Қазіргі той: қадірі қашқан қарт, атасы өлген сөз, құндылығын таптаған ұрпақ...
- author «Ақ жол»
- 28 қараша, 2024
- 130
Қонақтар кешкі сағат 18:00-ге деп шақырылса да ырғалып-жырғалып той межелі уақыттан кем дегенде 1,5-2 сағат кешігіп, күнделікті күйбең тірліктен онсыз да жұқарып жүрген жүйкеңді тоздырып барып басталады. Осындай жайбасар тәртіп ертеректе ауылдарда өткізілетін тойларда болушы еді, енді ондай үрдіс қалаға да жат болмай қалды. Тіпті, оған етіміз де, бойымыз да үйрене бастады. Той басында сөз, жиынды ашу салтанаты той иесінің туыстығы жақын қарттарының біріне немесе аталас рудың үлкеніне ұсынылып, тілек айтылып, бата беріледі. Міндетті түрде әлгі тойды «ашық» деп жариялаған елағасының иығына шапан жабылып, басына бөрік немесе ұлттық қалпақ кигізіледі. Одан кейінгі сөйлеген бірнеше ақсақалдарға да шапан, ақжаулықты әжелерге камзол, орамал тиеді (Неге? Бұл қайдан келген дәстүр?). Содан кейін-ақ топтап-топтап, жұптап-жұптап, кезекпен кезек дәстүрлі сөз беру, тойға жиналған елді мезі ететін сылдыр, айта-айта буаз болған көпірме сөз, орынсыз бірімізді-біріміз өтірік болса да мақтап, қолпаштау, сан рет қайталанатын жаттанды тілек ащы ішектей созылып, 4-5 сағатқа созылады. Ал, бәзбіреулері микрофон қолына тигенде «Не айтамыз...» деп бастап, сонау ертеден есінде қалған естелігін 20-25 минут баяндап, жұртты шаршатады. Дыбыс күшейтетін аспаптар арқылы берілетін даңғыраған, шуылдаған музыка құлағыңның құрышын жеп, басыңды ауыртып, басыңа ауыр қорғасын құйғандай мең-зең етеді. Сөйтіп, қазіргі қала тұрғындары әнді концерт залдарынан емес, шампан мен шарапты сыздықтата сіміре, тістерін шимен шұқылай отырып тойханалардан тыңдайтын халге жетті. Жалаң төс, ашық бөкселі бишілердің өнерін де тойларда тоя жеген тамаққа кекіріп отырып тамашалайтын болдық. Оған не дейсің, мұны «қасқырына қарай – түлкісі, заманына қарай – күлкісі» демей ме данышпан халқымыз...
Барыңды да, нарыңды да сал соған,
Ата-бабаң осы тойды аңсаған.
Баласына бір той жасап бере алмай.
Бұл өмірден өтіп кетті қанша адам, –деп жүрегіңе мұң ұялатады белгілі ақын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған сазды қазақ әні. Осы әнді естіген сайын мен тағдыр маңдайына баласының той жасау күніне жетпей өмірден ерте үзіліп кеткендерді еске алып, көкірегім ашып, жүрегім үнсіз жылайды. Адамның өмірінде өкінішті сәттері кем болмайды емес пе. Соның бірі, менің пайымдауымша, баласының үйлену тойын өткізіп, немере сүю қуанышына жете алмай, арманда, шерменде кеткен ата-ана болар, сірә....
Ашылып расын айтсақ, той – қуаныш, той – көңіл мейрамы. Тойдың жақсы, көңілді өтуі той иесіне үлкен мерей. Сондықтан да ол басқа тойлардан көргенін жасап, әйтеуір ел көңілін табуға тырысып бағады. Ол заңды да. Қазақтың ежелгі ата салт-дәстүрі бойынша тойда міндетті түрде тойбастар болуы тиіс. Жиналған қауым алдында өнерлі қонақтар өз өнерін көрсетіп (ән айту, айтысу, жыр салу, күй тарту), жұртты бір желпіндіріп тастайтын болған. Біз тарихтан, әдеби кітаптардан кейінгі ұрпаққа мұра болып жеткен нешебір дүлділ ақындардың, жыршылардың озық шығармаларының бізге жеткеніне куәміз, олардың асыл сөздерін кейбіріміз жатқа айтамыз, ұлтымыздың ол өнерін орынды мақтаныш етеміз. Қазір сол дәстүр ұмыт қалды, тойларда тойбастар айтылмайды. «Тойбастардың дастарқаны» делініп, табаққа салынған, жылтыр қағазға оралған заттар барлық үстелдерге таратылады, ондағы заттар (көйлек, орамал, тарақ-айна, кәдесыйлар) ханталапайға түскендей, үстел басындағыларға таратылып беріледі. Сөйтіп, тойдан жоралғы ретінде «той табағы» қазіргі өткізіліп жүрген той атребутына айналды. Яғни, ата салтымыз, мақтан тұтар той дәстүрі көз алдымызда жоққа айналды. Әлі де ортамызда талай өнерлі азаматтар бар емес пе? Неге оларды құрметпен ортаға шақырып, өнерін тамашаламасқа, олардың арасынан ерекше көзге түскен өнер саңлақтарына тойбастар беріп, сый-құрмет көрсетпеске? Бірақ сол бір жүрекке жылы ата дәстүр жыл өткен сайын көмескеленіп барады. Өкінішті-ақ!
Жақсы асаба – тойдың көркі. Тойдың жинаңқы, тартымды, көңілді өтуі көбіне асабаның шеберлігіне, оның ұйымдастыру қабілетіне, өнеріне байланысты. Той көбейген мына заманда бұл асабалық кәсiпке сұраныс та мықты. Қазіргі асабалардың ішінен осы талаптарға сай азаматтардың іліп аларлары бірен-сараң. Әйтеуір екi ауыз сөздiң басын құрап, «әу» дейтiн қабiлетi барлар асаба болуға құштар-ақ. Несi қиын, шырттай боп киiнiп, мойныңа әсем галстук байлап, жиналған дүйiм жұртты аузыңа қаратып, 4-5 сағат әзiл-қалжың айтып, мол ақшаға кенелудiң бұл бiр жеңіл жолы емес пе. Танымал айтыскерлер, өнер адамдары, актерлердің көбiнiң қосымша кәсiбi де – осы асабалық. Олардың басым көпшілігі жергілікті театрдың актерлері, өнер мектептері мен колледж ұстаздары, тіпті кейбіреулерінің арнайы білімі де жоқ. Тойға келген халықты күлдiрiп, көңiлiн көтерiп, тыңдата бiлу де асқан өнердi қажет ететiнi даусыз емес пе. Асабалардың өзiндiк «ставкалары» бар екенi де айдай анық. Не дейсің, әйтеуір бірнәрсе етіп күн көрудің, бала-шағаларын асыраудың олар үшін бір жолы осы болар. Қазақтың тойы кезек-кезек сөз сөйлеу екенін жақсы ұққан олар, жиналған жұртты топтап-топтап, төрге шақырып сөз береді. Бірен-сараңы ғана сөз араларында өлең айтып, мысқылдар мен әзіл-анекдоттар айтып тойдың көңілді өтуіне өз үлестерін қосады. Ал, олардың басым көпшілігінің көпті үйіріп әкетуге қабілеті жетпейді, елді күлдіремін деп біреулердің көңіліне, тіпті намысына тиетін орынсыз әзіл-қалжың, қияңқы-қыршын әңгіме, ортаға шыққан біреудің табиғи кемістігін келемеж етіп, кекетіп (бойының тәпелділігін, аяғының қисықтығын, құлағының қалқаңдығын, басында шаш жоқтығын, тісінің кетіктігін), жарымжандығын айтып, қылжақпастыққа ерік береді, сөйтіп бәзбіреулердің көңілін жабырқатады. Кейбіреулері сөз сөйлеп тұрған кісінің қолында тұрған микрофонды қайта-қайта жұлып алып, жағы бір талмай, қысыр сөз қыстыруды өздеріне мәртебе санайды.
Көпшілікті күлдіреміз деген пиғылмен кейбір асабалар анда-санда әртүрлі ойын жүргізеді. Олары сырт көзге ерсі, кей асабалардың айтқан әзiлдерiн тыңдап, ойнатқан ойындарын (кезек-кезек әтеш болып қыт-қыттау, екі орталарына шарды тіреп билеу, белге жіппен байланған картоппен доп қуу) көргенде, ұяттан қысылғаннан кiрерге тесiк таппай қаласың.
Журналист Кәмшат Әбiлқызы өзі қатысқан бір тойды былайша суреттейді: «Бiрде тұсаукесер тойына барғанбыз, асаба ортаға үш жұпты шақырды. Қазақи психология ғой, үш әйел мен үш ердi ортаға шығару оңай болмады. Iшiнде бiр жеңгемiз өжеттеу екен, батыл басып сол ғана алға шықты. Асаба үш жеңгемiздiң белдерiне жiп байлап, оған салаңдатып тiзеден төмендеу етiп картоп байлады. Кiшiрек допты әлгi картоппен қақпақылдап, қарсы бетте тұрған ер адамдарға жеткiзу керек, қолмен ұстап немесе аяқпен тебуге тыйым салынады. Картоп пен доптың арасы қашықтау болғандықтан, ойыншыларға иiлуге тура келдi. Көруге ерсi қылық. Манағы батыл жеңешемiз ғана аяғын екi жаққа жiберiп, допты картоппен домалатып, қарсы бетте тұрған ағамызға апарды. Жұрт күлкiге қарық болды ендi. Бiрақ бiздiң менталитетiмiзге жат ойын екенi тағы рас. Кей апаларымыз беттерiн шымшып, терiс айналып жатса, қарттарымыз кеңк-кеңк күлiп, ұялғансып, төмен қарағандай болып отырды. «Тәйт! Мынау не сұмдық?!» деген бiреуi жоқ. Бiр залда жас та отыр, жасамыс та отыр. Бұрынғы заманның тойлары сияқты жастар бөлек отырса, бiр сәрi. Үстел бойынша ғана бөлектенiп отыр. Жат тәрбие, арсыз қылықты теледидардан ғана емес, кәдiмгi қазақы тойлардан да көрiп жатырмыз.
Асабалардың әр сөзi мәндi, дәмдi келгенi жақсы ғой. Бiр тойда асаба дастарқан басында отырған ағайыннан «осында отырғандардың арасында енелер бар ма?» деп сұрады. Отырғандардың алды 40-50-ге ендi келген едi, ешкiм қол көтере қоймады. Асабамыз да қайтпайды екен, «Онда кiм ене болады жақын арада?», – дедi. Ержеткен ұлы бар бiр апайымыз қуана қолын көтердi. Асаба «осы жеңгемiздiң құрметiне» деп бiр әзiл әңгiме бастады. «Баяғыда стоматолог жiгiт оқуын бiтiрiп, жұмысқа тұрыпты. Алғашқы пациентi де келедi. Он саусағы алтынға толы, малына киiнген қартаң әйел екен. Оны отырғызып қойып, қай тiсi екенiн сұрайды. Жiгiт әлгi кiсi көрсеткен тiстi жұлып алады. Әйел де орнынан тұрған бойы заулап ала жөнеледi, ақшасын да төлемейдi. «Қап, ақша көп төлейтiн шығар деп ойлаған алғашқы адамымның қашып кеткенiн көрмейсiң бе» деп қиналып тұрса, «крутой» машина мiнген, екi жағында екi қорғаушысы бар, қолында қаруы бар бiр жас жiгiт келiп: «Осында бiр қартаң әйелдiң тiсiн жұлған сенсiң бе?», – деп сұрайды. «Иә, менмiн» дегенi сол, «Бұрышқа тұр!» деп бұйырады. Бұрышқа тұрғызып қойып, тiнтiп шыққан соң, алдына 1000 долларды лақтырып кете бередi. Шошып кеткен жiгiт басында не iстерiн бiлмей дал болып, тез есiн жиған соң, әлгiнiң артынан қуып «сдачасын» берейiн десе, әлгi жiгiт: «Керегi жоқ! Жарайсың! Жаңағы менiң енем болатын. Сен оның тiсiн емес, тiлiн жұлып алыпсың!», – деп кете берiптi. Сол сияқты сiздiң де тiлiңiздi жұлатын келiнiңiз болсын! Қане, ортаға шығыңыз, сөз кезегi өзiңiзде» демесi бар ма? «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегендей, бәрiмiз бiртүрлi боп отырып қалдық. «Мен не деймiн, домбырам не дейдi» деген осындайға қарап айтылса керек», – деп ой түйеді.
Немесе елді күлдіремін деп асаба «Сiбiрдiң суығы, қарттардың қуығы жаман келедi» деп сыртқа бет алған қарттау кісіні сөзбен қағытып жатады. Осы тәрізді тұрпайы, құлаққа жат, тым ерсі әзіл-қалжың кімге керек? «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», – демей ме данышпан халқымыз. Қандай әзіл, мысқыл болмасын адамның көңіліне қаяу түсірмегені жөн.
Қазіргі тойлардың ағым-сценарийлері бір қалыптан шыққандай әсерде боласың. Тіпті кешегі, алдыңғы күнгі тойда билеген бишілер мұнда да билеп жүр, кешегі әнші бүгін де сол әнін шырқап тұр. Кешегі тамада осында ерні-ерніне тимей кешегі тойда айтқан қалжың сөздерін қайталап, «бұлбылдай сайрап» жүр. Кейбір тойлардан демалудың орнына ішпей-жемей шаршап қайтасың. Құлаққа қатты әсер ететін даңғыраған, ащы да шулы музыка, тамада мен тост сөйлеген адамдардың дауыстары, олардың мардымсыз, қуатсыз, шұбалаң сөздері басыңды мең-зең етеді. Оларды тыңдамау алғашқыда мүмкін емес. Үстел басындағы көрші кісілермен шүйіркелесіп әңгімелесу, ой-пікір бөлісуге әлгі құлақ тұндырар ащы «ойбайлаған» музыка бір сәт мұрша бермейді. Біраздан кейін залдағылар басы бар, аяғы жоқ «тосттардан» шаршап, кім, не айтып жатқанында жұмысы болмай, әркімнің «өз базары» араның ұясындай гу-гу етіп басталып кетеді.
Қазіргі қазақтардың тойлары көптен тапталған жол-сүрлеумен осылай өтіп жатыр. Оған бір жаңа леп, жаңа серпін, жаңалық енгізуге әзірше ешкімде құнт жоқ. Асабалар тойды өткізгендеріне, келісілген қаржыны қалталарына басқанына қуанса, той иесі тойдың болғанына «тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жұртты әйтеуір жинағанына мәз. Кейбір асабалар тойдың соңына жетпей-ақ «ащы судан» мөлшерсіз жұтыңқырап, әйтеуір елдің көңілін ауласам болды дегендей не болса соны айтып, елді күлдіремін деп сайқымазақтыққа ұрынып, той басқаруды уысынан шығарып алатынын да көріп жүрміз...
Ондай тойлардан көңілің жабырқап, алтын уақытыңның бос, тіпті зая кеткеніне ішің ашып, «әттең-ай» деп өкініп қайтасың. «Уақыттың босқа кеткеніне оны бағалайтын адам ғана қиналып, қынжылады», – деген екен немістің көрнекті азаматы Иоганн Гете. Біз неге осыны ойламаймыз?
Қазір ауылдағы атқамінерлер тойларын облыс орталығындағы белгілі тойханаларда өткізуді өздеріне дәреже санайды. Жердің шалғайлығына қарамай ту сонау түкпірдегі Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарындағы ауылдардан (қаладан 200-300 километр қашықтықтағы) тойларын Таразда өткізіп жатқандар бар. Тіпті базбір пысықтар мен «мықтылар» облыс орталығын қоя тұрып, ту сонау әсем қала Алматыда өткізуде. Оған еш таңғалмайтын болдық. Лайым, тойдан кем қылмасын!
Тоқшылықтың белгісі –
Той көбейді.
Тойға келген қызулы бой көбейді.
Не өнерің болса да ортаға сал:
Өлең айтқын,
Би биле,
Сөйле, мейлі.
Той көбейді бұл күнде, расында,
Той дегенде тасынбай тұрасың ба?
Шаттанасың, біреудің бір асылы,
Жатса егер қосылып бір асылға, –
деп жырлайды ақын ағамыз Абдрахман Асылбеков той туралы бір өлеңінде.
Расында, қазақта той көбейді. Ол, сірә, тоқшылықтан, баршылықтан болар. Тойды көп көрмелік. Бірақ, сол өтіп жатқан қазіргі тойлар қандай дәрежеде, қалай өтіп жатыр? Оған неге жаңалықтар, тіпті тойдың түрін өзгертуге үлес қоспаймыз? Қазіргі тойларды кім, қалай өткізіп жүр? Асабалардың мәдениеті, талғамдық сауаты, ой-өрісі, өнер шеберлігі қандай? Осы жағына көңіл бөліп, ой бөліскеніміз артық болмас, ағайын!
Той жиналған жұртты мезі ететін, тіпті шаршататын ұзын-сонар жиналысқа немесе күреңсіз, талғамсыз би алаңына, даңғыраған құлақ тұндырар, бас ауыртар музыка кешіне айналып кетпесінші...
«Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ», дейді ғой қазақ. Ұлтымыздың дәстүрлі тойы тым шектен шығып, даңғаза тойға айналмаса екен. Ол көпшіліктің есінде қалатындай мәнді, тартымды, ұлттық салт-дәстүр нақыштарына сәйкес, қызықты өткені кімге де болса тиімді емес пе? Бұл көпшілік болып ойланатын іс. Өнер театрларында асаба даярлайтын, олардың кәсіптік шеберлігін шыңдайтын қысқа мерзімді арнайы курстар ашып, той сценарийін мезгіл-мезгіл жаңартып отырған да артық емес-ау...
Көптен бері ойда жүрген тағы бір мәселе – жас келін босағаны аттап, жаңа отбасына келгенде «беташар» өткізу. Бұл ту сонау ерте атам заманнан келе жатқан қасиетті ұлттық дәстүрлердің бірі. Бірақ, кейбір асабалар осы беташарды жақсы бизнес көзіне айналдырып алды. Беташар үстінде қуанышқа, тойға жиналған адамдардан ақша молырақ түсіру мақсатымен асаба алдындағы орындыққа табақ қойып, оған мол ақша жинайтын болды. Көбірек ақша табу үшін асаба бұрыннан белгілі, ешкімді селт еткізбейтін құнарсыз, жаттанды мақтау-арнау өлең айтып (кейде ол 1 сағатқа дейін созылады), тойға жиналғандардың басым көпшілігінен біраз қаржы жинап алады. Қасындағы таныстарынан ұялғаннан әлгі аты аталған кісі ақшасын қалтасынан суырып, табаққа тастайды. Тойға жиналғандардың қалтасын қағу жөн бе?
Мен біреудің қалтасындағы ақшасын қорғағандай, бәзбіреудің әмиянына түскендей, пұлын санағандай болмайын. Бірақ осы бір салт бұрын қазақта бар ма еді? Оның үстіне онсыз да кешеуілдеп басталған тойдың біраз уақытын беташар алып, тойға жиналғандарды жалықтырып, ішін пыстырып, мезі етеді. Тіпті, сол беташарды той алдында ең жақындарыңның басын қосып, өз отбасымызда, үйде, аулада неге өткізбеске?
Үйлену тойының соңына таман ортаға арнайы әсем торт шығарып, оның үстiндегi шырақты екі жас үрлеп сөндiру осы кезде әдетке айналып кеттi. Біз сол сәтте мұсылман әлемінде бұл жаман ырым екенін еске ала бермейміз. Қазақ біреуге жақсы тілек айтқанда «Отың сөнбесін!» деп жатады емес пе. Ендеше жанған алауды, жалындаған отты жас отау иелері неге сөндіреді?! Кесілген тортты келіні атасының, енесінің аузына тықпалап жатады. Бұл да біз үшін тым ерсі көрініс. Қазақ келініне тән бұрынғы инабаттылық, ізеттілік, зиялылық, үлкенге деген құрмет бұлай көрініс таппау керек.
Тағы бір көңіл аударатын нәрсе – жас келіннің тойға киер киімі. Кеудесі мен арқасы тым ашық көйлек (декольте) киген жас келіннің талғамының жоқ екенін ұғасың. Қазақ келіні ешқашан кеудесін жарқыратып ашық-шашық, жартылай жалаңаштанып жүрмегені белгілі. Олары тым ерсі, тіпті, салт-дәстүрімізге еш жақындамайды. Тойда тек жастар емес қарт аталары мен енелері жүр емес пе.
Орыс дәстүрінен енген тағы бір ыңғайсыз қылық – жас келіннің теріс қарап тұрып, басынан асырып тұрмыс құрмаған жас қыздарға гүл лақтыруы. Кім гүлді бірінші қағып алса, сол ертең тұрмысқа шығады деп жорамалдайды. Тойға жиналған елдің ортасында әлгі гүлді қағып алған қыздың әке-шешесі, ағалары мен әпкелері жүруі әбден мүмкін ғой. Ендеше, әлгі қыз неге олардан қысылмайды, күйеуге шығуға асығып жүргені ме? Қазақи мәдениет, сыйластық, ұяңдық, әдеп неге ұмыт болып барады?
Соңғы жылдары сүндет тойларына, тілашарға пәленбай жұртты жинап, тойханада кең түрде атап өту етек алып келеді. Ата дәстүр ағымына сәйкес жас баланы бесікке салу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, мектеп табалдырығын аттағанына арнап тілашар жасау да керек шығар. Бірақ бұл жеке отбасының кезекті қызығы емес пе? Мейлі, сол қызық ортасында жақын туыстары, көптен араласып жүрген достары, сыйласымды көршілері болсын-ақ. Бірақ оның шеңберін тым кеңейтіп, ұлан-асыр той-даңғазаға айналдырудың қажеті бар ма? Ой таразысына салып, той мәселесін тереңнен зерделейікші, қадірлі оқырман!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Халық қарыз қамытынан қалай шығады?
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді