«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастарды азаттыққа жетелеген ән

Жастарды азаттыққа жетелеген ән
Ашық дереккөз
Желтоқсан. Тәуелсіздікке жол ашқан осынау ызғарлы күндер тарих қойнауына тереңдеген сайын мағынасы да, мәні де асқақтай түседі. Дегенмен, біз оған толықтай әрі дұрыс баға бере алдық па? Ол туралы шындық түгесіліп болды ма?

Сол тұста Алматы совет сауда техникумының студенті болған, бүгінгі күні Мойынқұм аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Гауһар Әйтімова оқиғаны ой елегінен тағы бір өткізіп, былайша тебіренді.

– Қазақстанның бірінші басшысы болып Колбиннің тағайындалғаны туралы хабар студенттер арасында тез тарап кетті. Ол кезде екінші курста оқитынбыз. Сөйтіп 16 желтоқсан күні сабақ бітісімен бойымызды кернеген ашу-ызамен қазіргі Абай даңғылы мен Достық даңғылының қиылысына көшеге шықтық. Әлі есімде, Абай даңғылының оң қапталындағы жүргіншілер жолында бір топ адамның жоғары қарай келе жатқанын көзіміз шалып қалды. Қасымда топтас қызым Гүлбану бар еді. Әлденеден секем алғандай болып, екеуміз көшенің қарсы бетіне өтіп, олардың қайда беттеп бара жатқанын сұрадық. Олардың алған бағытын білісімен-ақ, біз оларға қосыла кеттік. Тобымызбен Ленин (қазіргі Достық) даңғылын бойлай, сол кездегі Брежнев атындағы алаңға жиналдық. Біраз уақыттан кейін мұнда қазақ жастарының қарасы көбейе бастады. Біз «Менің Қазақстаным» әнін ұранымызға айналдырып, бірнеше қайтара айттық. Бізді жігерлендірген ән алаңда осы болды. Дегенмен, бізді басу үшін ортамызға бірқатар елге белгілі азаматтар келіп, сөз сөйледі. Ішінде Роза Бағланова да болды. Көзіне жас алып тұрып, бізді қайтаруға тырысты. Басқа да азаматтар сөз сөйледі, көбін танымайды екенмін. Олардың айтқаны: «Балалар, жатақханаларыңа қайтып, сабақтарыңды оқыңдар. Мұның арты жақсылыққа апармайды», деді. Бірақ біз ол ескертулерге құлақ аспай тұрдық. Жолды автобустармен жапты. Ит жетектеген, мұздай қаруланған әскерилермен текетірестік. Жігіттердің алдына түсіп, ойымызды ашық айтып, бейбіт лозунгтерімізді көтеріп, «Қазақстанды қазақ басқарсын» деп табандап тұрмыз. Арасында «Менің Қазақстаным» әні асқақтата шырқалады. Менің қарсы алдымда еңгезердей офицер тұрды. Менің түрімді жаттап қалыпты. Кейін құрбым екеумізді сол ұстап алып, таяққа жықты, – деп еске алады Гауһар Таласқызы.

Түстен кейін қуып тарату үшін әскерилер жастарға тап бергенде, Гауһар да құрбысымен бірге қайрат көрсетіп қарсы тұрады. «Мен ауылда өскендіктен де кішкене құрбыма қарағанда етжеңді, қайратты едім. Шамам келгенше қарсыласып бағып, кері шегіндім. Алаңда арпалыс, біреуді ит талап жатса, енді бір қыз-жігіттерді тоқпақ астына алған әскерилер қоршап алып, оңды-солды соққылап жатыр. Бірін сүйреп, машинаға қолын қайырып тығып жатыр. Сол сойқанның арасында алдыңғы шепте қарсы алдымда тұрған еңгезердей офицер мені танып қалып, құрбым екеуміздің алдымызды орап, шырша түбінде ұстап алып таяққа жықты. Қолындағы таяғымен аямай осқылады. Бет-аузымызды қан жуып кетті. Сол тұста бір әскери қазақ жігіт бізге келіп ара түсті. «Әй не істеп жүрсіңдер? Жүріңдер менімен» деп қолтығымнан көтеріп алып, құрбым екеумізді сүйрей жөнелді. Алғашында бізді қойша тиеп жатқан машинаға апара жатыр екен деп ойладым. Жоқ, ол араға жетпей жолда қайырылып кетті. Сөйтті де қоршауы бар көпқабатты тұрғын үйлердің күл-қоқыс тастайтын орнына әкеліп тастады. «Осында тыныш отырыңдар. Айқай-шу басылған соң шығып кетесіңдер» деп ескертті. Сонда соққыға жығылған жастарды қазақ сарбаздары да құтқаруға тырысқанын көріп, жүрегім жылып қалды», – дейді Гауһар.

Әрине, сол тұстағы кеңестік жүйенің солақай саясатынан қаншама адамның тағдыры қиылды. Қаншамасы арман-мақсатына жете алмай бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Осы бір қиын кезеңді өз басынан кешкен Гауһардың да өмір соқпағы оңай болмады.

– Ол қоқыс алаңында қанша жатқаным есімде жоқ. Алған соққы әсерінен есімізден танып қалсақ керек. Ет қызумен алғашында байқамаппыз. Көкала болып сабалғанымызды денеміздің әртұсы сыздай бастағанда бірақ сезіндік. Бір жағы жаурап қалсақ керек, жаурағанымыз есімізді тез жинатты. Қоршаудан шыға алмай тың тыңдаумен болдық. Айқай-шу таңға қарай бір-ақ басылды. Қоршаудан шығып, көшемен жүрмей үй-үйдің арасымен тығылып, жатақханаға жеттік. Бірақ кіре алмадық. Әскерилер қоршап тұр. Одан өтіп, сыртта жүрдік. Түс қайта жатақханаға кіріп, жатып қалдық. Тергеп-тексеру басталды. Мен бір апта сабаққа бармадым. Жаспын ғой, қорқып, үлкен ағалардың кеңесін тыңдап, «қайдасың Мойынқұм» деп ауылға тарттым. Мен ауылға келген күні, 31 желтоқсанда Қайрат Рысқұлбековті үйінен ұстап алып кетті. Әке-шешемнің жаны қалмай, мені құм ішіндегі шалғай қыстаққа апарып тықты, – деп еске алады Гауһар Таласқызы.

Құм ішіндегі қыстақтан оны кім іздесін? Қыс-көктемді сонда өткізіп, Мойынқұм ауылына оралған соң, мектепті жақсы бітірген ол аудандық автожолқұрылыс мекемесіне жұмысшы болып орналасады. Одан кейін қазіргі тілмен айтсақ, аудан әкімінің хатшысы, аудандық соттың хатшысы болып еңбек етеді. Тұрмысқа шыққан соң Павлодар қаласында хатшылық қызметін медициналық, кейіннен педагогикалық колледждерде жалғастырады. Педагогикалық колледжде жұмыс істеп жүріп, бастауыш пәні мұғалімі мамандығын бітіріп алады. Ал, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары саудаға ауысады. Мойынқұм ауылында бауыры ашқан «Талас» дүкенінде бірнеше жыл еңбек етеді. Ал, соңғы 15 жылы аудандық Мәдениет үйінде өтті.

– Алаңда, бейбіт күнде бізді жігерлендірген ән «Менің Қазақстаным» әні болды. Алғаш Тәуелсіздік алғанда осы ән неге біздің Гимніміз болмады деп ойлайтынмын. Шынын айту керек, «Менің Қазақстаным» – желтоқсан оқиғасында алаңда көптеген қазақ жастарына нұр, жігер құйған ән. Бұл ән мен үшін қымбат. Осы ән Әнұран болған сәттегі менің қуанышым ерекше болды. Бұл желтоқсанда қазақ жастарын тәуелсіздікке жетелеген ән болған еді, – дейді Гауһар Таласқызы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар