Әртүрлі халықаралық талдау агенттіктерінің мәліметтерінше, көптеген жылдар бойы еліміз арзан мобильді интернет бойынша көшбасшы орында тұрғаны белгілі болды. Қарастырылып отырған рейтингте Қазақстан, басқаларынан бөлек, Беларусь (13-ші орын), Түркия (17-ші орын), Өзбекстан (20-шы орын), Қытай (23-ші орын), Армения (29-шы орын), Әзірбайжан (75-ші орын) және басқа да елдерді артта қалдырды. Сонымен қатар, Қазақстаннан басқа интернет құны ең арзан 10 елдің қатарына Израиль, Қырғызстан, Италия, Бангладеш, Пәкістан, Шри-Ланка, Үндістан, Индонезия және Франция кірген. Өз кезегінде мобильді интернеті ең қымбат елдер ондығына: Швейцария, Замбия, Жаңа Зеландия, Андорра, Сейшел аралдары, Канада, Оңтүстік Корея, БАӘ, Багам аралдары және Норвегия кіреді.
Бұл жерде тағы бір жайтты атап өткен жөн. Егер бір гигабайттың құны бойынша есептейтін болсақ, мысалы, Қазақстан тұрғындары үшін 20 ГБ мобильді интернет 11,8 АҚШ долларын (немесе шамамен 5800 теңгені) құрайды. Алайда іс жүзінде елімізде интернет пен қоңыраулар ескерілгенде, неғұрлым арзан тарифтік ұсыныстар мен қызметтер пакетін табуға болады. Сонымен бірге арнайы мүмкіндіктер де бар. Мәселен, «Tele2» ұялы байланыс операторында пакеттік тариф аясында ресурстарды айырбастау қарастырылған, яғни қоңырау минуттары мен SMS санын интернет гигабайттарына айырбастауға болады, бұл интернеттің құнын дәл осыған басымдық беретін адамдар үшін одан да төмендетеді. Бұдан басқа, тариф сатып алған кезде түрлі акция кезіндегідей гигабайттар бонус ретінде жиі беріледі. Ал, АҚШ-та тұрғындар үшін дәл осы 20 ГБ мобильді интернет 105,4 АҚШ долларын, Норвегияда – 106,6 АҚШ долларын, БАӘ-де – 115,2 АҚШ долларын, Оңтүстік Кореяда – 119,6 АҚШ долларын, Жаңа Зеландияда – 133,6 АҚШ долларын, Швейцарияда – 142,4 АҚШ долларын құрайды.
Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға салынатын мемлекеттік инвестициялардың және байланыс операторларының шалғай және ауылдық өңірлерді қоса алғанда, желіні кеңейту бойынша күш-жігерінің үйлесімі арқасында әлемдегі ең төмен бағалардың бірін көрсетіп отыр. Нәтижесінде интернет тек қалаларда ғана емес, еліміздің аз қоныстанған аудандарында да қолжетімді болды. Айта кету керек, жыл сайын мобильді байланыс операторлары саланы дамытуға инвестицияны аямай салуда, алайда, бұған қарамастан, мобильді байланыс пен интернеттің бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып қалып отыр және халықтың қалтасын қақпайды-мыс. Цифрмен түсіндіріп айтайық, 2024 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ғана байланыс секторындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар бір жылда 74,4 пайызға – 215,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Ал жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша сектордағы капитал салымы 2,5 еседен астамға өсті. Бұдан бөлек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеген деректер бойынша базалық станциялар құрылысына салынған инвестиция көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражат байланыс сапасын жақсартуға және елдегі, соның ішінде шалғай өңірлердегі интернетке қолжетімділікті кеңейтуге жіберілген.
Сондай-ақ, 5G дамуына бөлінген инвестицияларды да атап өткен жөн. Тек 5G радиожиілік жолақтарын беру жөніндегі аукционда 2022 жылдың соңында «Tele2» және «Altel» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС және «Ксеll» АҚ атындағы консорциум екі лот үшін 156 миллиард теңгеден астам қаражат төледі. Сонымен қатар, компанияларда тікелей 5G желісін таратуға 2027 жылға дейін 450 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл өте үлкен инвестиция. Айта кететіні, дәл осы 5G жобасын жүзеге асыру Қазақстанға мобильді интернеттің жылдамдығын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай байланысқа жұмсалатын шығыстар халық шығыстарының жалпы сомасының небәрі 3,3 пайызын құрайды. Оның үстіне, жыл өткен сайын бұл көрсеткіш өзгермей, шамамен бір деңгейде қалып отыр.
Сонымен, байланыс операторларының инвестициялар мен саланы дамытуға жұмсалатын шығындарының өсуіне қарамастан, мобильді интернеттің және тұтастай алғанда байланыстың бағалары жоғары емес және салынған инвестицияға шамалас өсіп жатқан жоқ. Нарықтық экономика тұрғысынан мұндай жағдай дұрыс емес деп саналады. Сонымен бірге байланыс пен интернеттің маңыздылығы басқа да коммуналдық ресурстардан кем түспейтінін ескерсек, бұл сегментте коммуналдық қызметтер саласында енгізілген «инвестиция орнына тариф» жүйесіне ұқсас тетікті қолдану әділ болар еді. Себебі, бұл сала күрделі салымдар мен қуаттылықтың өсуін қажет етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның географиялық болмысын да ескеру қажет. Елдің ауқымды ауданы, халық тығыздығының төмендігі, сондай-ақ ауыл тұрғындарының үлкен үлесі интернетпен қамту міндетін айтарлықтай қиындатады. Елдің барлық тұрғынын байланыспен қамтамасыз ету үшін Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азияның кішігірім елдеріне қарағанда анағұрлым көп базалық станция қажет. Күрделі рельеф, елді мекендердің қашықтығы және тиісті инфрақұрылымның (электр беру желілерінің, телекоммуникациялық трансмиссияның, жолдардың) болмауы да операторлардың шығындарын ұлғайтады. Жабдықтың, антенна-діңгек құрылысының және биіктікте монтаждау жұмыстарының құнын, сондай-ақ басқа да факторларды қосқанда, бір базалық станцияны орнату құны 110 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Дәл осы себептерге байланысты сектордағы инвестициялар соншалықты көлемді және соншалықты тез өсуде.
Айта кету керек, ТМД елдері арасында да интернет жылдамдығы ең жоғары ел – Қазақстан. Мобильді интернет жылдамдығын бақылап отыратын SpeedTest Global Index рейтингінде еліміз 64-ші орынды иеленген. Қырғызстан 74-ші орынға жайғасып, көршілес елдер арасында екінші орында тұр. Ал, үштікті Өзбекстан түйіндеп, 89-шы орынға тұрақтады. Ресей аталған рейтингте – 105-ші, Тәжікстан 143-ші орында. Рейтингті қалыптастырушы ұйымның дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы орташа интернет жылдамдығы 45,34 Мбит/секунд. Ал, Өзбекстандағы көрсеткіш 29,50 Мбит/секундты құрады. Сарапшылардың сөзінше, аймақ елдерінің цифрлық технологияны дамыту бойынша бірлесе қолға алған жобалары баршылық.
Орталық Азия халықаралық институтының жетекші ғылыми қызметкері Шавкат Алимбековтің айтуынша, Орталық Азия елдері бойынша цифрлық инфрақұрылымды жүзеге асыру аясында 80-нен астам жоба қолға алынған. Мәселен, Қазақстанда 30 жоба, Өзбекстанда 26 ірі жоба жасақталып жатыр. Қырғыз елі мен Тәжікстанда – 10. Ал Түркіменстан 8 заманауи жобаны дамыту үстінде.
Дейтұрғанмен тәптіштеп зерттей келе интернет пен ұялы байланыстың сапасына қатысты мәселе аз еместігіне көз жеткізіп отырмыз. Биыл алғашқы бес айдың өзінде азаматтардан 11 мыңға жуық шағым түскен. Былтыр бұл көрсеткіш 21 мыңнан асқан. Ауылдағы ағайынды айтпағанда ғаламтор игілігі кейде қалалықтарға да жетпей қалады. Алыс жолға шыққан жолаушы шаһар мен елді мекеннен алыстаса, интернет пен байланыстан ажырайды. Жазда Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қордаланған мәселені жедел шешуді және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуды тапсырған еді. Интернет жылдамдығын өлшейтін ғаламдық сервистің мәліметінше, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша сәуір айында 66-орында болған. Өңірлердегі ахуалға келсек, бүгінде 1 424 ауылда мобильді интернет жоқ. Ал, 3 684 елді мекенге оптикалық байланыс желісі тартылмаған. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, елді мекендердің бас жоспарлары мен нақты жоспарлау жобасында байланыс сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шара ретінде байланыс желілерінің тиісті инфрақұрылымы көзделген. «Барлық әкімдікке байланыс операторларымен бірлесіп байланыс құралдарын орналастыру үшін бас жоспарлар мен орынды нақты жоспарлау жобасына түзетулер енгізуді тапсыруын сұраймын. Келесі шара ретінде біздің еліміздегі базалық станциялардың радиосигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарау ұсынылады», – деген еді ол. Мұндай мәселе тек шалғай елді мекендерде ғана емес, қалаларда да бар. Былтыр елдегі интернет пен ұялы байланыстың сапасына қатысты азаматтардан 21 мың шағым түскен. Биыл алғашқы 5 айдың өзінде бұл көрсеткіш 11 мыңға жуықтап отыр. Сондай-ақ, шекарадағы өткізу пунктерінде байланыстың сапасы тұрақсыз. Байланыс операторлары тариф құнын жиі көтереді. Салдарынан нарықта бәсекелестік жоқ.
Олжас Бектенов бұл туралы:
«Тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс. Сондықтан байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екені белгілі. Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді», – деді.
Сапасыз интернет мектептердегі білім үрдісін де тежейді. Бірақ, қордаланған мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Starlink жайына тоқталайық. Биыл 2 мыңға жуық мектеп SpaceX компаниясының технологиясы арқылы осы спутниктік интернетке қосылады. Қазір 1485 білім ошағы оның игілігін көріп отыр. Салалық министрлік ауқымды 3 ірі жобаны да пысықтап жатыр. Соның бірі – Каспий теңізінің түбіне талшықты оптикалық байланыс желісін төсеу. Бұл мақсатта «Қазақтелеком» мен «Әзіртелеком» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құрылған. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, кем дегенде 32 оптикалық талшық салу жоспарлануда. Желінің максималды өткізу қабілеті секундына 400 терабайтқа дейін. Суасты талшықты оптикалық желінің мақсаты – біріншіден, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қатынаудың жаңа бағытын қалыптастыру, екіншіден, Қытай-Еуропа, Орталық Азия, Еуропа – Қазақстан халықаралық транзитіне арналған маршурт қалыптасады. Алдағы үш жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 010 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылады. Операторлардың күрделі шығындарының 50 пайызы субсидияланады. Нәтижесінде 2,4 миллион тұрғын сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Елімізде 5G байланысын іске қосу сәтті жүзеге асқанын атап өткен жөн. Қазір 20 қаладағы 3 миллионға жуық тұрғын жүйрік желінің игілігін көріп отыр. 1144 базалық станса орнатылған. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жалғасатын көрінеді.
Ал, Жамбыл облысында 53 мектеп Starlink спутниктік интернетіне қосылған болатын. Сегіз аудандағы шалғай жатқан ауыл мектептеріне қажетті құрылғылар орнатылып, интернет жылдамдығы секундына 150 мбитке жетті. Пилоттық жобаға бюджеттен 71 миллион теңге жұмсалды. Облыстағы 445 білім ошағының барлығы дерлік интернетке қосылған. Алайда, Шу ауданындағы 12, Мойынқұм ауданындағы 20 мектепте интернет жылдамдығы секундына 20 мегабиттен төмен. Бұл мәселені шешу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, облыс әкімдігі мен ұялы байланыс операторлары арасында үшжақты келісім жасалып, жол картасы әзірленді. «12 мектептің интернет жылдамдығын көтеру бойынша техникалық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Яғни, біздегі облыстағы алып операторлармен Қазақтелеком мен Транстелеком өздерінің техникалық мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Егер мүмкіндігі болмаған жағдайда, «радиолинейка» дейді, радиобайланыс жүйесі арқылы қарастырып береді, болмаса біз жаңа министрліктен Starlink жобасына қосуды сұрап отырмыз», – деген болатын білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- Бүгін, 03:24
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- Бүгін, 03:15
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді