Квадробер немесе квадробика (лат. quattuor – «төрт» және ағылшын. аэробика – «аэробика») – квадробикамен айналысатын адам, бейресми спорттың өкілі, 7-14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің субмәдениеті. Квадробтар жануарлардың бетперделерін киіп, олардың мінез- құлқына еліктейді. «Квадроберлер дегеніміз – адам болудан бас тартып, итше, мысықша дыбыстап, күнделікті өмірде жануарларға ұқсап төрт аяқтап немесе жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін адамдар. Олар сыртқы кейпін өзгертіп қана қоймай, иттер секілді адамдарға шабуылдаған, яғни, тырнау, тістеу фактілері кездескен. Мұндай оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгеріпті. Мұндайды балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып барады. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер.
«Батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Осы субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылып жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда квадробика, бұл адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін», – деді Мәжілісмен.
Дәулет Төлеутайұлының сөзінше, ең қорқыныштысы – балалар аталған ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалуы әбден мүмкін. Адамдық проблемалардан бассауғалап, қиындықтардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Сөйтіп, жабайы аңдар сияқты, ойсыз, мақсатсыз, жауапкершіліксіз, «бостандықта» өмірді аңсайтын жастар ортасында теріс, жағымсыз қылық орын алып барады. Бұл ағым жастар арасына 2000- шы жылдардан бастап енді. Оның негізін қалаған жапондық спринтер Кеничи Ито екен. Спортшы төрт аяқтап – итке ұқсап жүгіруді дәріптеп, жарыста 100 метрлікті 18,58 секундта жүгіріп өткен. Содан кейін бұл жарыс Адам-маймыл аталып, жастар арасында дәріптеле бастады. Жеті жылдан кейін Кеничи Ито өз рекордын жаңартып, 100 метрлікті 15,71 секундта жүгіріп өтті. Бара-бара төрт тағандап жүгіру жаттығуына ел назары ауды. Кейін ғаламтордың арқасында бұл жүріс әлемге жайылды. Адамдар жан-жануарды еске салатын акробатикалық іс-қимылдар жасай бастады. Әлеуметтік желілерде квадробика бойынша техникаларды үйрететін видеолар тарады. Оның авторлары мысық немесе итке ұқсап қалай секіруге болатынын, бетперделерді қалай жасауға болатынын үйретуде. Балалар бұл нәрсені трендте болу үшін қайталайды.
2022 жылы америкалық Колин Маклюр 15,66 секунд көрсеткішімен Кеничи рекордын жаңартты. Спортшының айтуынша, ол квадробика туралы бейнероликтерді ғаламтордан көріп, бойында туа біткен дарын бар екенін түсінген кезде жаттығуға кіріскен.
2020 жылдан бастап көптеген жастар төртаяқты жануарларға ұқсап, төртаяқтап жүруге, жүгіруге қызығып, беттеріне маска киіп, қолдан құйрық жалғап, мысық, түлкі, ит және де басқа жануарлардың кейпіне еніп, қала көшелеріне, саябақтарға «қыдыруға» шығуға әуестене бастады. Тіпті бәзбіреулері итке ұқсап үріп, мысық сияқты мияулап, адамдарға шабуыл жасауды, тістеп, «талап» тастауды әдетке айналдырып барады екен. Немесе жылқы секілді кісінеп, жер тепкіліп, немесе құс секілді шиқылдайтындар да табылады. Квадроберлер үшін кейбір үлкен қалаларда арнайы дүкендер ашылып, оларға арналған маскалар, киімдер, сәнді «құйрықтар» және де басқа атрибуттар да сатылуда. Жақында квадроберлерге арналған табақ және тамақ та пайда болыпты.
Таяуда теледидардан Ресейдің Омбы қаласынан бір таңғаларлық сюжетті көріп таңғалдық. Ит кейпіндегі баласының (бетіне ит маскасын, құйрығына иттің құйрығын байлап алған) мойнына қарғы байлап, саябақта итше жетектеп серуен жасап жүргенді көргеніміз бар. Бұл тренд Қазақстанға да жетті. Алматы, Астана секілді ірі қалалардың көшелерінде жан-жануарлардың киімін киіп, төрт аяқтап жүрген ұл-қыздар пайда болды. Сол көріністерді әлеуметтік желілерден көріп төбе шашың тік тұрады? Қоғам қайда кетіп барады? Бұл не заман? Ерге ер, қызға қыз үйленіп, ол әрекеттерін дұрыс деп санап, топ құрып, кешкі клубтар ұйымдастырып, көшеге шығып даурығып, өз туларын көтеріп қоғамнан әділеттік іздеп жүрген жастарды кім дейміз? Еркіндіктің, демократияның, бостандықтың да шегі бар емес пе? Адамзаттың адами нормадан ауытқуы емес пе? Олардың болашағын ойласаң бойыңда қорқыныш пайда болып, жүрегің мұздайды.
Қазақ мифтері мен мистикасында кентавр деген түсінік бар. Төрт аяқты жылқының басы адам кейпінде суреттеледі. Кентавр жайлы көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының поэмасы бар. Немесе белгілі жазушы Несіпбек Дәутаевтің «Айғыркісі» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Әлі есімде, біздің бала кезімізде экранға «Тарзан» деген маймыл туралы кинофильм шықты. Оны көрген жастар батыл да батыр Тарзанға еліктеп, ағашқа өрмелеп, бұтақтан бұтаққа секіріп, абайсызда биіктен құлап, жарақаттанып, аяқ-қолдарын, омыртқаларын сындырып, мүгедек болғандар аз болмады. Тіпті миы, жұлындары зақымданып, көз жұмғандар да кездесті. Ол – жастардың еліктеушілігінен, әуестенуінен туындаған оқиғалар болатын. Байқап отырсаңыз, әр кезеңнің бір «геройы» бар. Әлі ой- ақылы толық тоқтамай, толқып тұрған жастар әр нәрсеге еліктегіш келетіні белгілі. Кезінде мектеп пен ЖОО биология пәнінде «Чарлз Дарвин және оның теориясы» деген тақырып бар болатын. Онда «Адамды адам еткен – еңбек» деген ой-пікір бар еді. Яғни маймыл эволюцияның құдіретімен миллиондаған жылдарды артқа тастап, талай кезеңдерден өтіп, бірте-бірте екі аяқтыға, адамға айналды делінетін. Ал, қазір екі аяқтыдан кері дәуірге, яки адамның төрт аяқтыға айналуын аңсап жүргендерді не деуге, кім деуге болады?! Бұл адамның азғындауы емес пе?
Квадроберлер жайында дау-жанжал биылғы қыркүйек айында орын алды. Әнші Миа Бойканың концерті кезінде сахнаға мысық маскасын киген кішкентай қыз шығады. Оны көрген Бойка «Сен де квадробикамен әуестенсің бе?» деп ел алдында жас қызды мазақ-күлкіге айналдырады. Әлеуметтік TikTok желіге шыққан бұл хабарды 7 миллионнан астам адам көріп, буллинг деп санап, Миа Бойканың бұл әзілі жас қыздың психикасына кері әсер етуі әбден мүмкін деп шу-жанжал шығарды. Қызды қорғауға белгілі әртістер Егор Крид және Клава Кока да өз пікірлерін білдіріп квадробикамен айналысатындарды қорғап бақты. Тіпті Қауіпсіз интернет лигасының басшысы Екатерина Мизулина әнші М.Бойканы прокуратураға арыз бергенін хабарлады. Міне, бұл қазіргі қоғамның квадробика қозғалысына деген көзқарасы.
Психологтар мен дін мамандары квадробиканың балалардың дамуына кері әсері болуы мүмкін екенін, ал шариғат тұрғысынан құпталмайтынын айтады. Құран кәрімде, Исра сүресінің 70-аятында: «Расында біз адам баласын құрметті, қасиетті еттік» дейді. Яғни, осы жаратылыстың ішіндегі ең құрметтісі, ең абыройлысы – адам баласы. Ал, Ниса сүресінің 119-аятында АллаТағала шайтан адамзатты қалай азғыратынын бізге баяндаған. Шайтан айтады: «Мен адамзатқа бұйырамын, олар Алланың жаратылысын өзгертеді» дейді. Демек, бұл аяттардан түсінетініміз, квадроберлердің жануарлар секілді төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеп, еліктеуі – дініміз тыйым салған амал болып есептеледі және Алланың адамзатты қасиетті қылып жаратқанына қайшы келеді».
Квадроберлер көбіне 7-14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, олар квадробиканы спорттық жарыстан гөрі ойын ретінде қабылдайды. Процесс барысында қатысушылар әртүрлі жануарлардың іс-қимылын салады немесе бір жануарды таңдайды.
Квадробер несімен қауіпті?
Кез келген субмәдениет бала мен жасөспірім үшін қауіпті болуы мүмкін. Квадробика да соған жатады. Егер ата-анасы баласының мінез- құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқамаса, бұл мына жайттарға әкеп соқтыруы мүмкін: оқшаулану, күйзеліс, психикалық ауытқулар. Бұған жол бермеу үшін баланы бақылап, уақыт тауып онымен сөйлесу маңызды. Егер жасөспірім шектен шығып кетсе, ата-аналар оған міндетті түрде көмекке келуі керек. Жасөспірімдік шақтың ең басты мақсаты – өзін-өзі іздеу, сол жолда адам өзін басқалармен салыстырады. Жалғыздыққа тап болған, көңілсіз және бәрінен көңілі қалған жасөспірімді елестетіп көріңізші, ата-анасының қолдауын сезінбейді және оның мектепте уақыт өткізетін, ой бөлісетін жақын достары жоқ. Мұндай жағдайларда образ жасау жасөспірім үшін наразылық немесе өзінің ішкі алаңын білдіру әрекетіне айналады екен. Ол өзіне, тек өз күшіне сүйеніп, кейде өзін орманды кезіп жүрген жеке басты қасқыр ретінде елестете бастайды екен. Мұндай рөлде жасөспірім өзін ауыртпалық түсіретін әлеуметтік нормалар мен одан бірдеңе шығады деп дәмеленетіндерден еркін сезінеді.
Балалар психиатры және психотерапевт Антонина Перекрестова бұл ойын түрі интеллекті дамытпайды, тіпті оны тежеуі мүмкін деп есептейді: «Бұл мінез-құлықты тудыратын себептерде қауіп бар. Тоғыз жасқа толмаған баланың саябақта бетперде киіп жорғалап жүруі – қалыпты жағдай, бірақ одан ересек балалардың бос уақытында топтасып, жануарлар бетпердесін киіп алып жүруі – ауытқу. Егер бала бір-екі ай ойнап, өзі немесе ата-анасымен бірге пайдалы дамыту әрекеттеріне ауысса жақсы. Егер олай болмаса, ата-аналар баланың өзін шығармашылық тұрғыдан дамытуға, оқудағы жетістіктерін жақсартуға және психологиялық жағдайын балалар психологы мен психиатрымен талқылауға мүмкіндігі бар-жоғына назар аударуы керек».
«Балаңызбен жақын сырласып, оның жан- дүниесінде болып жатқан толғаныстың барлығынан хабардар болсаңыз, оны түсінсеңіз, жалғыз қалдырмасаңыз, бала мұндай трендтің бәріне ілесіп кете бермейді, өз пікірі бар тұлға болып қалыптасады. Мәселенің бір ұшы баланың ішкі жалғыздығына келіп тіреледі. Өзін жалғыз сезінетін, ата-анасы бар бола тұра әлемнен қолдау іздейтін балалар әртүрлі трендке оңай еріп кетеді», – дейді дәрігер-психотерапевт Шаттық Қали. Маманның пікірінше, баланың қиялы шексіз, сондықтан ол костюмнің арқасында өзін күштірек, мықтырақ сезінеді. Костюм киіп алып өзге балалармен танысу да оңай. Костюм олар үшін қорғаныш құралы іспетті. Төрт тағандап жануардың қылығын салғанда бала өзін тіптен мықты, сенімді сезінеді.
Кейбір балалар мен жасөспірімдер үшін жануарлардың мінез-құлқы өз эмоцияларын білдіру тәсіліне айналуы мүмкін, әсіресе олар сезімдерін білдіруде қиындықтарға тап болып жатады. Олар жануарларға еліктеу арқылы агрессия, қорқыныш, қуаныш немесе алаңдаушылықты қауіпсіз түрде білдіре алады. Мысалы, жабайы жануарларға еліктеу олар үшін қарапайым тәсілдермен шешілмейтін шиеленісті көрсетуге мүмкіндік береді. Жасөспірімдер осылайша ата- аналарының тыйымдарына наразылық білдіруі немесе отбасындағы сезімдерінің еленбей жатқанын көрсетуге тырысуы мүмкін.
Енді квадробика бала денсаулығына зиянды ма деген сұраққа жауап берейік: біріншіден, бала физикалық жарақат алуы мүмкін. Төрт тағандап жүрген бала аяқ-қолын жерге сызып алуы ғажап емес. Трюк жасаймын деп ауыр жарақат алу ықтималдығы жоғары. Екіншіден, агрессивті әрекет. Кейбір жағдайларда квадроберлер өтіп бара жатқан адамдарды тістеп қалуға тырысуы ғажап емес. Өйткені, жануардың қылығын қаншалықты дөп салсаң, соншалықты квадроберге ұқсайсың. Үшінші себеп – психологиялық салдары. Бұл нәрсемен беріліп айналысқан баланың ақыл-есін маманға қаратып алу артық етпейді. Өйткені, бұл – бала үшін шынайы өмірден қашып, ата-анаға деген ішкі ренішін білдіру тәсілі болуы да әбден мүмкін. Бұл тек себеп қана болып шығып, салдарын баланың ақылынан іздеу де артық болмас. Біздің пікірімізше – қазақтың салт-дәстүріне қайшы келетін жастар арасында кең етек алып бара жатқан квадробика құбылысына біздің елімізде тыйым салынғаны жөн. Ол үшін мүмкін арнайы заң қабылдаған дұрыс болар.
Бүгіндері квадробикаға деген көзқарас қоғамда екіге бөлініп отыр. Бірі – оны баланың ойыны деп қараса, енді бірі – квадробиканың белең алуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдау қажет деп есептейді. Сіз не дейсіз? Сіздің квадробикаға қөзқарасыңыз қалай?
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- Бүгін, 03:24
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- Бүгін, 03:15
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді