Облыс тарихындағы тәуелсіздік жылдарындағы ең елеулі оқиғаның бірі – Тараз атауының қайта жаңғыруы. Бұл тәуелсіздіктің бесжылдығын түйіндеген талайғы тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Осы тұста Мемлекет басшысы облысқа жұмыс сапары барысында «Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы» жарлығын мәлім етіп, Тараз атауы қайтарылды. Осылайша, екі мың жылдық тарихында әр жылдары Талас, Тараз, Янги (Жаңа) Тараз, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл аталып келген шаһар тарихи атауына ие болды.
Көп ұзамай 2002 жылы шаһар өзінің 2000 жылдық мерейтойын атап өтті. Еліміздің ең ежелгі қаласы Тараздың мерейтойын мерекелеу туралы дүниежүзілік құзырлы ұйым ЮНЕСКО арнайы қаулы қабылдағаннан кейін ел Үкіметі мен облыс әкімі дайындық шараларына қызу кірісіп кетті. Осы мерекені өткізу үшін республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Тараз қаласында жолды тегістеу, көшелерде түнде электр жарығын жандыру, бітпеген бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, Жастар сарайын салу, орталық стадионды, «Дельфин» жүзу бассейнін, «Баласағұн» концерт залын, облыстық драма театр ғимаратын заман талабына сай қайта күрделі жөндеу, №18 және №50 мектептердің аумағын ұлғайту сынды шаралар қызу қолға алынды. Мерейтой қарсаңында «Тектұрмас» кесенесі ашылды. Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Тараз: мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» деген тақырып бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Конференцияға өз елімізден бөлек, Қытай, Бельгия, Италия, АҚШ, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары қатысып, Тараз тарихына қатысты көптеген деректерді жариялады. Әлбетте, бұл халықаралық ғылыми- теориялық конференцияда той иелері – қазақстандық ғалымдар жасаған баяндамалардың шоқтығы биік болды. Қыркүйектің 25-і күні «Тараз-2000» естелік пошта маркілерінің тұсаукесері болды. Дүниежүзілік деңгейде өткізілген 2000 жылдық мерейтой, ең ежелгі қаламыз қазақ тарихының алтын діңгегі екендігін, тамырлары тым тереңде жатқандығын таныта түсті.
Осы тұста «Тараз – жасыл желекті қала» деген статусқа ие болды. 2008 жылы Тараз шаһарын жасыл қалаға айналдыру үшін 81 миллион 102 мың теңге бөлінсе, 2009 жылы бұл қаржы 98 миллион 300 мың теңгеге өскен. Нәтижесінде қалаға мыңдаған тал-дарақтар мен гүлдер егіліп, Тұңғыш Президент атындағы саябақ көркейтілді.
Облысымыз еліміздегі ең тарихи ескерткішке бай мекен. 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 5 тарихи нысанымыздың ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енуі сөзіміздің айқын дәлелі. Дәл осы жылы ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың бірінші аймақаралық жиынында Қазақстанның 33 тарихи ескерткіші «Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» аталымы бойынша бүкіләлемдік мұра тізіміне қосылған болатын. Ал, солардың қатарына облыстан Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе, сонымен бірге Ақыртас қалалары енді. Мұндағы Ақтөбе қалашығы болжаммен орта ғасырдағы Баласағұн қаласы саналады. Археологиялық қазбалар кезінде тарихи мекенде сарай кешені мен тұрғын үй құрылыстарының фрагменттері табылған. Сондай-ақ, Құлан, Қостөбе және Өрнек қалашықтарын қазу кезінде жүзімді өңдеу бойынша шеберхана, күйдірген сары балшықтан қашап жасалған ғибадатхана, ортағасырлық мешіт анықталды. Осылайша, бүгінде аймақтағы тарихи- мәдени ескерткіштердің саны 3500-ге жуықтап отыр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Атлах шайқасының өткен жерін анықтау бойынша барлау жұмыстарының қолға алынуы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін арттыра түсері сөзсіз.
Әулиеата тарихындағы маңызды оқиғаларды еске салғанда 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының атап өтілуін айналып өте алмаймыз. Бұл 550 жыл бұрын Жәнібек пен Керей хандар қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған жамбылдықтарға ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды. Мерейтойдың негізгі салтанатты шараларының бірі – Тараздың батысындағы кіреберісте «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 30 метрлік ескерткіштің ашылуы болды. Оның құрылысына мемлекеттік қазынадан 501 миллион теңге жұмсалды. Тараздың орталығында киіз үй қалашығы, аттракциондар мен халықтық-қолданбалы шығармашылық заттары қойылған көрме ашылды. Таразда көне қалашықтың археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп отырған бұрынғы орталық базардың орнында құны 1,23 миллиард теңгені құраған «Көне Тараз» археологиялық паркі ашылды. «Тараз-Арена» спорт сарайында Ел Президентінің жүлдесі ойнатылған қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық жарысы өтті. Мерейтой аясында Таразға Қытайдың Сиань қаласынан ежелгі Ұлы Жібек жолының бағытымен бір жылға жуық жүрген керуен де келіп, мерекенің тарихи маңыздылығын арттырды.
Мұнан соң өңірдің мәдени-рухани өмірінде үлкен маңызы зор нысандар пайдалануға беріліп, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені жаңа нысандармен толықтырылды. Тарихи кешенде Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Көркемсурет галереясы орналасты. Бұдан бөлек, 2022 жылы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойында Жуалы ауданы Талапты ауылындағы өзі тұрған шаңырақ әдеби-мемориалды үй ретінде халық игілігіне берілді.
Қазір де Жамбыл жері ақиық ақындар мен жауһар жыршылардың, күміс көмей әншілердің киелі ордасы саналады. Өңірде 53 дәстүрлі әнші, 100-ге жуық ақын-жыршы, 25 күйші, 40-тан аса эстрада әншісі шығып, елге рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күй шеруін Әбдімомын Желдібаев пен Аман Малдыбаев, жыршы-термеші Аяз Бетбаев пен композиторлар – Алтынбек Қоразбаев, Ілия Жақанов, Мұрат Құсайынов, Әбиірбек Тінәлі, Марат Ілиясовтар бастаған көптеген өнер иелері жалғап келеді. Сонымен бірге театр мен кино саласының саңлақтары атанған Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұловтардың ізбасарлары да ел ықыласына бөленіп жүр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ана, ару, жар – қоғамның асыл ажары
- 16 желтоқсан, 2024
Тіл мерейі артып, тарихи атаулар қайтарылды
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді