«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көңіл көзі әлемді көреді

Көңіл көзі әлемді көреді
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Саусақ ұшындағы әлем» облыстық макет және қолөнер байқауы өтті.

Іс-шараны «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық филиалының қызметкері Кенжебала Оспанова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстағы өнерпаздардың шығармашылығын шыңдау, зағип жандарға сипалау арқылы көптеген құндылықтарды таныстыру мақсатында өткен байқауға 32 қатысушыдан 42 жұмыс қабылданыпты. Көздің жауын алатын ғаламат еңбектердің 20-сы макет түрінде болса, 22-сі қолөнер бұйымдары. Байқаудың қазылар алқасы облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегимов, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облысымыздағы филиалының қызметкері Кенжебала Тілеуханқызы және «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнершілер ассоциациясының төрайымы Гүлнұр Абдуллаева сараптау нәтижесі бойынша байқау ережесіне сәйкес бірнеше қағидаларға қарай өз шешімдерін шығарды.

Нәтиже бойынша Сағат Шарипова «Үздік өңделген бұйым», Ұлбала Үмсейіт «Сәндік қолданбалы өнер» аталымдары бойынша марапатталса, қолөнер бойынша бірінші орынды Мұрат Айдарқұлов иеленіп, екінші жүлде Қазым Аманқосовқа берілді. Үшінші жүлдеге Аружан Сүлейменова лайық деп танылды.

Макет бойынша бірінші орынды Жамбыл Егізеков «Балалық шақ» жұмысымен иеленсе, екінші орын Камила Сәбитқызына, үшінші жүлде Алмат Тынысбекке бұйырды. «Бізге мұндай байқау үлкен әсер сыйлайды. Мен «Жапырақ жауған сары күз» атты жұмысыммен қатысып отырмын», – дейді Тараз қаласы IT лицейінің оқушысы Аңсар Амантай. «Мұндай іс-шараның біздің оқырмандарға, шығармашылық иелеріне әсері мол», – дейді аталған кітапхана директорының орынбасары Толқын Күзенова.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аталған кітапхана директоры Жанна Алшынбаева және қазылар алқасының мүшелері дипломдармен және бағалы заттармен марапаттады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар