«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

30 инвестициялық жоба іске асады

30 инвестициялық жоба іске асады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Бүгінгі күні аймақтың ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына инвестиция салуға ниет танытқан отандық және шетелдік компаниялардың қатары қалың.

Жалпы, бүгінгі таңда облысымызда барлық салада өсім динамикасы қалыптасып отыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыста 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады. Оған қаралатын қаржы құны – 3,3 триллион теңгені құрайды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шетелдік және отандық инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Пре зидент т апсырған міндеттер облысымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Инвесторлар ең алдымен аймақтың экономикалық әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатыны белгілі. Осының аясында облысымызда инвесторлар тарапынан көптеген жобалар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері жалпы құны 149,7 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылды. Осының есебінен 700 жаңа жұмыс орны құрылған. Тартылған инвестиция құны 370,5 миллиард теңгені құрады, – деді аймақ басшысы.

Бірқатар ірі жобаларға тоқталар болсақ, олардың қатарында «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), Еврохим удобрения (минералды тыңайтқыштар), «Knauf Гипс» (гипсокартон), «Shagala Mining» (мыс өндірісі) сияқты инвестициялық жобалар бар. Сондай- ақ, облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларға инновациялық технологиялар енгізілуде. Мәселен, Шатыркөл байыту комбинатында мыс кенін байытудағы ең озық инновациялық технологиялар қолданылуда. Ал, «Korcem» кәсіпорны Орта Азияда теңдесі жоқ қалдықсыз цемент өндіру технологиясын енгізді. «Qazaq Soda» жобасында қолдану жоспарланған технологиялар әлемдегі ең экологиялық таза және тиімді технологиялардың бірі болып табылады.

– «Жасыл» экономика саласында да атқарылып жатқан жұмыс көп. Атап айтар болсақ, өңірде «Total Eren», «Masdar» және «China Power» компаниялары жалпы қуаты 2,5 гегаватты құрайтын жел электр станцияларының құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторлары компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды, жалпы инвестиция көлемі 54 миллиард теңге. Биыл «Тараз» ӘӘК» АҚ базасында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның 8-ін біз жақын арада іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ал, «Тараз» индустриалық аймағында жалпы құны 137 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы жобалар іске асқан сәтте 1 300 жұмыс орнын құру көзделген. Бұдан бөлек, облыста «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтарын 180 гектарға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл субаймақтарда әрбір ауданның ерекшелігіне қарай орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастыру межеленген. Мәселен, «Меркі» субаймағында сауда-логистикалық хаб, жеміс-жидек өңдеу кешені, макарон өнімдері мен жиһаз өндірісі бойынша инвестициялық жбалар жүзеге асырылатын болады. Ал, «Құлан» субаймағында сүт өнімдерін, макарон өнімдерін өндіретін цехтар құрылса, «Сарысу-1» аймағында тазартылған тұз өндірісі, хлор-сілтілі зауыт, кальций хлоридін өңдеу зауыты, әк өндіру зауыты, шыны өндіру зауыттары бой көтереді. «Сарысу-2» аймағында алтын, күміс, мырыш, темір және тағы басқа түсті металдарды байытуға арналған серобетон, литий сульфиді және полисульфид, колоидты күкірт, флотореагенттер өндірісін қолға алу жоспарланған.

Сонымен, бүгінгі күні «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталып кетті. Жалпы, кәсіпкерлер тарапынан инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30 пайызы брондалған. Өндірістік жайлар төмен бағамен (1200 теңге/м2) ұзақ мерзімге жалға беріледі. Іске асырылатын жобалар аясында 2025 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826,4 миллиард теңгені, тікелей шетел инвестициясы 86 миллион АҚШ долларын құрап, 144,4 миллиард теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарлануда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар