Шығыстық дүниетанымда шырағдандар ілім мен білімнің символикасына баланып, ақиқат жолды нұсқаушы элемент ретінде кеңінен танылған. Мұны әйгілі «Мың бір түн» хикаяларынан, араб халықтарының ертегілерінен көптеп кездестіруге болады. Ислам дінінің орнығуымен қалыптасқан қолөнер стилі арқылы жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне дендеп енген бұйымның ежелгі қала орнынан табылған қола және қыштан жас алған түрлері бүгінгі күнге жеткен. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған мұндай жәдігерлердің пішіні, өрнектері әртүрлі болып келеді. Сол дәуірдегі авторлар қолтаңбасына зер салып, қолөнершілер қандай да бір бұйымды жасау үшін оған өзіндік болмысын, табиғатын ерекшелеп беруге тырысқанын байқауға болады.
– Солардың ішінде ең құнды, ерекше шырақтар туралы айтсақ. Алғашқысы, киіз үй пішінді шырағдан 1964 жылы ежелгі Тараз қаласынан, бұрынғы көк базардың орнынан табылған. ІХ-Х ғасырларға жататын шырағданда киіз үйдің барлық белгілері: тұрпаты, есігі, ораған жібі, түтін шығаратын те сігі де жасалған. Күйдірілген саздан жасалған бұл шырақ, қала тұрғындарының өз отауының отын сақтауға негізделген діни белгі болып есептеледі. Бұл қатарда аспалы сегіз тұмсықты пілтелі шам да өзіндік ерекшелігімен көңіл аудартады. ХІV ғасырға жататын дөңгелек пішінді бұл жәдігер жасыл және ақ түспен боялған. Негізгі орталық бөлігінен ілу үшін тесік жасалған және өрнектелген қола ілмегі бар. Айта кету керек, кішігірім шырақтар тұрмыста, жарықтандыруға жиі қолданылған. ІХ-ХІІ ғасырларға жататын музей қорындағы мұндай шырағдандар әр жерлерден, мәселен төменгі Барысхан қалашығының қазба жұмысы кезінде, бұрынғы көк базар аймағында, аудандарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Ортағасырдағы қыш шырақтар тәртіп бойынша бір түсті сырмен: жасыл, сары, қоңыр, қызыл түсте көмкерілген. Сондай-ақ, Х-ХІІІ ғасырларға жататын төрт немесе бес пілтелі қола шырақтар да сол маңнан табылған. Бұл шырақтар аңдық стильде жасалған, тұтқалары аңның құйрығы, табандары аңның тұяқтарын еске түсіреді. Өрнектері өте нәзік жасалған, жұқа ойылған. Ал, тұғырлы қола шырақтар діни салттар мен тұрмыста қолданылған. Олар бірнеше бөліктен тұрады. Барлық бөлігі безендіріліп, өрнектермен, араб әріптерімен жазылған жазулары діни және мейірбандық сипаттармен әшекейленген. Биіктігі 1 метрге дейінгі шырақтар сарайларға, зәулім үйлерге, мешіттерге көрік беріп тұрғандығы сөзсіз. Бұл бұйымдардың қолданылған мерзімі ХІ-ХІІІ ғасырлардың басына тұспа-тұс келеді. Шырақтар әлемі алуан түрлі, оның пішінінен, өрнегі мен әшекей мәнерінен, көркемдік талғамның дамуы мен діни түсініктің бейнесін, жергілікті және сырттан әкелінгенін, тарихтың әртүрлі кезеңдерінде халықтар мен мәдениеттің байланысын, үлгілерін көруге болады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.
Маманның айтуынша, орта ғасырларға дейін саз балшықтан жасалып келген шырағдандар уақыт өте қоладан жасала бастаған.
Табаны тегіс болып келген бұл шырағдандарда оттың ұзақ уақыт бойы жануының салдарынан тұмсық ұштарында қара ыстың ізі сақталған. Тұмсықтарының екі қапталы және тұмсықтарының арасы орта тұсқа дейін сыртқа шығыңқы етіліп пішімделген және сызықтар түсірілген. Жоғарғы бөлігіндегі арнайы жасалынған қақпақ арқылы шырағданның ішіне ауа кіріп, тұмсықтары арқылы сыртқа шығуын қамтамасыз ету мақсатында қақпақтың жоғарғы бөлігіне бірнеше тесіктер жасалынған. Қақпақтағы тесіктер арқылы шырағдан ішінде ауа айналымы жақсарып, оттың біркелкі жанып тұруын қамтамасыз еткен.
Жалпы айтқанда, Х-ХІІІ ғасырларда жас а лған қола шырағдандарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдаланған. Себебі, жасалу техникасына қарай бағасы да қымбат болған деген болжам бар. Сондай-ақ, тұғырлы қола шырақтар діни салттар мен күнделікті тұрмыста қолданылған. Мәселен, кейбір шырақтардың биіктігі бір метрге дейін жетеді. Аталған шырақт ардың барлық бөліктері безендіріліп, өрнектермен және араб әріптерімен әшекейленген. Бұл дүниелер сол дәуірлерде өңірде сәулет өнерімен қатар, жазу мәдениетінің де қалыптасқанын айшықтай түседі.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Өтпелі кезеңдегі дағдарысты ырықтандыру қалай өтті?
- Бүгін, 11:36
Тарих тұнығынан бастау алған құнды құбыр
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді