«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елі құрметтеген Есет ақын

Елі құрметтеген Есет ақын
Ашық дереккөз
Былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жамбылдық 24 қаламгердің кітабы Алматыдағы «Абай» баспасынан жарық көргені белгілі. Сол туындылардың қатарында әріптесіміз Есет Досалының «Өлең деп өмір сүремін» атты жыр жинағы да бар болатын. Аталған жыр жинақтың тұсауы жақында Талас аудандық орталық кітапханасында кесілді.

Іс-шарада аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің құттықтауын жеткізген орынбасары Айтолқын Әбдібекова: «Абай» баспасынан кітабы жарық көрген жамбылдық қаламгерлердің тоғызы таластық жерлестеріміз. Оның ішінде танымал ақын-журналист, айтыс сахнасына да сән берген жүйрігіміз, жеңімпаз шәкірттер тәрбиелеп жүрген ұстаз Есет Жаңабайұлының жөні бөлек. Жерлесімізге толағай табыс тілеймін», деп кеш иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Айтолқын Серікқызы құрметті қонақтармен бірге жаңа кітаптың тұсауын кесті.

Мұнан соң ардагер журналист, «Құрмет» орденінің иегері Ақылжан Мамыт, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров кеш иесінің жырлары, адал болмысы, ізгі қасиеттері жөнінде пікір білдіріп, әсерлі естеліктер айтты. Ақынның қыздары Маржан, Інжу Жаңабай кеш иесін құттықтады.

Ақынның шығармашылығы жайлы бейнероликтер көрсетілсе, белгілі ақын, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері Рафаэль Ниязбектің жары Гүлжан Мұхамадиеваның онлайн құттықтауы да кеш иесіне тосынсый болды.

Өлең кешінде аталған кітапхананың және Ақкөл ауылындағы Ақкөл және Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушылары ақынның ойлы да әсерлі өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, 4-сынып оқушысы Сезім Нұрланның кеш иесі жазған «Көктөбем» атты өлеңді шабыттана, шаттана оқығаны көпшіліктің назарын аударды. Ақынның кітаптарынан құралған кітап көрмесін кітапхана директорының орынбасары Лаура Бекбосынова таныстырды.

Іс-шара барысында ақын Есет Жаңабайұлы жерлестеріне ағынан жарылып алғысын айтып, әкесіне арналған «Ойлаппын» және «Көке, менімен ойнашы» атты өлеңдерін шабыттана оқыды. Қолына үкілі домбыра алып, жүрегінен жыр ақтаруды да ұмытпады. «Анам да, әкем де жоқ бұл жалғанда, Оған да бір сәт көңіл бөлгенсіңдер. Таластық ата-апалар аман болсын, Ендігі әке-шешем сендерсіңдер» дегені көпшіліктің көңілін толқытты.

Есет Досалы:

«Мен осы кезге дейін де бірнеше кітап жаздым. Бірақ, кітаптың тұсаукесерін тұңғыш рет өткізіп отырмын. Оны жерлестерімнің алдында кескеніме қуаныштымын. Мұндай қолдау маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Айтыстағы ұстазым Шорабек Айдаров, журналистикадағы ұстаздарым Әскербек Құйқабайұлы, Болат Бекжанов, Сәулембай Әбсадықұлы ағаларға құрметім шексіз», – деді.

Әріптесіміз жерлестерінің қолдауына қуанып, ерекше толқыды. Кештің жоғары деңгейде өтуіне аталған аудандық кітапхана директоры Шынар Жұмабекова, әдістемелік бөлім меңгерушісі Айгүл Книязқызы ерекше үлес қосты.

Жиналғандар кеш иесіне сұрақтар қойып, әсерлі әрі қызықты жауаптар алды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар