Ата-бабаларымыз қола мен мыстан жез жасап, темірден түйін түйген, ағаштан ою ойған. Небір ісмерлер өткен. Өркениеттің өркешіне жармасып, адамзатқа тиесілі бұйымдардың бәрін жасаған. Оған ауданымыздың территориясындағы ескі қорымдар, қалашықтардың орны дәлел.
Өкінішке қарай, сол тарихымызды тәпсірлеп, бүгінгі ұрпақтың құлағына сіңіретін, ұлтын сүйетін өлкетанушылар аз. Тарих пәнінің ұстаздары да кітаптан оқыған, кеңес өкіметінде жазылған оқулықтарды оқытумен шектеліп жүр. Өз беттерінше ізденіп, ғылымға бет бұрғандары шамалы.
Бірақ, ел ішінде туған жерін, елін сүйетін, сол үшін жаны күйетін азаматтардың бары қуантады. Солардың бірі – өзі физика пәнінің мұғалімі болса да, туған халқының тарихын зерттеп, зерделеп жүретін азамат, Қарой ауылының тұрғыны Қуатбек Жолмұхамбетұлы. Жақында оның «Қаройым – асыл мекенім» атты қолжазбасы қолыма тиді. Туған өлкесінің тау-қыры, сай-саласы, өзен-көлі, өсімдігі оған етене таныс. Туған өлкесін сүюдің үрдіс-үлгісін содан көріп, сүйсіндім. Шын мәнінде көп адамдар мәнісін айыра алмай жүретін патриоттық құштарлық бойында тулап жатыр. Бүгіндері алты ұл-қыздан он алты немере сүйіп, жан-жары Зейнекүл Қалыбаева екеуі туған жерден табан аудармай, бақытты ғұмыр кешуде.
«Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді», – дейді халқымыз. Оның ұл-қыздары да тәрбиелі. Қолындағы ұлы Ербол Қуатбекұлы әке жолын қуып, туған өлкесін зерттеп, зерделеп жүрген, өлкетанушы, археолог. Жұбайы Жанна Оспанова – көпбалалы ана, алтын алқа иегері.
Ербол мектепті бітірген соң, ауылда қалып, шаруа қожалығын ашты. Мал өсірді, егін екті. Қарап жүрмей, қалт еткен кезде туған жерінің қатпар-қатпар тастарындағы петроглифтерді зерттеп, ескі оба-қорымдардағы ежелгі жәдігерлерді тауып, оны жинақтап, үйінен жеке мұражай ашыпты. Жәдігерлердің ішінде алғашқы қауымдастықта өмір сүрген адамдардың тастан жасаған құрал-жабдықтары, қола дәуіріндегі мүсіндер, орта ғасыр дәуірлеріндегі құмыралар, құмандар, түрлі әшекейлі бұйымдар, тіпті 1896 жылы шыққан Тула самаурынының бірнеше түрі, сақина-білезіктерінің топтамалары жинақталған. Оның әрқайсысын археологтарша аршып, тазалап, музейіне көрнекті етіп қойған.
Ербол құнды жәдігерлерді ауылдағы Бірлесу орта мектебіне өткізіп, мұражай ашуға ниеттенген екен. Бірақ, мектеп басшылығы оның бұл ниетін құп көрмеген.
– Ербол Қуатбекұлының еңбегіне алғысымыз шексіз. Болашақты бағамдау үшін өткен тарихымызға үңілу, нағыз азаматтық тірлік. Біздің ата-бабаларымыздың қолынан шыққан әр зат біз үшін теберік болуы тиіс. Сондықтан, Ерболдың жәдігерлерін Талас тарихи-өлкетану мұражайына өткізіп, арнайы бұрыш жасағанды жөн деп ойлаймын, – дейді Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәуренбеков.
Қ.Дәуренбековтің бұл ұсынысы құптарлық. Ендеше, мұражай қызметкерлері Ерболмен жолығысып, құнды жәдігерлерді мұражайға алдырып, мемлекеттің қорғауына тапсырғаны жөн дер едім.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның үздік өлкетанушысы.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Өтпелі кезеңдегі дағдарысты ырықтандыру қалай өтті?
- Бүгін, 11:36
Тарих тұнығынан бастау алған құнды құбыр
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді