлеуетін әрлендіру үшін жаңа бастамалар болуы, уақыт ілгерілеген сайын өзгеріс орын алуы бек мүмкін. Баршаға мәлім 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң жобасына сәйкес, әлеуметтік төлемдерде өзгерістер енгізілмекші.

Биыл жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына аудару үрдісі басталған болатын. Ол қызметкерлердің ай сайынғы табысының 1,5 пайызын құраған. Енді 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ, базалық зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне байланысты есептеліп, мысалы 30 жыл немесе одан да көп еңбек өтілі барларға күнкөріс деңгейінің 105 пайызы мөлшерінде тағайындалады.

Ал, зейнет жасына келсек, келесі жылы зейнеттік демалысқа ер азаматтар 63 жаста, әйелдер 61 жаста шығады. Әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың соңына дейін 61 жас болып қалады. 2028 жылдан бастап зейнетақы реформасы аясында әйелдердің зейнет жасы 61,5 жасқа дейін, 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа дейін, 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа дейін, 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа дейін болып, ал 2031 жылдан бастап әйелдер үшін бірыңғай зейнет жасы 63 жас болып белгіленеді.

2025 ЖЫЛЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕ ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚ БОЛМАҚ?

Зейнетақы жүйесінде келесі жылы болатын өзгерістерге тоқталсақ, мөлшерінің өсуін айтып кеткен жөн. Базалық зейнетақы төлемдері 6,5 пайызға артады, ең төменгі көлемі 32 360 теңге, ал ең жоғарысы 50 851 теңге болады. Жалпы, зейнетақының ең төменгі мөлшері 95 131 теңгеге, ең жоғарысы 213 046 теңгеге жетеді.

Елімізде 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңге, ал ең төмен күнкөріс деңгейі 46 228 теңге болып бекітілді. Осыған байланысты базалық зейнетақы төлемі енді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан басталып, 110 пайызына дейін жетеді. Бұл жұмыс өтіліне байланысты жүзеге асады.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары алдағы жылдан бастап жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің шартты зейнетақы шотына аударатын жарналары 2,5 пайызды құрайды. Бұл 1975 жылдан кейін туғандарға қатысты.

Ерте зейнетке шығу шарттарына да тоқтала кетейік. Бес немесе одан көп бала туған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар 53 жаста құрметті демалысқа шыға алады. Семей ядролық полигонында тұрған әйел азаматшалар 45 жаста, ерлер 50 жаста зейнетке шығуына болады. Бұл өзгерістер зейнеткерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ, бұл – 2025 жылы енгізілетін жаңа бюджет бағдарламаларының бір бөлігі. Сонымен қатар, зейнетақы төлемдеріне алдағы жылы бюджеттен 4 миллиард 231 миллион теңге қарастырылып отырғанын да айта кетейік.

АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЛИНЦЕНЗИЯЛАУ ЕНГІЗІЛЕДІ

Жаңа жылдың тағы бір жаңалығы – елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялаудың енгізілді, бұл өзгеріс 1 қаңтардан басталады. Әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға ықпал ететін өзгеріс осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға да оң әсерін тигізеді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген лицензия алдындағы талдау нәтижелері бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін 1007 ұйымның 72,3 пайызы талаптарға сәйкес келетіні анықталған.

Лицензиялауды енгізу – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрс ету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар, ол көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.

– Осы қызметтерді көрсететін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігі көптен бері туындап келеді. Бұл орайда өткен жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде мүгедектігі бар балалардың тағамнан уланып, тіпті адам шығыны орын алған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері бойынша осы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген, төсек-орын, киім және аяқ киім берудің минималды нормалары сақталмаған, скринингтік тексерулер жүргізілмеген, тамақтану нормалары бұзылған. 2024 жылдың 11 айында жүргізілген 167 тексеру нәтижесінде 148 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 1,75 миллион теңгеге 15 айыппұл салынды, – деді Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Комитет төрағасы өз сөзінде арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасы екі негізгі факторға тікелей байланысты екенін атап өтті. Олар – қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейі және қызмет көрсететін ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі.

– Бүгінгі таңда республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар. Олардың тек 12 пайызының бейіндік білімі бар, қалған 88 пайызында медициналық, педагогикалық, экономикалық және тағы басқа білім бар.

Кадрлардың сапасын арттыру үшін биыл әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіптік стандарт әзірленді. Биыл 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейіндік оқытудан өтіп, сертификаттар алды. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі енгізіледі, онда олардың кәсіби құзыретіне қатысты барлық деректер көрсетіледі. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен меморандумдар жасалған мамандандырылған кафедралары бар республиканың 14 жоғары оқу орнының базасында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өте алады.

Ал, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар да тиісті жағдайлар жасау мәселелерін шешу үшін 2025 жылдан бастап лицензиялау енгізілуде, – дейді Төлеген Қапақұлы.

Лицензия алудың негізгі шарттарының бірі ретінде бірқатар шарттар анықталды. Яғни, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға жарамды және санитарлық ережелерге, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін ғимараттың болуы, көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін қажетті материалдық-техникалық базаның болуы, қызметкерлер құрамының болуы, халықтың аз қозғалатын топтары үшін ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету міндетті.

Биылғы қазан айынан бастап Комитеттің аумақтық департаменттері лицензиялау алдындағы талдауды жүргізіп келеді. Талдау барысында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін 1007 ұйымның 72,3 пайызы лицензиялау шарттарына толық сәйкес келетіндігі белгілі болған. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік арнаулы қызмет көрсету орталықтарын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұл ретте үкіметтік емес ұйым ұсынатын үкіметтік емес сектор ұйымдарының ішінен өрт қауіпсіздігі актілері жоқ 86 объект анықталды, 70- інің санитарлық эпидемиологиялық қадағалаудан қорытындылары жоқ, 87 ұйымның ғимараттарында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік қарастырылмаған.

– Біз әкімдіктермен және үкіметтік емес ұйым мен лицензиялауға дайындық мәселелерін пысықтауды жалғастырамыз, лицензиялау алдындағы бақылаудан өту бөлігінде қажетті консультациялармен сүйемелдеу көрсетеміз. Ұйымдарды лицензиялау бірінші кезекте көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, екіншіден, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын қоғам өміріне одан әрі ықпалдастыра отырып, оларды әлеуметтік оңалтудың тиімділігін қамтамасыз етеді, – деді комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

ЖӘРДЕМАҚЫЛАР АРТАДЫ

Алдағы жылда төлемдер мен жәрдемақыларда да өзгерістер болмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5 пайызға арттырылады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес балалары бар отбасыларға республикалық бюджет қаражатынан тағайындалатын жәрдемақыларға тоқталсақ, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін атап өтелік. 1-ші, 2-ші, 3-ші бала туылған кезде 149 416 теңге яғни, 38 айлық есептік көрсеткіш, 4 және одан көп бала туған кезде 247 716 теңге яғни, 63 айлық есептік көрсеткіш беріледі. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы жұмыс істемейтін әйелдер үшін бірінші балаға – 22 649 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 26 777 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 30 867 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК) тағайындалады.

Төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар, оның ішінде жалпы орта, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға олар 18 жасқа толғаннан кейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалардың санына байланысты белгіленеді. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға – 63 030 теңге (16,03 АЕК), 5 баласы бар отбасыларға – 78 798 теңге (20,04 АЕК), 6 баласы бар отбасыларға – 94 565 теңге (24,05 АЕК), 7 баласы бар отбасыларға – 110 332 теңге (28,06 АЕК), 8 және одан көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) беріледі. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендеріне ие болған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға тоқталсақ, «Алтын алқа» немесе «Батыр ана» атағының иегерлері, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталғандар 29 097 теңге (7,4 АЕК) алады. «Күміс алқа» барларға 25 165 теңге (6,4 АЕК) төленеді. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға бала 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы 74 428 теңге мөлшерінде төленеді.

Келесі жылдан бастап арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, 55 жастан бастап, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 6,5 пайызға өседі. Жәрдемақы мөлшері 92 456 теңгені құрайды. І топтағы мүгедек адамға күтім жасауды жүзеге асыратын адамға мемлекеттік жәрдемақы 74 428 теңге болады. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де 6,5 пайызға артады. Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарға – 62 912 теңге (16 АЕК), ҰОС қатысушыларына – 62 912 теңге (16 АЕК), ҰОС мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 29 687 теңге (7,55 АЕК), ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға – 24 340 теңге (6,19 АЕК), ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 17 616 теңге (4,48 АЕК), ҰОС мүгедектігі бар қайтыс болған адамдардың әйелдеріне (күйеулеріне) – 10 066 теңге (2,56 АЕК) төленеді. Социалистік Еңбек, Кеңес Одағының батырларына, ҰОС қатысушылары арасынан шыққан Социалистік Еңбек батырларына, Кеңес Одағының батырларына, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышына» – 545 094 теңге (138,63 АЕК) беріледі. «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға – 545 094 теңге (138,63 АЕК), қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) әскери қызметшілердің отбасыларына – 18 048 теңге (4,59 АЕК), ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне (38 963 адам) – 8 376 теңге (2,13 АЕК), Чернобыль атом электр стансасында апатты жоюға қатысушыларға - 18 874 теңге (4,80 АЕК) тағайындалады. Ал, I және II топтағы мүгедек адамдарға – 6 724 теңге (1,71 АЕК), III топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2 910 теңге (0,74 АЕК), 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 4 326 теңге (1,10 АЕК), мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 4 837 теңге (1,23 АЕК), ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға (139 адам) – 4 837 теңге (1,23 АЕК) тиесілі. Басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік әрекеттердің ардагерлеріне, оның ішінде Ауғанстанда болғандарға – 24 340 теңге (6,19 АЕК), тәжік-ауған учаскесінде, Ирактағы бітімгершілерге, Таулы Қарабақта болғандарға - 18 874 теңге (4,80 АЕК) жәрдемақы берілмек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар