«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді

Өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың төрағалығымен діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес отырысы өтті. Жиында облыстағы ұлтаралық келісім мен діни татулықты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Әуелі облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев баяндама жасады. Ол өңірдің ұлт өкілдері көп шоғырланған 8 ауданында этнокарта жасалғанын, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жалғасын тауып жатқанын айтты. Қуаныш Абдрахманұлы: «Облыста өзге ұлт өкілдерінің бірлігін бекемдейтін «Достық» театры құрылды. Ассамблея хатшылығы облыстық бөлімшесі ұйымдастыруымен «Біртұтас қоғам. Сенім мен келісім» жобасы іске асты. «Тарихқа жастар көзімен» конференциясы өтіп, «Достық» керуені Меркі, Талас, Сарысу, Шу аудандарында өтті. «Мың бала» жобасы 227 аралас мектепті қамтыса, тіл үйрету курстарының жұмысы жүйелі жүргізілуде. «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан құрылған әкелер және аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен 450 іс-шара өтіп, оған 24 мың адам қамтылған. Алдағы уақытта да қоғамдық пікір тудырған түрлі мәселелерді шешу, ысырапшылдыққа жол бермеу бойынша жұмыстар жалғасады», – деді.

Мұнан соң облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығы Қордай ауданы бойынша инспекторы Тоты Есқұлова аталған ауданда 65 мешіт тұрақты жұмыс істеп, 106 діни қызметкер еңбек етіп жатқанын айтты. 65 мешіттің 34-іне қазақтар, 31- іне дүнгендер құлшылық ғибадатқа баратынын айтты. Ол аталған ауданның 10 азаматы шетелде білім алып жүргенін, бірқатар заңсыз кітаптар анықталғанын айтып, Қордай қарилар оқыту орталығының мәселелеріне тоқталды.

Мұнан соң Жамбыл ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Нұрсейіт Сәдір аталған аудандағы діни ахуалдың барысына, достық және ұлтаралық келісім жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиында ҚМДБ-ның облыс бойынша өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев облыстағы діни ахуал туралы қозғай келіп, имамдарға жалақы төлеу мәселесі үнемі назарда екенін айтты. Облыстың бас имамы: «Қордай ауданы бойынша дүнген ұлты көп шоғырланған ауылдардағы мешіттерге де имам, найб имамды жергілікті ұлт өкілдерінен бекіту, ол мешіттерде де уағыздарды мүмкіндігінше қазақ тілінде жүргізу, қарилар орталығының жұмысын қадағалау назарда. Сырт мемлекеттерде оқитын азаматтармен де үнемі байланыс бар», – деді.

Жиында аталған діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес мүшелері Зарифжан Юсипов, Парида Мамедова және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаева өз ойларын ортаға салды. Жиында өзге де мәселелер қаралды.

Кеңес жұмысын Сәкен Сәрсенбайұлы қорытындылап, бірқатар азаматтарды марапаттап, биыл аталған саланың жұмыстарына белсене қатысқаны үшін барлық қатысушылар мен кеңес мүшелеріне, БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар