– Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет, – деді Президент.
Дәл қазір көптеген ақпарат құралдарында есірткі сатушылардың құрықталғаны жөнінде мәліметтерді көптеп кездестіруге болады. Қала берді түрлі әлеуметтік желілерде есірткіні қойып кетушілердің бейнежазбасы да кең таралуда. Жалпы, жауапты органдар есірткімен күресте қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Ал, саладағы кемшін тұстарды толықтыру үшін не істеу керек? Ел-жұртты есінен тандыратын есірткінің зияны мен зардабы жөнінде жан-жақты баяндауды жөн көрдік.
Ел Президенті есірткі және зорлық-зомбылық пен жемқорлыққа қарсы күресті тоқтатпауды, заңды қатаңдатуды, заң шығарушы органдар мен қылмысқа қарсы күресетін органдарға қатаң талап қойғанын жаздық. Алайда, бір басын шапсаң екінші басы сумаң етіп шыға келетін улы жәндік секілді есірткі әл күнге дейін біржола жойылып кеткен жоқ. Адам баласының санасын улайтын өнімді сатушылар мен таратушылар, оған тәуелділер жең ұшынан жалғасып жатыр. Осы себепті, шекара таңдамайтын бұл кесапаттың тамырын түбірімен қопарып тастау да мүмкін емес.
Мәселен, өткен жылы 40-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталса, осы жылдың қаңтар айында төрт жасөспірім нақ осы санаттағы қылмысы үшін жауапқа тартылды. Ал, жыл басында полицейлер мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасының жолын кесті. Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде 4,8 килограмм мефедрон салынған 16 полиэтилен пакет, электронды таразы және 500 дана zip-пакет тәркіленген. Осыдан-ақ, аса қауіпті қоғамдық індеттің, әсіресе жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқанын анық аңғаруға болады.
Жамбылдық тәртіп сақшылары «Қарасора–2024» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында өңірдің географиялық ерекшелігіне баса назар аударғандарын айтады. Жалпы, аталған іс-шара заңсыз айналымға түсетін есірткі көлемін азайту мақсатында жыл сайын өткізіледі және бұл шараның тиімділігі байқалып келеді. Айталық, осы жылы шара барысында 28 жедел мобильдік топ құрылып, өңірлік полиция департаментінің 100-ден аса қызметкері жұмылдырылған. Бұдан бөлек, 8 қызметтік-іздестіру иті бар, 5 жылжымалы мобильдік бекет жұмыс жүргізген. Сонымен қатар, іс-шараға Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», Ұлттық Ұланның «Бүркіт» күш-құралдары мен Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшатын аппараттары тартылған. Нәтижесінде Шу алқабынан қарасора тасымалданатын 6 арнаның жолы кесілген. Ал, өзге облыстардың полиция департаменттерімен бірлесе отырып, Шу алқабынан Астана және Ақтау қалаларына 80 килограмнан астам марихуана және 4 килограмм гашиш тасымалдайтын каналға тосқауыл қойылған. Сондай-ақ, полицейлер Алматы қаласынан облысымызға «синтетика» тасымалдайтын 2 ірі арнаны жауып, 2 килограмнан астам «синтетика» есірткісін тәркілеген.
– Барлығы 203 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде, 12 контрабанда және 12 есірткі өсімдігін өсіру дерегі бар. Заңсыз айналымнан 5,8 тоннадан астам әртүрлі есірткі құралдары, соның ішінде 2 килограмнан астам синтетикалық заттар, 5 килограмм 4 миллиграмм героин тәркіленді. Сондай-ақ, мың тоннадан астам жабайы өскен қарасора жерді жырту, шабу және өртеу арқылы жойылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 780 тоннаға көбірек. Жедел мәліметтерге сәйкес, қара нарықта 1 килограмм марихуананың бағасы 70 мың теңгені құрайды, – дейді облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
Иә, құзырлы органдар тарапынан «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» өрісі кеңейе түскен осынау кеселдің көзін жою мақсатында ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл ретте есірткі бизнесімен күрес – алдын алу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, дилермен байланысу ресурстарын көрсететін қабырғалардағы граффити жазбаларды жою сынды бірнеше бағытта жүргізілуде. Бұған дейін ұйымдастырылған бас-аяғы 848 профилактикалық іс-шараға 24 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысыпты. Ал, «NarcoShekteu» телеграмм-боты арқылы полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткілерді сақтау орындары, граффити жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалар мен сұраныстар жөніндегі мәліметтері жинақталады. Осы жылдың 10 айында «NarcoShekteu» ботына 2 047 сұраныс түссе, 289 граффити жарнамасы бойынша барлық жазбалар жойылған екен.
Қорыта айтқанда, бүтіндей мемлекетті күйретіп, адамзат баласын аздыратын бұл қылмыспен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Иә, бұл күнде құзырлы органдар тарапынан шырмауықтай бір-бірімен шырматылған есірткі тасымалдаушыларға қатысты шекаралық бекеттерде қырағылық күшейтілді. Алайда, қулығына құрық бойламайтын әккі қылмыскерлер есірткі тасымалдауда небір әдіс-айлаларды ойлап табатыны айдан анық. Әсіресе, арамниеттілер өз құрықтарына жасөспірімдерді түсіру үшін барын салатыны белгілі. Бұл ретте бала тәрбиелеп отырған ата-аналар есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын білуі тиіс.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді