«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіл мерейі артып, тарихи атаулар қайтарылды

Тіл мерейі артып, тарихи атаулар қайтарылды
Ашық дереккөз
Талайлардың арманы болған Тәуелсіздік бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырып, көмескілене бастаған құндылықтарымыз қайта жаңғырғаны көптің көңіліне қуаныш ұялатып, үміт жақты. Тәуелсіздік мүмкіндік берген жетістіктің бірі – Ана тіліміздің Мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны. Осы асылымыздың аясын кеңейтіп, құнын арттыру үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Себебі, бұған жету де оңайға соқпады.

Ана тіліміз үшін аянбай еңбектеніп, оның қолданысы мен тазалығын арттыруға барын сала күресіп жүрген Асылы Османова қазақ тілі Мемлекеттік тіл атану үшін біраз дау-дамайдың болғанын айтқан еді.

«Парламенттегі қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берердегі дау ел-жұрттың есінде болар. Сонда орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деп шалғайымызға жармасқандар болды емес пе, тіпті осы екі тіл бір дәрежеде мәртебе алып кету қаупі де төнді, Мұхтар Шаханов сияқты адамдардың жанайқайының арқасында ғана қазақтың Ана тіліне «мемлекеттік» деген мәртебе тартып алғандай болып берілді ғой. Мен осының өзіне қуанамын, себебі осы мемлекеттік деген мәртебені алғаннан кейін ғана қазақ тілі қоғамда кеңірек қанат жайып, қарқын ала бастады. Сондықтан мен тәубе деуге мәжбүрмін» деген тіл жанашырының сөзі Ана тіліміздің тағдыры шиеленіскен жайттарды бастан кешкенін аңғартты.

«Тілім – жаным» деп жүргендердің тағы бірі Оразкүл Асанғазы: «Біз ұрпақтың бірнеше тіл білгеніне қарсы емеспіз. Атам қазақ «Жеті жұрттың тілін біл» дейді. Бірақ мемлекет мемлекеттік тілдің кең қолданысқа енуіне көңіл бөліп, қадағалап, жауапты болуы керек. Баяғы кеңестік көзқараспен жаңа Қазақстан орнатуға болмайды. Әр отбасының, жастардың рухын биіктету керек. Рух биіктеу үшін мемлекеттік тіл керек. Тіл – ұлттың жаны. Тіл туралы айтпаған зиялы кемде-кем. Ахмет Байтұрсынов «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп нәрсенің ең қуаттысы – тіл» десе, Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген. Егер жаңарамыз, өзгереміз десек, руханиятты жөндеуіміз керек. Ана құрсағына бала біткеннен бастап қазақ тіліндегі дүниелерді көруі қажет. Отбасы тілі, балабақша тілі, мектептің тілі – қазақша болса, мұндай ұрпақ барлық салада дарынды», – дейді.

Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін біздің өңірде де тіл саясатын жүргізуде айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Облыс аумағындағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл туралы заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру- насихаттау жұмыстары облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарапынан тұрақты жүргізілуде.

– Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарына сәйкес, облыстық деңгейде 4 индикатор белгіленген. Атап айтсақ, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі, мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі, қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиін пайдаланатын жазба коммуникациясына қатысушылардың үлесі, жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер саны, яғни мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі назарға алынады. Басқарма тарапынан тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізіледі, бүгінде құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 99,6 пайызды құрады. Басқармаға қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» және оның 8 аудандағы филиалы ересектерге мемлекеттік тілді үйретеді. Басқарма тарапынан тіл саясатын дамытудың аталмыш тұжырымдамасы аясында мемлекеттік тілді оқытуда этностар тығыз шоғырланған елді мекендерге басымдық берілуде. 2024 жылы үш тіл бойынша 4575 тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылды. Оның ішінде қазақ тілін оқу курсынан өткен 3990 тыңдаушының 3304-і өзге этнос өкілдері. Олардың 32 пайызы орыстар, 35 пайызы дүнгендер, 7,8 пайызы түріктер. Тілдік кемсітушіліктің кез келген түрлеріне қарсы тұрып, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру басты назарда. Жыл бойы өңірде мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейтуге, тілдік кемсітушіліктің алдын алуға бағытталған түрлі форматта 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңға жуық адам қамтылды, – дейді облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрбану Молдабекова.

Тілді оқып-үйрету мақсатында оқытушыларға да орталық тарапынан әдістемелік көмектер көрсетіліп, тәжірибе алмасу бағытында іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әлеуметтік парақшаларда жарияланған. Қазақ тілін сөйлеу арқылы тез меңгеру мақсатында ұйымдастырылған «Ашық аспан астында тіл үйренеміз», «SŐILE» (сөйле), «Шаңырақ» жобалары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Орталық мамандары қазақ тілін қарапайым деңгейде өз бетімен үйренгісі келетін азаматтарға 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасын әзірлепті. Қосымшаны кез келген адам «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Жалпы мемлекеттік тілді қолданудың аясы мен сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік желіде «Таразлатын» («Tarazlatyn»), «Сауаттылық Time» және «Мен қазақша сөйлеймін», «Терминді біл» («Termindi Bil»), «Тіл байлық» («Til Bailyq») жобалары да бар. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға бағытталған «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы», «Bal-Balaqai tili», «Қатемен жұмыс» атты анимациялық, сауатты жазуға, сөйлеуге арналған бейнедәрістер әзірленіп, тиісті мекемелерге таратылып, әлеуметтік желілерге орналастырылған.

Нұрбану Оңғарбекқызының айтуынша, биыл жыл басынан бері «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!», «Таза қалаға – таза жарнама» тақырыбындағы айлық өткізіліп, көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін біріздендіру бағытында зерделеу шаралары жүргізілген. «Атамекен» Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының әлеуетін пайдалану арқылы кәсіпкерлерге тіл заңнамаларының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескерте отырып, маңдайшаны немесе жарнаманы орналастырғанға дейін Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен, ондағы тіл мәселесіне жауапты мамандармен келісім алу тәжірибесі қалыптасты. Атап айтсақ, қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жарнама орналастыруға рұқсат алу барысында мәтіндерін Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі арқылы келісетін болды.

Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін облыста 3908 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері мен 247 нысанға тарихи атаулары қайтарылып, көптеген ұлы тұлғаларымыздың есімдері ұлықталды. Айталық, 57 жыл бойы Свердлов атанып келген ауданға Қоқан хандығының тепкісінен азат ету жолында күрескен Байзақ батырдың есімі берілді. Ал, 61 жыл Луговой атанған аудан 1999 жылы қазақтың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловтың есімін алды. Бұл өлкеге ертеде орыс этносының өкілдері алғаш келіп,қоныстанғанда көк майсалы жеріне тәнті болып «Луговой» деп атаған екен. Сол секілді облысымыздағы Буденовка ауылы Арыстанды, Самсоновка – Күреңбел, Петров – Қарасаз, Юрьевка – Қарасу, Успеновка – Қоңыртөбе деп қазақшаланды. Мұндай атауларды қайта жаңғырту кейінгі жылдары да жалғасын тауып, бүгінде көптеген жер-су, көше атаулары елдігімізге лайықты аталып жүр. Бұл – Тәуелсіздіктің үлкен жемісі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар