Бүгінде басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде жалпы көлемі 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 су қоймасы мен бөгеттер бар. Басқарма басшысының айтуынша, мекемеге қарасты су нысандарын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Мәселен, өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 53,675 миллион теңгеге Байзақ ауданындағы Воинское, Меркі ауданынан Аспара-1, Маханды, Ақермен-1 және Талас ауданынан Жәдік, Ойық, Қарашат, Қазақбай, Бөлекқызыл су қоймалары жөнделген. Ал, биыл 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып, бүгінде барлық су қоймасында жұмыстар толығымен аяқталған.
– Сонымен қатар, биыл мекемеге қарасты 10 су қоймасына, атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы Сұлукөл, Жуалы ауданындағы Береке, Байзақ ауданында Қарабақыр, Ақкүмбез, Шу ауданында Бұланбай, Т.Рысқұлов ауданында Шілік, Меркідегі Ленин жол, Талас ауданында Тамды, Алтынкөл, Қордайда Ешкілі-Қордай су қоймаларына көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 53,055 миллион теңге қарастырылған бұл жұмыстар «КазГипроВодХоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен 90 пайызға орындалды. Аталған су қоймаларына көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қорытындысына сәйкес жұмыстар жалғасатын болады. Бұдан бөлек, облыстағы 5 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 30 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта сметалық құжаттар сараптама қорытындысымен әзірленуде. Жалпы, келер жылы мекемеге қарасты 12 су қоймасын жөндеу, 7 су қоймаға құлақтандыру жүйелерін орнату және 113 су қоймаға су өлшеуіш рейкаларын орнату жоспарлануда, – деді Олжас Баққараев.
Басқарма басшының сөзінше, облыста 2026 жылға дейін жаңа 12 су қоймасының құрылысын жүргізу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Атап айтқанда, Сарысу ауданында орналасқан «Ынталы» су қоймасын қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2022 жылдан бастап 202 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары 21 пайыз орындалған. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жобаға түзетулер енгізу бойынша нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Шу ауданында орналасқан «Тасөткел» су қоймасының құрылыс жұмыстары 99 пайызға орындалып, нысанды қабылдап алу бойынша жұмыстар іске асуда. Сонымен қатар, республикалық меншіктегі «Теріс-Ащыбұлақ» және «Қарақоңыз» су қоймаларын қайта жаңғыртуға жұмыс жобалары әзірленуде. Одан бөлек, 2022 жылдан бастап Меркі ауданында көлемі 1,9 миллион м3-ты құрайтын жаңа «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалды. Ал, Талас ауданындағы «Ақмола», Қордай ауданындағы «Ырғайты» және «Қалғұты» су қоймаларының құрылысына Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бүгінде «Ақмола» су қоймасының сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын бастау 2025 жылы жоспарлануда. «Ырғайты» және «Қалғұты» су қоймаларының жобалық-сметалық құжаттамалары сараптама қарауында, – деді Олжас Елебекұлы.
Қалған кіші 6 су қоймалары бойынша аудан әкімдіктері жұмыс жобаларын әзірлеуде екен. Басқарма басшысы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын суармалы сумен қамту мәселесін шешу мақсатында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен облыстың 6 ауданында су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша 2 жоба жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Өтпелі кезеңдегі дағдарысты ырықтандыру қалай өтті?
- Бүгін, 11:36
Тарих тұнығынан бастау алған құнды құбыр
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді