Қараша кешінің түндігін түрген жоба авторы, ақын Арайлы Жақсылық өзінің «Құс жолындағы құштарлық» атты өлеңін оқып, көпшілікке алғысын білдірді. Ал, Абай колледжінің студенті Руслан Мустафаев өлеңсүйер қауымға ән арнап, ақындарды пианинода сүйемелдеп отырды.
– Әдебиетті жасайтын адамдар, оқиғалар мен қоғамдағы құбылыстар. «Авангард» дәл қазіргі уақытта жүрек соғысының екпінімен ғана осы деңгейде өтіп жатыр. Мұнда оқылар тұмса жырдың алдында пенде біткеннің бәрі тең. Бұл кешке келген әрбір мейман өткенін еске алар, бәлкім, болашаққа сапар шегер. Кештің негізгі мақсаты – оқырман қауымға эстетикалық ләззат сыйлау. Мәртебелі поэзияның қасиетін оқырманға сезіндіру, – деді Арайлы Серікқызы кештің алғы сөзінде.
Тараздағы тартымды кешке ару Алматыдан арнайы қонақ болып келген халықаралық және республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы Нұртас Тұрғанбек әдеби кеште өз шығармашылығынан жыр шашу арнады.
«Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!», – деген алматылық ақын жыр шумақтарымен адам жанының ішкі толғаныстарына тыныштықты тарту етті. Осыдан соң ақынның сөзіне жазылған Қанат Үмбетовтың орындауында көпке танылған «Мазаламайын» әні шырқалды.
Ал, жобаның алғашқы авторларының бірі, ақын Файзулла Төлтай Түркияның Денизли қаласынан арнайы сәлем жолдады.
– Тараз – біздің болмысымыз бен табиғатымызды қалыптастыруға үлкен ықпал еткен аяулы мекен. Бүгінде мұнда «Авангардтың» алтыншы мәрте өз жалғасын тапқанына қуаныштымын. Ақындар қозғалысының әуелден-ақ поэзияның оқылу кеңістігін ауыстыруға бағытталған өзіндік концепциясы мен мақсаты айшықталған болатын. Бұдан бөлек, әдеби жоба модерн мәтіндердің жазылуына ықпал етуді көздеген болатын. Проспер Мериме «Ғашықтық – бұл қолға үйретілмеген жабайы құс» деп атап өткендей, «қолға үйретілмеген», тілге төгіліп үлгермеген сезімдерімізді жаңа әдеби мәтіндерде, жаңа көзқараста дамыту «Авангардтың» басты мақсаты», – деген ол ақындар қозғалысының негізгі мақсаттары мен маңыздылығына мән беріп өтті.
Жыр кешінде Нұржан Әліш, Қуаныш Ауғанбаев, Данияр Әлімқұл, Әлімжан Шөңгербай, Нұрболат Сатымқұл, Бексұлтан Қоштаев, Ғайникен Маралтайқызы, Ғалия Абылай, Назерке Оңғар, Асылхан Бүрлібай, Серіжан Темірбек секілді жергілікті жас ақындар жаңа өлеңдерімен жүректерден жол тапты. Сондай-ақ, Людмила Мельник, Лора Губашева секілді қаламгерлер Пушкин тілінде өлең оқып, кешті көріктендірді. Ал, Жанболат Таласбай, Балауса Бисенова, Жақсылық Жандар, Асыл Лұқман, Орынбасар Саршаев пен «Сәт» триосының мүшесі болған Сапарбай Алтыбай және өзге де жастар әуезді ән шырқап, әдеби кешті мәденилендіре түсті. Бұдан өзге, кештің декоративтік детальдары да әдебиет ауанын аңғартып тұрды. Айнала ілінген оригамилер тақырып тынысын ашып, белгілі фотограф Алтынбек Қартабай мен оның шәкірттері Ислам Қамшыбек, Дастан Бағжандардың фотосуреттері Тараз тіршілігін айшықтай түсті.
Пушкин «Поэзия – әпенделеу болуы керек», – дейді. Ұлы өнердің құдіреті де сол – айсбергке айналған жүректерді жібітетіндігінде. Олай дейтініміз, жастардың жанары жалынды кеште ештеңені жасыра алмады. Содан болар, ағаларды ағаламай, ақ жағалыны жағаламай өткізген кешке әдебиетсүйер жанашыр жандар да өздігінен табылып жатты. Тараз қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығының басшысы Абзал Есіркепов, облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының басшысы Ерғали Әбуғали, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Еркін Әбдиев секілді азаматтар жаңашыл бастаманың басы-қасынан табылып, кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Ал, жас ақындардың жанашыры Эльмира Мырза-Ғали ізгі лебізін арнап, ақ жол тілесе, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық келесі «Авангардтың» өтуіне демеушілік жасауға ұсыныс білдірді. Осылайша, жамбылдық жастар мен аға буын өкілдері жарасымды тандем арқылы талайларға үлгі көрсетті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді