Жалпы, тәртіп сақшылары «мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар» жасайтынын алға тартады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті, жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбіне достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып шығады. Олар мұндай қылмыстық қадамға бұзақылық және пайдакүнем ниетпен барады.
Фейк фактілердің барлығы тіркеледі
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет- ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату яғни, бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі, – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Әлем елдерінің тәжірибесі қандай?
Бұл күнде әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы, әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті, 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттерде жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын қарастырып көрейік. Швеция 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау. Ал, Франция үкіметі 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді. Сондай-ақ, 2018 жылы бұл елде фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылданды. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі фейк ақпаратпен күресу үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.
Көршілес Өзбек елінде де Қылмыстық Кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Атап өтейік, президент Шавкат Мирзиёев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.
Сингапурда қабылданған жаңа заңда, ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді. Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жек көрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Ал, Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарын не материалдарына жарияламас бұрын, ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.
Ақпараттарды тексеру – аса маңызды
Фактчекинг – медиа саласындағы тренд сөздің бірі. Сондай-ақ, шетелдік медиа кеңістікте верификaция деген термин бар. Бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық сынды этикалық қағидалармен байланысты. Нақ осы екі терминнің айырмашылығын тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл ажыратып берді. «Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Саяси әдістері, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған құрал деуге болады. Сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Бұдан бөлек, қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелерге осы әдіс қолданылады», – деп түсіндірді Х.Тәжіқұл.
Ал, фактчекер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін атап өтті. «Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек қана адамдардың күнделікті тарататын фейк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қосылып жатыр. Мысалы, дипфейк деген секілді. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан, фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды. Тіпті, тұрмыстық өмірде егер пәтер жалға алсаңыз да, фактчекинг арқылы пәтер иесі жайлы бар деректі тексеріп алуға болады. Бұл – біздің өміріміздегі журналистиканың ең маңызды форматтарының бірі», – дейді маман.
Оның айтуынша, ақпаратты тексеру кез келген адамның қолынан келеді. Тек қажетті техникаларды үйренсе болғаны. «Фактчекингтің өзі төрт бөліктен тұрады. Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеру, шенеуніктердің уәдесін тексеру, мифтерді сейілту, бұл қоғамда қалыптасқан стереотиптердің, мифтердің рас- өтірігін анықтай отырып, күдіктен сейілту. Фактчекинг жасау кез келген адамның қолынан келеді, негізі форматы оңай. Бірақ өкінішке қарай, фактчекингте шыдамдылық, төзімділік керек. Егер бір ақпаратты таппасаңыз, оны іздей беруіңіз қажет. Мысалы, журналистік зерттеу сияқты форматтарда сіз астыртын алған ақпаратты немесе ашық әдістен өзге де ақпаратты қолдануға моральдық құқығыңыз бар, ал фактчекинг бұған мүмкіндік бермейді. Бірақ шын мәнінде, бұл өте жеңіл», – деді ол.
Мамандардың сөзінше, қоғам естіген әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын, қарапайым ғана ой-елегінен өткізіп, сыни ойлауға тырысуы қажет. «Жалған ақпараттың салдары туралы айтқанда, біріншіден, бұл азаматтардың экономикалық қауіпсіздігіне байланысты. Мысалы, әлдебір банкте депозитте ақша болса, ол банк жабылайын деп жатыр деген ақпарат тараса, сіз ақшаңызды түгел шешіп аласыз және депозиттегі үстеме ақыңыз да жойылады. Тіпті, банк банкротқа ұшырауы мүмкін. Екінші салдар, денсаулыққа қатысты. Коронавирус пандемиясы кезінде түрлі шөптермен, адыраспанмен, жемістермен емделуге болады деген ақпарат тарады. Соның салдарынан осындай жолмен емделемін деп бақилық болып кеткендер де болды. Жалған ақпарат тарату және қасақана ақпарат тарату деген баптар бар», – деп атап өтті Думан Смақов.
Ал, фактчекер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін атап өтті. «Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек қана адамдардың күнделікті тарататын фейк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қосылып жатыр. Мысалы, дипфейк деген секілді. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан, фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды.
Қорыта айтқанда, жалған ақпараттың жолын кесудің бірден бір жолы – жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының тез арада халықпен кері байланысқа шығуы. Егер ауданда, ауылда елді елең еткізген ақпараттар тарала қалса, жергілікті полиция бөлімі болсын, әкімдік болсын халыққа дер кезінде хабарлап, ресми ақпарат беріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана жалған ақпараттың жолы кесіледі. Таралған күннің өзінде халық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенеді де, ақпарат таратушының сөзі зая кетеді. Яғни, халыққа ашық әрі анық ақпарат беріп отырған абзал. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы негізде қалыптасса керек.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жол сапасына немқұрайлы қараған бірқатар басшылар анықталды
- 29 қараша, 2024
Нақты міндет жүктелді
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді