Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ал, жасөспірімдер арасында жүктіліктің ең көп таралған кезеңі – 15-17 жас аралығы. Биологиялық тұрғыдан өсіп жетілмегендіктен бұл жаста ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70 пайызы жасанды түсік жасап, 15 пайызы түсік тастайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша әйелдердің жалпы саны 592 049 адамды немесе облыстың жалпы халқының 50,05 пайызын құрайды. Оның ішінде туу жасындағы әйелдер 261 830 немесе 44 пайыз шамасында. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жүкті әйелдер арасында 18 жасқа дейінгі босану саны 66-ға жеткен. Бұдан бөлек, дәл осы уақыт аралығында 113 жүкті жасөспірім есепте тұрған. Ал, психолог мамандар бұл мәселеде жанына дауа іздеп келгендердің басым көпшілігі алдап-арбаусыз, саналы түрде жүктілікке ұшырайтынын айтуда.
– Кез келген қыз бала ерте жүкті болып қалғанында әлі әйел болып қалыптасып үлгермегендіктен, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Жасөспірім қыз күнәсіне қысылып, әке-шешесінің, туған- туыстарының қас-қабағына қарап, жабырқап жасиды, қайғыға батады, қорланып қысылады. Елдің көзіне түсуден қашады, тасада тығылып өмір сүреді. Проблемамен күресудің ең үздік тәсілі – проблемадан сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтанудың тәсілдері туралы ата-анамен жиі әңгімелесу керек. Орталыққа мәселесімен келетін бойжеткендердің шағымдары да осы төңіректе өрбиді. Өкініштісі, олардың басым көпшілігі қателікке саналы түрде бой алдырған. Бұл көбінесе мектептен колледжге ауысып келген қыз балаларында орын алады. Келушілердің әңгімесінен ана мен қыздың арасындағы байланыстың жоқтығын жиі аңғарамыз. Бүгінде ата-ана өзінің тәрбиелік функциясын ұмытып барады. Жастар мұндайда эмоциональды күйге назар аударып, жар таңдауда материалдық құндылыққа баса мән береді. Осындай жауапсыздықтардан қателікке бой алдырады, – деді «Анаға тағзым» орталығының психолог маманы Аида Назымбекова.
Иә, бала қауіпсіздігі үшін қашанда ең алдымен ата-ана жауапты екендігін ұмытып, қаракөздерімізге қатер төнсе, бірінші ұстаздарға шүйлігетініміз жасырын емес. Мұндайда қазанды теңселтпей ұстаған үшаяқты ошақтай болған мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі бірлесіп жұмыс жасағанда ғана нәтиже беретінін естен шығармау керек. Ал, бүгінде бұл үштіктің соңғысында біршама мәселенің жүгі топтасқан. Облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы да бұл сөзімізді қуаттайды.
– Отбасындағы жасөспірімдер арасындағы психологиялық- эмоциялық атмосфераны бірлесіп қалыптастыру және отбасылық мәселелерді бірігіп шешу маңызды. Себебі, бүгінгі қоғам альфа ұрпақтың ерекшеліктеріне баса назар аударып, бала тәрбиесін күрделендіре түсті. Қазіргі жастар көбіне үлкеннің ақылын гегемония мен үстемдік деп түсініп, қабылдай бермейді. Мұндайда қазақы ұстаным мен принциптерімізге басымдық берген жөн. Себебі, ана мен қыздың арасындағы әңгіме бұл межеде нәзіктіктің шегіне жетеді. Сонымен бірге, ерте жүктілік мәселесі көтерілгенде екінші тарап – ер балалардың да жауапкершілігі болуы керектігін ұмытпауымыз керек. Сол себепті әкелер де «Балаға не үйрету керек?» деген сұраққа жауаптылықпен қарауы тиіс. Ол үшін отбасында әрбір әке әжесі мен анасының, қарындас мен әпкесінің мысалында өзге қыз баласының да біреу үшін қымбатты екендігін ертеден аңғартуы тиіс, – дейді облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.
Шынында, өзекті мәселенің шешімі түрлі тараптар мен тораптарға барып тіреледі. Өйткені, ерте жүктіліктің арғы жағында зорлық-зомбылық пен бала өлімі, ұлт саулығы секілді ұрпақ тағдырына қатысты сүйекті де салмақты сұрақтар бар. Осы тұста Оралхан Бөкейдің «Ардақ» әңгімесі ойға оралады. Қазақы күреңтөбел тіршілік кешкен отбасында ата-ана қателігінен жалғыз қызы дүние дидарының оң-солын танып үлгермей, періште күйінде күнәлі іске бой алдырады. Ал, сондағы қыз баласының «Тегі, қателік – өмір өрлеріндегі сүрініс үлкендерден басталады- ау деймін. Кейінгі ұрпақ сол ағалар ағаттығын не қайталайды, не жаңсақ істі сол қалпында үйренер. Қателіктер әсте өздігінен, әмбе төтеден пайда болып көрген емес», деген сөзі көпке ой салары анық. Бүгінгі қоғамда да қателік тосыннан пайда болған емес. Ал, оны кейінгі жұрт қайталамас үшін бәрін бүгіннен бастау керек...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді