Жалпы, Бақтиярдың бағы жанған айтулы додада оның бабы да келіскен еді. Ол Олег Сайтовты Олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырды. Жекпе-жекті көгілдір экран арқылы тамашалаған ел-жұрт ресейлік комментатордың қазақ баласынан гөрі жерлесіне бұра тартқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Десе де, Артаев өзінің бұл спортқа кездейсоқ келмегенін дәлелдеді. Қазақ Әнұраны көкте қалықтады.
Рас, әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 келіде жеңімпаздар дәстүрі одан кейін де жалғасын тапты. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы әбден діңкелетті. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Ол өзбектердің «ақ үміті» Шахрам Гиясовтың сілікпесін шығарып, шапшаң қимылдады. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды.
Десе де, Афина Олимпиадасында жалғыз алтын алған Бақтиярдай ердің ерлігі ерен. Жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, бүкіл Ресей елі тілеуін тілеген Олег Сайтовтың аптығын басқан да осы саңлақ. Бұл жөнінде белгілі қаламгер, спорт журналисі Қыдырбек Рысбек өзінің фейсбук парақшасында «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген тақырыпта жазба қалдырды. Төрт жылдықтың басты додасын көзбен көрген ол Бақтиярдың бір алтыны қазақ боксшыларының абыройын асқақтатқанын айтады.
«2004 жыл. Афина Олимпиадасы. Олимпиаданың соңғы сәтіне дейін Қазақстан құрамасына алтын медаль бұйырған жоқ. 1996 жылдан бері Олимпиада ойындарынан «алтынсыз» қайтпаған қазақ жұрты грек жеріне үмітпен көз тігіп, дағдарып тұрған сәтте қарағайға қарсы біткен бұтақтай Бақтияр Артаев бауырым финалда кубалық әлем чемпионы Лоренцо Арагонды сең соққандай қылып, Олимпиаданың алтын медалін жұлып түсті. Жекпе-жек біткен бойда құстай ұшып Бақтиярға жеттім. Ұлттың ұлы үмітін ақтаған айбоз ұлдың тер жуған бетінен құшырлана сүйіп, бауырыма қыстым. Жарты ай бойы жанды шүберекке түйіп, бір бауырдың алтын тұғырға табан тірегенін көре алмай запы болған көңіл шіркін көк дөнендей жүйткіп тұр. Сол күні аспаннан шұға жауды. Бақтияр Олимпиада «алтынына» қоса ең үздік боксшының қолы жететін Баркер кубогын төбесіне шаттана көтерді. Афинадағы ат төбеліндей қазақтар шаттықтан шалқи толқыдық. Пәлен күнгі кеудені торлаған өкініш пен реніштің қара бұлты әп-сәтте сейіліп сала берді. Мына фото осыдан 20 жыл бұрынғы сол бір тарихи жеңістің құнды да қымбат естелігі», – дейді Қыдырбек Рысбек.
Жалпы, Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы болатынына күмәнсіз сенген, сол жолда небір тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген екі адам болса, соның бірі, бір адам болса, соның нақ өзі Нұрлан Ақүрпеков. Нұрлан бапкер Бақтиярмен бір тумаса да, туғанынан кем емес. Артаев Афина Олимпиадасының алтын тұғырына табан тіреген сәтте дуылдасқан жерлестерінің арасында екі көзінен ыстық жасы парлап бір қазақ тұрды. Сол қазақ Бақтиярды он жасынан боксқа баулыған Нұрлан бапкер еді. Алайда, бүгінде елге белгілі бапкер мен шәкіртінің жүріп өткен жолы оңай болған жоқ.
– Екеуміз Афина Олимпиадасына қым-қиғаш айқаспен зорға бардық. 21-дегі жас өрен осы жолда небір құқайға тап болды. Бұл бөлек әңгіме. Әлі есімде жартылай финалдағы екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік Олег Сайтовпен бәсеке алдында Афинада белгілі қаламгер Жүрсін Ерманмен жолығып қалдым. «Олегпен қалай болар екен?» деді ақын ағам. «Саспаңыз, Сайтовты жеңеміз!» дедім сеніммен. «Өй, сенің аузың жақсы ғой. Анау тым тәжірибелі, өзі де бір сойқан?» «Аға, оған қарсы құрған тактикамыз бар. Уайымдамаңыз, ұтамыз». «Ә, солай ма, он алты миллион қазақтың күткені де осы ғой», – дей бергенде Жүрсін ағамның көзінен бір тамшы жас ытқып кетті. Менің де тұла бойым оқыс шым етті. Шынында да, мен Артаевтың Сайтовтан басым болатынына іштей сенімді едім. Олегтің бұған дейінгі жекпе-жектерін жіліктеп, талдай келе оған қарсы сайланып шықтық. Алда – финал. Жаттығу залында кубалық Лоренсо Арагонды көріп қалдым. Әлемнің 2001, 2003 жылдардағы чемпионы. Шомбал қара бапкерінің білегін қайыстыра тоспаны гүрсілдетіп ұрып жатыр екен. Қимылы сұрапыл. Мәссаған, Бақтияр осымен айқаса ма?! Қорықпасам да, тұла бойым біртүрлі тітіркеніп кетті. Жүйкесіне салмақ салмайын деп ауылдың хабарын жеткіздім. «Сен жеңуге тиіссің», – деп миын қажаған жоқпын. «Аға, Сайытовқа қарсы тактикаңыз өте дұрыс болды», – деді Бақтияр. Шәкіртімді сергек ұстауға тырыстым. Жанығып қимылдаған жоқпыз. «Арагон оң қолмен опырып ұрады. Ол оң қолын сілтегенде сен бір жағыңа ойыса бере екі қолының арасынан сыналай тартып жібер. Осыны ұмытпа!», – дедім қарсы алдына тұра қалып. «Аға, сіз тура Арагон сияқты боп кеттіңіз ғой», – деп Бақтияр күліп жіберді. «Қасыңда секундант бола алмаспын. Бірақ мыңдаған адамның ішінен менің дауысымды естуге тиіссің», – дедім. Бақтияр үнсіз басын изеді. Ертеңіне Бақтияр, Бауыржан атасы айтпақшы, тарихи ерлік жасады. Нақтылай айтсақ, Афина Олимпиадасында Қазақ елі спортшыларына бұйырған жалғыз алтын медальді кеудесіне тақты, – деді сол бір сәтті еске алған Нұрлан Ақүрпеков.
Тәуелсіздік алғалы бері төрт Олимпиадада төрт алтын алған біздің жігіттер Токио мен Парижде білгенінен жаңылды. Дәлірек айтсақ, бокстан Қазақстан құрамасы Токиода алғаш рет алтынсыз қайтты. Команда фавориттері алғашқы айналымнан әрі аса алмады. 69 келі дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке үлкен үміт артылған еді. Себебі, біздің ел дәл осы салмақта 2004 жылдан бері алтын алып келген. Бірақ, Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды. Ал, жарыс жолын жақсы бастаған жерлесіміз Әбілхан Аманқұл 75 келіде бірінші сайыста өзбек боксшысын жеңгенімен, екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға есе жіберді. Осылайша, төрт жылдықтың басты додасында кем дегенде бір алтын алып келген қазақ боксшылары чемпионсыз оралды. Ал, осы жылдың жаз айында түндігі түрілген Олимпиада ойындарында Нұрбек Оралбай ғана күміспен күптелді. Бұған да шүкір дестік. Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқын енді кім қайтарары әзірге белгісіз...
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ол өмірде де, спортта да абыройлы болды
- 2 желтоқсан, 2024
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...
- 23 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді