Ескі су қоймалары тапшылық мәселесін шешіп, тасқынға тосқын бола ма?
- author «Ақ жол»
- 28 қараша, 2024
- 183
«Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, дихандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет» деді Президент Жолдауында.
Қазіргі таңда егістік суару кезеңі аяқталып, ағын су өзен-көлдерге бұрынғы арнасымен қайта түсіп, су қоймаларына су жинау жұмыстары басталып кетті. «Қазсушар» РМК облыстық филиал директорының орынбасары Ғалия Зарубаеваның айтуынша, бүгінгі күні филиалы теңгерімінде барлығы 20 су шаруашылығы нысандары бар. Олардың 7-і су қоймасы, 2-і бөгет, 11-і су торап.
– Президентіміз алдыңғы Жолдауларында жалпы ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына тоқтала келіп: «Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» дей келіп, оның шешу жолдарын көрсетіп берді. Бүгінгі таңда Президент тапсырған су жеткізу мәселесін шешу мақсатында тиісті министрліктерге бұл саланы жетілдіру үшін бірнеше жылдық жоба әзірленуді тапсырды. Ал бізде бұл жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге 7 су қойманың 4-еуі қанағаттанарлық жағдайда, ал Бүркітті, Жартас және Ынталы су қоймаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бүркітті және Жартас су қоймалары бойынша бүгінде филиал тарапынан Ислам даму банкінің қаржысы есебінен іске асыру мақсатында, 2-кезеңдегі нысандар тізбесіне енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда, – дейді филиал директоры басшысының орынбасары.
Сонымен басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың барысында республикалық бюджеттен биыл су тасқынының алдын алу және нысандардың техникалық жағдайын жақсарту жұмыстарына 9 гидротехникалық құрылымға 299,4 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 95,7 миллион теңгеге Жиембет, Ойық, Талас, Темірбек су тораптары мен Қақпатас су қоймасында жұмыстар толығымен аяқталған. Қалған 4 нысандағы жұмыстарды жоспарға сәйкес осы жылдың 15 желтоқсанында аяқтау көзделген.
Сондай-ақ, биыл филиал теңгеріміндегі 7 нысанға көп факторлы зерделеу жұмыстарын жүргізуге 193,8 миллион теңге бөлініп, мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Зерделеу жұмыстарының аяқталу мерзімі жоспарға сәйкес осы жылдың 10 желтоқсанына қойылған. Бүгінгі күнге барлық су қоймалардың толуы 50 пайызды құраған. Тасөткел су қоймасындағы су көлемі 73 пайыздан асуына байланысты транзиттік режимге көшірілген. Басқа су қоймалардың көлемдері 70 пайыздан асқан жағдайда транзиттік режимге өтеді.
– Жалпы, Жамбыл облысы бойынша суару 10 әкімшілік аудан бойынша жүргізіледі. Оның ішінде Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм және Меркі аудандары ішкі су көздері есебінен ылғалдандырылады. Ал трансшекаралық көздер бойынша қалған 5 аудан Шу мен Таласқа тәуелді. Бұл Қордай, Шу өзені бойындағы Меркі ауданы және Талас өзені бойындағы Байзақ, Жамбыл және Талас аудандары. Аталған аудандарға сәйкес сумен қамтамасыз ету және су тапшылығы проблемалары болған жоқ, су өтінімдерге сәйкес толық көлемде берілді. Трансшекаралық су объектілерінен су беру мәселелері Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының отырысында қаралады, – дейді Ғалия Зарубаева.
Дегенмен, су саласында шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Мәселен, бүгінгі күні сақтық жағдайлары жан-жақты қарастырылып, апатты жағдайдағы су бұру картасы әзірленген. Мәселен, Талас өзені арқылы секундына 100-150 текше метр су тасталған жағдайда елді мекендерді су басудан сақтау үшін «Қазсушар» РМК облыстық филиалы «Талас» су торабынан бастау алатын «Сол жағалау айналма» каналы арқылы бассейнаралық «Талас-Аса» каналымен секундына 8 текше метр су көлемін Аса өзеніне және Талас ауданы «Жиембет» су торабынан төмен орналасқан бассейнаралық «Бөрібай» каналы арқылы секундына 3 текше метр су көлемін Аса өзеніне тастау жұмыстарын атқаратын болады. Ал, Тасөткел су қоймасындағы судың көлемі 73 пайызға жетуіне байланысты транзиттік режимде Шу өзені арнасымен секундына 110 текше метр су тасталуда.
Жауын-шашын мөлшері көбейген жағдайда қойманың көлемін тұрақтандыру мақсатында өзен арқылы су тасталынатын судың көлемі секундына 140 текше метрге дейін ұлғаюы күтілуде. Сондықтан Шу және Мойынқұм ауданының елді мекендеріне қауіп төнуі мүмкін. Шу өзеніне көп су келген жағдайда Шу ауданында орналасқан «ТМК» арнасы арқылы секундына 5 текше метр және ЛМК арнасы арқылы секундына 5 текше метр су қабылдай алады. Алайда, қабылданған су шаруалармен келісіліп егіс алқаптарына жеткізілуі қажет. Сондай-ақ, алдағы жылы өңірде су тасқынының алдын алу мақсатында инертті материалдарға қаржы қарастырылған. Барлық инертті материалдар қаңтар айында мемлекеттік сатып алу порталына жүктеліп, жоспарға сәйкес алынады.
– Өңірде су қоймаларын жөндеу бойынша тиісті шаралар қолға алынған. Мәселен, 2025 жылы Ислам даму банкі есебінен 2 су қоймасын қайта жаңарту және 3 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда конкурстық іс-шараларды өткізу үшін құжаттарды жинақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы жылы Ислам даму банкі есебінен жалпы ұзындығы 407 километрді құрайтын, 5 аудан аумағында орналасқан 76 суару каналын қайта жаңарту жоспарлануда. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы жасалған шарттарға сәйкес суармалы су беру бойынша қызмет көрсетеді. 2024 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 90,1 мың гектар суармалы алқапқа 3836 шарт жасалды. Ағымдағы жылы 1 қазандағы жағдай бойынша 90,1 мың гектар жер суарылды, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру көлемі 533,3 миллион текшеметрді құрады. Су ресурстары қорларының жаппай азаю үрдісін ескере отырып, жыл сайын вегетация басталар алдында, Жамбыл филиалы шаруалар арасында су тапшылығы және су үнемдеу технологияларын қолдану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ұсыным хаттарды жібереді, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиал директорының орынбасары Ғалия Зарубаева.
Биыл ауа райы шаруаларға қолайлы, ағын судан тапшылық көрмегенін шаруа қожалық жетекшілері де айтуда.
«Шынын айту керек, ауа райы диқан қауымына өте қолайлы болды. Су да дәл керек кезінде жеткізілді. Өнім биыл барлық дақылдан жоғары. Қызылшадан да жақсы өнім алынды. Біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз – жер асты суын пайдалану. Оны жаңбырлатып, тамшылатып суару жүйесіне қосу. Сөйтіп, ағын судан бас тарту. Өйткені, Қырғыз еліне тәуелділіктен осылай, жер асты суын пайдалану арқылы ғана шыға аламыз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттің қолдауы керек», – дейді шаруа Саха Манатов.
Жалпы, осыдан бір-екі жыл бұрын Байзақ ауданында Талас өзені бойындағы Ақмола су қоймасын салу жоспарланған. Бұл нысан әлі салынған жоқ. Ол Талас ауданы мен Байзақ ауданының шекарасында орналасқан. Бірақ, Үкіметтің бақылауында тұрған нысан болғандықтан оған тиісті жобалық- сметалық құжаттамасы жасалып, республикалық бюджетке өтінім берілген болатын. Талас өзені бойындағы бұл ара су қоймасына лайықты арна. Оның аумағы 258 гектар алқапты алып жатыр. Судың сыйымдылығы 12 миллион текшеметрді құрайды. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. Егер жоба іске асса, Талас ауданындағы 6,5 мың гектар алқапқа су жеткелі тұр.
Қорыта айтқанда, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Облыстағы су шаруашылығы нысандары әбден тозығы жеткен. Осы жағдайды ескере келіп Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қойма салынады деп айтқан болатын. Соның ішінде Қырғыз Республикасынан суармалы суға деген тәуелділікті жою үшін Жамбыл облысында 3 жаңа су қойма салу жоспарланған. Дегенмен, бұл жобалар жоба күйінде қалып қоймай жүзеге асырылады деген сенімдеміз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді