Қазіргі уақытта-ақ ауылдық аймақтар түгілі үлкен қалалардағы ірі дәріхана желілерінің өзінде бірнеше дәрілер таптырмайтыны байқалған. ЕАЭО талабының салдарынан келесі жылы елдегі әрбір он дәрінің тек біреуі ғана қалуы мүмкін дейді сарапшылар.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенатқа жазған хатында осы проблеманы қозғаған.
Еуразиялық одақ құрылғанға дейін Қазақстан өзінде тіркелген кез келген дәріні шетелден емін-еркін әкеле беретін. Одақ құрылғаннан кейін Мәскеу ЕАЭО құрамына кіретін елдердің бұл саласын да қатаң бақылауына алуға күш салған. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің» 20-бабында талап етілгендей, бұдан былай Қазақстан төл ұлттық заңнамасына сәйкес берілген тіркеу куәліктерін тегіс ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруі тиіс. Олай етпейінше Қазақстан аумағында дәрілік заттарға ұлттық заңнамасымен берілген тіркеу куәліктері жарамсыз болып қалады. Фармацевтика саласы мамандарының айтуынша, егер Қазақстан қысқа мерзімде тіркеу куәліктерін толығымен ЕАЭО талаптарына сәйкестендірмесе, халқымыз дәрісіз қалуы әбден мүмкін.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО құқығына сәйкес келтіруді талап ететін 6 926 дәрілік заттар тіркелген. Алайда, 2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша соның ішінде ЕАЭО қағидаларына сәйкес келтіруге небәрі 736 дәрілік зат немесе 16,4 пайызы ұсынылды. Қазақстанда одақтың «Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидалары» бойынша тіркелген дәрілік препараттар өте аз. Осыны ескере отырып, 2023 жылғы қарашадан бері Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алаңында қазақстандық тараптың бастамасы бойынша келісімде көзделген өтпелі кезең мерзімдерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде. Алайда, қазақстандық тараптың келісімді түзету жөніндегі ұсынысын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қолдамады. Тараптар қабылданған халықаралық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындау қажеттілігін білдірді, – деді вице-премьер С.Жұманғарин.
Елімізде кейінгі жылдары дәрілік препараттардың күрт азайып кеткені анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижелері көрсеткендей, республикада бұрын тіркелген 6 926 дәрілік заттың ішінен бүгінде нарығымызда тек 4 476 дәрілік зат қана айналымда қалыпты.
Соңғы 3 жылда тіркелген дәрілік заттардың ішінен Қазақстанға жыл сайын 2 450-ге жуық аталымы енді әкелінбейді. Сонда нарықтық айналымда қалғанының арасында 1 019 дәрілік зат отандық, тағы 3 457 дәрілік зат шетелдік өнім. Одақ талабының кесірінен қазақстандықтар шетелдік түгілі, қазақстандық дәрі-дәрмектердің басым көпшілігінен айырылып қалуы мүмкін.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Аса қауіпті АИТВ азайып келеді
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді